Айыппұл өсті, күш кімге түсті?
Фото: Нұрболат Нұржаубай
Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Десек те, жылан жылының жаңалықтары біреуге жақса, енді бірінің жүйкесін тоздырары анық. Биыл айлық есептік көрсеткіш 240 теңгеге артты. Яғни, 2025 жылы бір АЕК 3 932 теңгені құрайды. Демек сәйкесінше, келер жылы құқық бұзған жағдайда жүргізушілер мен автокөлік иелеріне, жаяу жүргіншілерге, қоғамдық тәртіпті бұзғандарға салынатын айыппұлдардың мөлшері де артады. Олай болса, 2025 жылы айппұлдар, утильдік алым мөлшері мен автокөлікті тіркеу бағасы қандай болады? Шолу жасап көрелік!
Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Десек те, жылан жылының жаңалықтары біреуге жақса, енді бірінің жүйкесін тоздырары анық. Биыл айлық есептік көрсеткіш 240 теңгеге артты. Яғни, 2025 жылы бір АЕК 3 932 теңгені құрайды. Демек сәйкесінше, келер жылы құқық бұзған жағдайда жүргізушілер мен автокөлік иелеріне, жаяу жүргіншілерге, қоғамдық тәртіпті бұзғандарға салынатын айыппұлдардың мөлшері де артады. Олай болса, 2025 жылы айппұлдар, утильдік алым мөлшері мен автокөлікті тіркеу бағасы қандай болады? Шолу жасап көрелік!
Жол қозғалысы қатаңдалмақ
Елдегі ең танымал айыппұлдардың бірі – жылдамдықты талап етілген мөлшерден асыру. Осы орайда, енді көлік тізгіндегендер жылдамдықты 10-нан 20 км/сағатқа дейін арттырғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 19 660 теңге айыппұл төлемек. Ал 20-дан 40 км/сағатқа дейінге – 39 320 теңге айыппұл салынса, 40 км/сағат – 78 640 теңге дейін ұлғайды.
Ал жоғарыда аталған тәртіпті бұзған азаматтар бір жыл ішінде қайталаса, айыппұл 30 АЕК-ке, 117 960 теңге дейін артады.
Елдегі жол жүрісіндегі тәртіп бұзу бойынша екінші орында тұрған – қауіпсіздік белбеуін тақпау, шлемсіз жүру, сондай-ақ аялдама мен тұрақ ережелерін бұзу. Бұл үшін де төмендегідей айыппұл қарастырылған.
Мәселен, құжатсыз көлік жүргізген жанға – 78 640 теңге, ал көлік құралын басқару құқығынан айырылғандар көлікті қайта жүргізсе – 196 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынады.
Қызыл жарықтан өтіп кеткендер үшін – 39 320 теңге айыппұл салынса, бұны да қайталап бұзғандар – 58 980 теңгені өтейді. Одан бөлек, егер жүргізуші жолда рұқсат етілмеген жерден өтсе, оған 7 864 теңге айыппұл қарастырылған. Ал осы әрекетті тағы қайталаса бұл баға 39 320 теңгеге дейін өседі.
Ауданда бірнеше жылдан бері тұрғындар тасымалымен нәпақасын айырып жүрген такси жүргізушісі – Айдос Ақылбаевтың мемлекет тарапынан қойылып жатқан айыппұл орынды екенін айтты.
– Иә, биыл елімізде айыппұл құны артты. Тиісінше заң бұзушылыққа жол берген азаматтар қалтасына салмақ түсті десек болады. Мұның бәрі орынды деп есептеймін. Себебі мұндай шектеулер қойылмаса жол қозғалысын бұзылуының соңы талай жанды ажал құштырып жатыр. Ортақ тәртіпке, заңға бағыну құлдық емес, естілік. Сол үшін баршаңызды тәртіп, жол қозғалысын бұзбауға шақырамын, – дейді ол.
Қоғамдық көлікте жол ақысын төлемегендерге айыппұл құны артты. Дәлірек айтсақ, айыппұл 7 864 теңгеге артты. Ал жолды кесіп өтетіндерге 7 864 теңге айыппұл салынады. Тиісінше бұл әрекетті тағы да қайталағандар 39 320 теңге төлейді.
Бейәдеп сөз сан соқтырады
Бүгінде қоғамдық орында тәртіп бұзып, былапыт сөздер айтып, вандализм жасау мәселесі күн тәртібінен түспеген. Тиісінше жоғарыда айтылған типтегі заңбұзушылықтар үшін де елімізде Ата Заң бойынша айыппұл салынады. Биылғы АЕК-ің өсуі бұл айыппұлдардың да артуына әкелді.
Мәселен, қоғамдық орында былапыт сөздер айтып, балағаттағандарға – 78 640 теңге салынса, қоғамдық орында түкіріп, қоқыс тастағандарға – 19 660 теңге, ал бір жыл ішінде бұл әрекетті қайталаса 10 АЕК-ке дейін екі есе артады.
Ал түнгі уақытта 22:00-ден кейін шу шығарғандар – 19 660 теңге төлейді. Сонымен қатар баласы үлкендердің қарауынсыз ойын-сауық орындарында 22:00-ден кейін жүрсе, ата-аналарға 11 796 теңге айыппұл салынбақ. Бұл бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл екі еседен артып, 27 524 теңге дейін ұлғаяды.
Мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін айыппұл – 3 мың АЕК, 11 миллион 796 000 мың теңгеге артты. Бұдан бөлек, медицина және фармацевтика қызметкерлерін құрметтемегендерге – 117 960 теңге айыппұл салынса, енді дәрігерлер мен мұғалімдерді қорлағандар – 39 320 теңге көлемінде айыппұл төлемек.
Утиль алым мөлшері өзгере ме?
Өткен жылы утильдік алым мәселесі аз көтерілмеді. Қоғам белсенділері оны алып тастауды ұсынды, ал қазақстандықтар петиция жасап 50 мың қол жинады. Дегенмен соған қарамастан келер жылы утильдік алым үшін ақы төлеу жалғаса береді. Тіпті оның құны айлық есептік көрсеткішке байланысты да қойылуда.
Нақтыласақ, бұл ретте утиль алымының базалық мөлшерлемесі 50 АЕК-ке, 184 600 теңгеден 196 600 теңгеге дейін көтеріледі.
Қолданылатын коэффициенттерді ескере отырып, көлік моторының көлемі 1000 текше см-ге дейінгі жеңіл автокөлікті әкелгені үшін ең төменгі төлем – 294 900 теңгеге тең болады.
Ал моторы 2000 текше сантиметрге дейінгі машиналар үшін 688 100 теңге, 3000 текше см-ге дейін 983 000 теңге. Көлемі 3 литрден асатын болса, 2 260 900 теңгеге жетеді. Бұған дейін бұл баға 2 122 900 теңге болатын. Жалпы утиль алым мәселесі одан әрі күрделенбесе, шешілер емес.
Бұдан бөлек, биыл жаңа және пайдаланылған автокөліктерді есепке қою құны да АЕК-пен бірге өсті. Көлікті әкелгендер мен Қазақстанда сатып алғандар енді оны есепке алу үшін де біраз шығындалмақ. Себебі автокөлікті бастапқы тіркегені үшін ең төменгі алым мөлшерлемесі 923 теңгеден 983 теңгеге дейін көтерілді.
Үш жылға дейінгі көліктерді есепке қою 184 600 теңгеден 196 600 теңгеге дейін өседі. Ал 3 жылдан асқан бастапқы автомобильдер үшін 100 мың теңгеден басталып, 1 миллион 846 000 мың теңгеден 1 миллион 966 000мың теңгеге дейін көтеріледі.
Айта кеткен жөн, бұл төлемге қозғалтқыштың көлемі, электромобиль немесе гибридтің болуы әсер етпейді. Өндірушінің шығарылған күні бойынша бір жылға ғана төленеді.
Одан бөлек, елімізде ішкі жану қозғалтқышы бар автомобильдер үшін де көлік салығы айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты қымбаттайды.
Серік АҚМЫРЗА