Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бауыржанның батырлығы

Бауыржанның батырлығы

Фото: adebiportal.kz
Бір ғасырда бір туатын қазақтың қайсар ұлы батыр Бауыржан Момышұлының ерлігі көпке үлгі
.
Ұлы Отан соғысы қызу жүріп жатқан тұста неміс дивизиялары екпіндеп Москваға кіруге небәрі 24 шақырым жерге жақындап қалады. Батальон командирі Бауыржан Момышұлы басқаратын батальон Волокола мен тас жолын қорғау үстінде еді. Өзге Кеңес әскерлері көздері алақ-жұлақ етіп, қолдарындағы винтовка, автоматтарын да тастай сала немістерден шегініп, топ-топ болып қашып, өкшелеп қуып келе жатқандар жолындағының бәрін қырып келетінін айтады. Баукең өз солдаттарын бақыласа, естіген сөздерінен жасып қалыпты. Аға лейтенант дереу жау жаққа барлаушылар жіберіп, ұтқыр тактиканы пайдаланып, 20-30 шақырым жерде немістер орналасқан үш станцияға бір уақытта шабуыл жасап, оларды жусатып тастайды. Осыдан кейін барып, әскерлер рухтана түседі. Аты дүркіреп тұрған дивизиялар қоршауда қалғанда, Бауыржан Момышұлы батальонын қоршаудан алты рет аман алып шығады.
Бірде қарсыластар лек-легімен жүріп бара жатқан асфальт жолдың арғы бетіндегі бес шақырым қашықтықтағы орманға кіріп кету керек болады. Кеш қарайған кез. Немістердің бір батальон әскері саппен тұстарынан өтіп кеткен кезде, батальон немістермен араға 700 метрдей жерден іздеріне ереді. Артқы жақтарында да немістердің сабы келе жатады. Бауыржан сарбаздары осы екі сап арасымен жүріп отырып, орманның тұсына келгенде, ағаштар арасына кіріп қоршаудан шығады.
Бұл батальонға Мариновқа станциясын үш күн қорғауды бұйырғанда, соғыса-соғыса қатарында 120-ақ солдат қалады. Ал оларға шабуыл жасауға бар соғыс техникасы сай, тың неміс батальоны дайын тұрады. Рота командирлерін жинаған Баукең:
– Қазір немістер шабуыл жасағанда, станциядан қалып шығыңдар, – дейді. Мұны естіген комиссар Төлетунов:
– Есіңіз дұрыс па? Бізге ату жазасы ғой, – дейді.
Сонда Баукең:
– Айтқанды қылыңдар. Қашып барып, ана көпірдің сол жақ астына жиналыңдар! дейді.
– Қашқан солдаттарды қалай тоқтата аламыз? – дейді тағы комиссар.
– Көпірдің үстінде мен өзім тұрамын. Мені көрген олар тоқтайды, – дейді.
Жоспар бойынша немістер шабуыл жасағаннан әскерлер тұра қашады. Қашып барып көпірдің астына жиналады. Немістер жеңіске жеткендеріне масайрап, тұрғындардың шошқа, тауықтарын тартыпалып жеп, тойлап жатады. Бұл кезде Бауыржан 120 жауынгерді үшке бөліп, бір бөлімшені өзі, екі бөлімшені Мәлік Ғабдуллин мен Константин Толстуновқа басқартып, станцияға үш жағынан шабуыл жасап, қамсыз отырған 600 немісті қырып салады. Қаншама техникалары, штабтың құжаттары қолға түседі. Бауыржан Момышұлы станцияны қорғап жата берсе, күші көп жауға төтеп бере алмайтындарын бағамдап, осындай шешімге барады. Бұлай жасау Бауыржанға ғана тән.
Неміс әскерінің Мәскеуге шабуылын екі күнге кешіктіреді. Жоғарыда алты рет қоршауда қалғанын атап өттік.
Бір жолы немістердің сырт жағынан шабуыл жасап, жайпап өтеді. Қоршауда қалдық деп ойлап қалған германдықтардың негізгі күшін Бауыржан Момышұлы екі күн ұстайды.
Мұндай ерліктері үшін Кеңес Одағының батыры атағы берілмейді. Мәскеу қиып алып тастайды.
«Бізге Мәскеудің картасы керек емес, біз осы жерде жеңеміз, болмаса өлеміз», – деген ұстанымды ұран еткен қаһарман отыз екі жасында полковник шенімен дивизия командирі болды. Соғыстан кейін де жастарды әскери өнерге машықтандыруға күш салды. Жоғарғы әскери академияда оқыса да, оған генерал шенін бермей қояды. Кейін белгілі болғанындай, құйтырқылықпен бұйрыққа «дивизия командирінің міндетін атқарушы» деп жазады екен.
Әскери академияда оқып жүргеніде НКВД-ның майоры Бауыржан Момышұлына келіп, Иосиф Сталиннің шақырып жатқанын қазір өзімен бірге алып кететінін және қайда, кімге барғанын ешкімге айтпауын қатаң тапсырады.
Әскери тәртіппен Сталиннің кабинетіне кірсе, алдындағы орындықты көрсеткен бас қолбасшы:
– Садитесь, товарищ Момышұлы, – дейді. Көрсеткен орынға отырғанда, Сталин мүштегін жандырып, әңгімесін жалғайды:
– Соғыста жақсы соғысының. Әскери академияда өте жақсыға оқып жатыр екенсің, – дейді де, «шай ішесің бе?» – дейді. Бауыржан Момышұлы ішпейтінін айтады. Сонда И.В.Сталин:
 – Оонда бара беріңіз, – дейді.
Әдейі, шақырып алып ештеңе айтпаса, онда неге сізді шақырғаны туралы сұрағандарға Баукең:
– Менің өз пайымым, қайдағы бір қыр қазағы, осыншама соғыс стратегиясын қайдан үйреніп жүр. Мүмкін бойында кавказдық қан бар шығар, көрейін деп шақырды. Ондай ештеңе таппаған соң, «кете бер» деген болуы керек, – дейді.
Генералдық шен берілмейтінін білгесін тікелей бастығына әскерден біржолата кететінін жазып, рапорт береді. Рапортын оқыған генерал:
– Сіз әлі жассыз, бізге сіздің тәжірибелеріңіз керек. Кетпеңіз, – дейді. Сонда Баукең генералдың бетіне тіке қарап:
– Надоело полковничать, – дегеніңде генерал қып-қызыл болып кетеді.
Алматыға келгенде, сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке маршал Георгий Жуков Бауыржан Момышұлының Отан алдындағы еңбектерін айтып, хат жазып, пәтермен қызметпен қамтамасыз етілуін өтінеді. Бірден бас қаладан пәтер бөлінеді. Бәукең тиісті мекемеден пәтерінің ордерін алып шықса, коридорда бір орыс әйелінің жылап тұрғанын көріп, не болғанын сұрайды. Сонда әлгі әйел: «Балам соғыста қайтыс болды. Бөлінген пәтерімді алуға келсем, маған тиесілі пәтерді бір дөкейге беріп жіберіпті», – дейді. Бауыржан Момышұлы жаңағы ордер алып шыққан кабинетке әлгі әйелді ертіп кіріп: «Солдаттың анасын жылатып қойып, мен мына пәтерде отыра алмаймын», – деп ордерді әлгі әйелдің атына жаздырып береді. Мұны қазаққа тән қасиет, даладан дарыған дархандық, кеңдік демей, не деуге болады.
Дайындаған Жұмабек ҚҰЛБАЕВ
15 ақпан 2025 ж. 184 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728