Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сарқыт

Сарқыт

Майданнан екі ай демалысқа келген Бауыржан Момышұлы Сәбит Мұқановпен бірге Жамбылға сәлем беруге барады.
Алыстан үлкен үйге қонақ түскенде ыстық ықылас білдіру қазақ ауылының кәнігі әдебі емес пе? Батыр мен ақынның жүздесуіне куә болуға әдейі келгендер де көп. Түннің бір уақытында қонақтардың алдына ет келеді.
– Бірің Балуан (Сәбит), бірің Батыр (Бауыржан) алыңдар, сыбағаларыңа қол салыңдар, – дейді Жәкең.
Баукең табаққа қолын созбайды.
– Делбе болған жылқыдай, мына қызталағың неғып отыр ет жемей? – дейді Жамбыл жанындағы Сәбитке.
– Әй, Бауыржан, неге жемейсің, бөгіп қалғанбысың? – дейді Сәбит.
– Жемеймін! – дейді Бауыржан қатқыл үнмен.
– Әй, саған не болды?
– Мен мұнда тамақ жеу үшін келгенім жоқ. Сыбағаны немістерді жеңгеннен кейін жейін. Бұл үйге ұлы Жамбылдың, соғыстағы барлық солдаттың сүйікті әкесінің сарқытын ішуге келдім. Ол үшін Жәкең анау тұздыққа сақалын батырып ұрттасын да, қалғанын табақтың үстіне құйсын. Алдымыздағы етті сонда ғана жеймін. Және барлық солдаттарға Жәкеңнің сарқытын ішкенімді айтып барамын, – дейді Баукең.
– Әй, мынауың дұрыс екен, – деп Сәбит қарқылдап күліп, Жәкеңнің құлағына жеткізеді.
– Бұл қызталақтың мұнысы да жөн екен, – деп Жамбыл басын изейді.
– Бірақ сақалымды батыратын мен суға еңкейген теке емеспін, мұртымды тигізейін, – дейді.
Сөйтіп батыр Бауыржан Жамбыл ақынның сарқытын ішіп, ертеңіне от-жалын шарпыған майдан даласына аттаныпты.

Дайындаған Сахи ҚАПАР
15 мамыр 2021 ж. 1 052 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031