Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Толымбек Әбдірайым, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: Кітап оқу – мәдениетті адамның белгісі

Толымбек Әбдірайым, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: Кітап оқу – мәдениетті адамның белгісі

– Аға, қай өңірдің тумасысыз? Әңгіме басын меңгерген мамандығыңыз бен еңбек жолыңыздан бастасақ...
– Мен бұрынғы Семей, қазіргі Абай облысы, Аякөз қаласында дүниеге келдім. Өскен жерім Аякөз ауданы, Қарағаш ұжымшарының Отияр деп аталатын шағын ауылы.
...Ақшәуліден жарысқан екі Нарын,
Иіп кеп Аякөзге құяр барын.
Қаңтарбай, Сұлушоқы, Отияр тұр,
«Көрдің бе маған шықсаң жердің шарын...» – деп белгілі халық ақыны Сапарғали Әлімбетов жырға қосқандай, қос өркешті биік тау Отиярдың атымен аталатын біздің ауыл шын мәнінде жер жәннәті дерлік өлке. Ұшар шыңына сүріқар бекіген асу-асу Тарбағатай тауынан бастау алатын Аякөз өзені жолда Ақши, Қарағаш, Ақтүбек, Ақтас ауылдарын басып біздің Отиярдан өтіп Аякөз қаласына бет бұратын. Ары қарай Балқаш көліне барып құяды.
Отияр тау-тасты, орман-тоғайы мол, жеміс-жидек ағаштары жетерлік ғажап жер. Көктем шығысымен айнала төңірек гүлдей жайнап, бейне ертегі әлеміне енгендей сезімді кешер едік біз. Балғын балалық шағымыз осы сұлу өлкеде өтті. Жаздың ыстық күндері суға шомылып, балық аулап, жеміс-жидек теріп, арасында ата-анамызға қолқабыс жасайтын бақытты шағымды елжірей еске аламын қазір. Әлем әдебиетінің классигі, 500 әңгіме, көптеген повесть, пьеса жазып, 8 мың адамның образын сомдаған жазушы Антон Чехов: «Адам сағыныш пен мұңнан айырылғанда, бәрінен айырылады» – демекші, алтын бесік ауылымды, туған жерімді сағынам, түсімде жиі көремін...
Кішкентай күнімнен өнерге біртабан жақын болдым. Біздің үйде домбыра, мандолин, гармонь сынды музыкалық аспаптар, «Қазақ ертегілері» мен «Батырлары жырының» томдықтары болды. Музыкаға қабілеті бар үйдегі екінші әпкем Үмітқайшаға еліктеп, өз бетімше музыкалық аспаптарды меңгеруге талпындым. 2-ші сыныптан бастап, неге екенін қайдам, бір аяғын майдан даласына қалдырған, Ұлы Отан соғысының мүгедегі әкем қыстың ұзақ кешінде маған кітап оқытатын. Қалған аға-әпке, інілерім тыпыр етпей отырып тыңдайтын. Батырлар жырының шым-шытырық оқиғасына келгенде әсершіл әкем:
– Пау! Не деген жау жүрек батыр! – дейтін дауыстап.
Оған мен кәдімгідей арқаланып, қуанып қалар едім. Батырлар жыры мен қазақ ертегілері мені әдебиет әлеміне ғашық етті. Кітап оқуға құмарландым. Бесінші сыныпта жүргенде аздап өлең құрастыра бастадым. Тынымсыз, бұзық, нашар оқитын Мұратқан деген оқушының суреті салынған қабырға газетіне:
Тегінбаев Мұратқан,
Қыздарды шалып құлатқан.
Ұлдарды ұрып жылатқан,
Неге біздің Мұраттың,
Аты кетпейді құлақтан? – деген бір шумақ өлеңім жарияланғанда, сыныптастарым «ақын бала, сары бала» деп келемеждегені есімде... Осының бәрі Алланың нәсібімен, әке қаны, ана сүтімен дарыған қабілет-қарым деп ойлаймын.
Оныншы сыныпты бітіргенде ҚазМУ-нің журналистка факультетіне барып, керек балым жетпей, конкурстан өтпей қалдым. Аякөзге оралып, 17 жасымда Аякөз автомобиль жөндеу зауытында әуелі жұмысшы, одан соң токарьдің шәкірті, токарь болып бір жыл жұмыс істедім. Он сегіз жасымда жаңадан құрылған Б.Майлин атындағы совхозда ауылдық кеңестің хатшысы болып екі жыл, әскерге дейін іргелес Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде әдеби қызметкер болып бір жыл жұмыс істедім.
Әскерден соң Аякөз аудандық жұмысшылар бөлімінде экспедитор, аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, Алматыда құрылыста бетоншы болып еңбек еттім. ҚазМУ-не журналистика факультетінің сырттай бөліміне оқуға түскенен кейін Талғар аудандық «Алатау жұлдызы», Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Қазақ әдебиеті», Солтүстік Қазақстан облыстық телевизиясында комментатор, «Көкшетау облыстық телевизиясында бас редактор, төрағаның орынбасары болдым. Одан 1997 жылы Астанаға қоныс аудардық.
Бұлардың бәрін ішектей шұбатып, тізіп айтып жату себебім, Аллаға шүкір, менің өмірбаяным қат-қабат, бай. Ауылда өскен қара домалақ баланың жағдайын білесіз. Жалаң аяқ, жалаң бас жүретінбіз жазда. Қой да бақтық, шөп те шаптық. Соған тәубе айтамын. Сайып келгенде, бәрі жазушылық шығармашылығыма септігін тизізуде.
– Бала Толымбек кімдердің шығармаларымен сусындап өсті?
– Әдебиет әліппесін «Қазақ ертегілері» мен «Батырлар жырынан», әкем Сылдырбайдың аталас туысы, халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтің 1962 жылы Алматыдағы Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жарық көрген өлеңдер мен поэмалар жинағынан аштым.
Кейіннен бас алмай оқыған кітаптарым: әрине, хәкім Абай, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Дулат Бабатайұлы, Шыңғыс Айтматов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбайұлы, Қабдеш Жұмаділов, Асқар Сүлейменов, Сәкен Жүнісов, Тахауи Ахтанов, Ғабит Мүсірепов, Роллан Сейсенбаев, Оралхан Бөкей, Антон Чехов, Лев Толстой, Федор Достоевский, Александр Куприн, Иван Бунин, Иван Тургенев, Михайл Шолохов, Юрий Казаков, Василий Шукшин, Николай Носов, Эдуард Успенский, Лао Шэ, Ясунари Кавабата, Кобо Абэ, Харуки Мураками, Юкио Мисима, Кэндзабуро Оэ, Габриель Гарсиа Маркес, Джек Лондон болып кете береді...
Жаңалық ашып отырғам жоқ, әсілі қаламгер білімді, еңбекқор, интуициясы мықты, табанды һәм талғамы жоғары адам болуы керек. Осы ретте мен атақты Антон Чеховтың: «Талант дегеніміз – өз қабілетіңді жетілдіру барысындағы күнделікті қара жұмыс, өз күшіңе деген сенім, батылдық һәм мақсат еткен ісіңе деген шынайы сүйіспеншілік!..» – деген қағидасын берік ұстауға тырысам.
– Алғашқы жазған шығармаңыз есіңізде ме? Ең бірінші оқырманыңыз кім болып еді?
– Балаларға арналған «Оқсыз мылтық» деген әңгімемді 15, үлкендерге арналған «Әке» деген әңгімемді 20 жасымда жаздым. Осы екі туындымды да ешкімге көрсеткен жоқпын. «Оқсыз мылтық» та, «Әке» де кейіннен жарық көрді. Ал, қырық жасымда шыққан балаларға арналған «Еркешора» атты тұңғыш жинағыммен танысқан көрнекті балалар қаламгері Ермек Өтетілеуов: «Бүгінге дейін қайда жүргенсің? Жақсы жазушы екенсің...» деген «Балауса» баспасына қолжазбамды апарып тапсырғанда.
– Әр туындыңыз бір-біріне ұқсамайтын ерекшелігімен дара. Оқып отырып, көкейге көп дүниені тоқуға болады. Шабытты қайдан аласыз? Орамды ой, мағыналы тіркес қалай туындайды?
– Жазушы шығармалары бір-біріне ұқсамауы керек. Егіз қозыдай ұқсап жатса, тоқырау басталды деген сөз. Көп оқып, көп іздену керек. Мен балалар мен жасөспірімдерге ғана емес, үлендерге де жазамын. Деректі прозаны да жақсы көремін. Оның дәлелі, Қазақстанның Еңбек Ері, дарынды музыка зерттеушісі, талантты жазушы, белгілі композитор Илья Жақановтың шығармашылы туралы «Дария шабыт», «Ағыл-тегіл» деген екі жинағым жарық көрді. «Ағыл-тегіл» кітабына біртуар суреткер Әбіш Кекілбайұлы және атақты ғалым ф.ғ.д. Серік Негимов алғысөз жазған.
«Шабытты қайдан аласыз?» – деген сұрағыңызға жауабым. Өмірде адам әртүрлі оқиғаларды көреді, естиді, болмаса өз басынан өткізеді. Солардың арасынан осы жарайды-ау дегендерін басыма сақтап қоямын. Қатты әсер еткенін дереу жазып тастаймын да, кейбірі ұзақ уақыт миымда сақталады. Пісуі әбден жетілді-ау дегенде қағазға түсіру оңай.
Қай шығармамды болмасын, қаламмен жазып бастаймын. Жаза келе төгіліп келген ой ағынына ілесе алмаймын да компьютерге ауысам. Максим Горький шабыт жұмыстың алдында келмейтіндігін, керісінше оның барысында пайда болатындығын талай атап көрсеткен. Өзінің барлық табыстары үшін тек жұмыс істей білгеніне және еңбек сүйгіштігіне ғана борышты екендігін мойындаған еді жазушы.
Жалпы өткен дәуір мен бүгінгі заманның көрнекті жазушыларының өмірі талант пен шабыттан гөрі тынымсыз да тиянақты еңбекке көбірек қол арту керектігін көрсетеді. «Шалқар шабыт келетін шақты босқа күтудің қажеті жоқ, – деп жазады И.С.Тургенев. – Ол келсе өте жақсы, келмесе де жұмыс істей беру керек...» «Шабыт деген жалқауларға баруды жек көретін қонақ», – деп жазды Чайковский. Атақты композитор өз дүниелерін «құдды етікшінің етік тіккеніндей, яғни күнбе-күн және көп ретте заказ бойынша» шығаратындығын айтатын. Бұл әншейін мақтан емес-ті. Ол жүйелі түрде еңбек етуді адам ұлылығының бір көрінісі деп білетін.
– «Бүгінгі бала кітап оқымайды. Гаджеттердің жетегінде кетті» деген пікірге не дейсіз?
– Гаджет те, смартфон да, қалта телефон да керек. Заман талабы. Оны балалар білсін, меңгерсін. Телефондағы электронды кітаптарды оқысын. Бірақ смартфонның құлы болмасын. Ондағы неше түрлі қым-қиғаш, атыс-шабысқа толы ойындар мен фильмдер жас өскіннің миын улайды. Кітапты ешқандай техника да, технология да алмастыра алмайды. Қазақ тіліндегі кітап оқу – тіл үйренудің үлкен мектебі. Кітап оқу – мәдениетті адамның белгісі. Кітап оқыған баланың сөздік қоры көбейеді! Қазақ тілінде жатық, қысқа, әдемі сөйлейтін болады. Бір сөзбен айтқанда, кітап оқу еңбек.
– Ата-ана ретінде баланың шығармашылыққа жақын болуына, кітап-журнал оқуына қалай әсер етуге болады?
– Бала әке-шешесіне қарап өседі. Ата-ана кітап оқуы керек. Сонда ғана баласына айтқан сөзі өтімді болады. Газет-журнал оқымаған бала кітап та оқымайды. Балалар әдебиеті газет-журналсыз жүзеге аспайды. Кішкентайынан кітап оқып өскен бала, үлкейгенде де оқитын болады.
– Өзіңізге еліктеп, балалар жазушысы болуға бетбұрған жас толқынға қандай кеңес берер едіңіз?
– Әдебиетті шексіз сүю керек, көп оқып, көп іздену керек.
– Қалай ойлайсыз бізде балалар әдебиетінің бүгінгі жай-күйі қалай? Қаншалықты деңгейде дамуда? Мемлекет тарапынан қолдау бар ма?
– Біздің елде балалар әдебиеті кенже қалып отыр. Мемлекет тарапынан керемет қолдау бар деп айта алмаймын. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдағы балалар әдебиеті жағдайын көтеру, мемлекеттік қамқорлыққа алу туралы сөзі осы салада тер төгіп жүрген ақын-жазушыларды жігерлендірді. Менің де ұлттық балалар әдебиетіне атсалысқаныма 40 жылдың шамасы болды. Кешегі күнге дейін балаларға арналған кітаптар мен балалар газет-журналдарына көзқарас тең және жақсы еді. Себебі, бірінсіз бірінің күні жоқ. Қазір кезінде Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев басқарған «Балдырған», Фариза Оңғарсынова басқарған «Ақ желкен» журналдарымен Кемел Тоқаев басқарған «Ұлан» газеті айырықша мемлекеттік қамқорлыққа зәру. Осы 3 басылым мен «Дружные ребята» газетін «Егемен Қазақстан» газетіне қосқанды түк түсіне алмай келеміз. Әрине, уақытша экономикалық дағдарыстан құтылу жолы екенін түсінеміз. Бірақ соғыс (1941 – 1945) кезінде бөлек шыққан газет-журналдарды аға саяси газетке қосқаннан кім не ұтады? Біздіңше, марқұм Алтынбек Сәрсенбаев тұсындағы бастама дұрыс еді. Балалар басылымы «Жас өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестікке топтастырылған-ды. Осы «Жас өркенді» жандандыру қазір аса қажет. Және оның жанына баяғы «Балауса» баспасын қосқан жөн. Сонда нағыз мемлекттік балалар әдебиеті мен болашақ балалар ақын-жазушыларына деген көзқарас болады. Ауызды құр шөппен сүрте бермейін... Жақсы жазып жүрген жас балалар ақын-жазушылары біршама. Ендігі үміт соларда. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, сол жастардың арасынан күні ертең мықты қаламгерлер шығары анық. Балалар әдебиетін дамыту үшін дәстүрлі конкурстар керек! Сол конкурстар арқылы балалар әдебиетіне үздік туындылар келеді. Бүгінге дейін жұмыс істеп келе жатқан «Айбоз» конкурсында небәрі 2 номинация - «балаларға арналған үздік прозалық шығарма» және «үздік комикс» қана бар. Бұл өте аз. Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Балалар әдебиеті қауымдастығы» құрылды. Қазір құжаттарын дайындап жатыр. Алдағы наурыз айынан бастап жұмысқа кіріспек. Осы «Балалар әдебиеті қауымдасытығына» сенім артамын. Бәрі уақыт еншісінде.
– Жазушы үшін ең үлкен бақыт не? Сол бақытқа жете алдыңыз ба?
– Көкірегі ояу, ойлы оқырман оқып, бағалап, іздеп жатса, жазушы бақыты деген сол.
– «Қазалы» газеті оқырмандарына айтар лебізіңіз болса...
– Айнымас дос, адам рухын көтеретін, жүрекке ізгілік сыйлайтын жақсы кітаптар оқысын! Ел іргесі тыныш, «Қазалы» газетінің оқырмандары көп болсын.
– Толымбек аға, алтын уақытыңызды бөлгеніңіз үшін алғыс айтамыз!
Сұхбаттасқан,
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

04 ақпан 2025 ж. 50 0

Еңбегі ерен ер еді

04 ақпан 2025 ж. 46

Ұстаз есімі ұлықталды

04 ақпан 2025 ж. 44

Үшінші рет үйлендім

03 ақпан 2025 ж. 79

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728