Сиқырлы гүлдің арбауы
Ерте-ерте, ең әдемі өлкеде бір ғажайып патшалық өмір сүріпті. Бұл патшалықтың тұрғындары өте қарапайым, әрдайым бақытты, денсаулықтары мықты болып, еш уайым-қайғысыз өмір сүретін.
Патшалыққа жақын маңда “Сиқырлы Орман” деп аталатын жұмбақ жер бар еді. Бірақ ол орманның ішіне ешкім бармайтын. Өйткені ол жерде Күлдіргіш атты зұлым сиқыршы өмір сүрді. Оның күші күлкілі қылықтарымен аңқау адамдарды алдап, өзіне тәуелді ету болатын.
Бір күні Күлдіргіш өз айласын жүзеге асыруға кірісті. Ол патшалыққа барып, қарапайым халықты арбауға бел буды. Зұлым сиқыршы орманда өсетін улы сиқырлы өсімдіктер мен гүлдерді жинап оларды патшалыққа әкелді.
Күлдіргіштің арбауы
Сиқыршы Күлдіргіш патшалықтың базар алаңына кіріп, өз сиқырлы өсімдіктері мен гүлдерін шығарады ,болған соң даусын соза айғай салды:
— Эй, халайық! Халайық, мұнда назар салайық! Бұл жерде таңғажайып гүл бар! Оны бір рет иіскесеңдер-ақ, жүректерің шаттыққа бөленеді, ал уайым-қайғыларың көзден ғайып болады!
Адамдар қызығып, бірінен соң бірі жақындай бастады. Олар Күлдіргіштің жарқыраған көзіне,қарапайым киіміне қарап, оның сөзіне сеніп қалады.
— Қалайша? Бұл гүл шынымен бізді бақытты ете ме? — деп сұрады бір қария.
— Әрине! — деді Күлдіргіш қуанышын жасыра алмай. — Тек бір данасын алыңыз, сонда сіздер ерекше күйге бөленесіздер! Жұмыс істеу жеңілдеп, көңілдеріңіз көтеріліп, уайым дегенді ұмытасыздар!
Қызыққан жұрт аздан-көптен гүл сатып ала бастады. Базар шуға толып, адамдар бірінен соң бірі гүлді қолданып көрді. Алғашқы сәтте олар шын мәнінде өздерін жеңіл сезінді. Қолдары дірілдеп, күлкілері тоқтамай, бақыттан бас айналғандай болды… Бірақ уақыт өте келе олар әлсіреп, денелері дірілдеп, еш себепсіз көңілсіздене бастады.
Патшалықта біртүрлі жағдайлар орын ала бастады. Бейқам тұрғындар күн өткен сайын шаршап, ешнәрсеге қызықпайтын болды. Күлдіргіш өз ісіне риза болып, көлеңкеде жымия қарап отырды.
Бір күні Айбар атты жас батыр бұл жағдайға куә болады. Адамдардың әлсіреп, көңілсізденіп, бақытты күндерін сағынғанын көріп, гүлдің сиқырын тоқтатуға бел буады. Ол орманға барып, гүлдің түбін қазып, оның сырын біледі. Гүлдің түбінде үлкен қара тас жатыр екен. Ол тас – «Нәзік ерік» деп аталады. Ол адамдардың ерік-жігерін жұтып, оларды әлсіз етеді екен.
Айбар өзінің қайраттылығымен және таза жүрегімен сол тасты сындырады. Тас жарылған сәтте гүлдің күші жоғалады, ал адамдар қайтадан өздеріне келеді. Олар гүлдің улы екенін түсініп, ешқашан оңай жолмен қуаныш іздемейтіндерін уәде етеді.
Жалған қуаныш пен жеңіл жол ешқашан шынайы бақыт әкелмейді. Ерік-жігеріңді мықты ұстап, қиындықтарды жеңе білсең ғана, шынайы бақытқа қол жеткізесің.
Б.Әбдіразақов атындағы
№88 орта мектебінің 8 «б» сынып оқушысы
Төремұрат Ақзерлі