Таланттар кеніші, өнерлі ел іші
«Ел іші – өнер кеніші» деген ғибратты сөздің текке айтылмағанын бірлігі мен берекесі ұйысқан ауылдағы шабытты істер ұқтырды. Таусылмас азық, жұтамас байлықты азық еткен, алпысқа жетпейтін түтіні бар тіршілік мекені рухани кеніш іспетті. Халықаралық, республика, облыс көлемінде өнерді өрге жүздірген талай саңлақ түлеген топырақтан төл теңгенің авторы, режиссер, композитор, күйші, жыршы, танымал тілші дейсіз бе, бәрін табуға болады.
Биік баспалдақтар бастауы
Біз сөз етіп отырған Лақалы ауылдық клубының ел мәдениеті мен өнерінде өзіндік орны бар. Мекеме тарихы 1954 жылдан басталады. Алғашқыда ауыл тұрғындарының «Асар» әдісімен балықшылар жиын өткізетін орын есебінде салынған ғимарат кейіннен өнерпаз жастардың жиналып, мәдени қажеттігін өтейтін орынға айналған. Тозығы жеткен нысан құлау қаупінде тұрған 2006 жылы ауыл тұрғындары мен осы жерден шыққан азаматтар бірігіп, шағын құрылысты тұрғызады.
Қазақта «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген таныс тәмсіл бар. Бұл тегінде құнығу, ашкөздік, тойымсыздықты емес, бағалы дүниенің құнын білу, оны ардақтау, жоғалтып алмау дегенді тұспалдаса керек. Сырт көзге болашағы бұлыңғыр, дамуға тиімсіз, орталықтан алыс жатқан жер болып көрінгенімен, мұндағы тұғындар туған жеріне темірқазық болып байланған. Өздері өскен өлкені, ондағы иісі қазаққа игілігін тигізген мақтаулылармен мақтанады. Жемісті жолын үлгі етіп, сан ұрпаққа ұлықты ұлағатты ұғындыруда.
Санаулы көрермені бар шағын сахна биік баспалдаққа бастау болғанын жұлдызды перзенттері де жадынан шығармайды.
«Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» құрметті атағына ие болған өнер иесі, күйші Әлмағамбет Ізбақышев, күйші, қобызшы, музыкант, «Әуезовтер» отбасылық ансамблінің негізін қалап, Одаққа өнері жеткен Махамбет Әуезов, белгілі жырау, профессор Болатбек Ердәулетов, режиссер Жәдігер Тұрсынов, күйші Өмірбай Нұржігіт, төл теңгені таңбалаған Ағымсалы Дүзелхан, дирижер Бақытгерей Саруаров, дәстүрлі әнші, «ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Шынберген Тілеулесов, дирижёр Ержан Сансызбаевтың әрбірі ауыз толтырып айтуға лайық.
Халықаралық «Утренная звезда» байқауының жүлдегері, әнші-өңдеуші Алмас Тілеулесов, Болгарияда өткен халықаралық «Речные ноты» байқауының жүлдегері Гүлназ Нағашыбай, «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауының жүлдегері, сазгер, жыршы-термеші Жарасқан Төлебай, классикалық бағыттағы әншілерімен көпті сүйсінткен Кәмила Тәуекелова, түрлі республикалық байқауының жүлдегері әнші Жеткербай Мадиярлар ән әліппесін шағын үйірмеден үйренген.
Дәстүрлі сабақтастық деген ұғым мұнда кең көрініс берген. Өнер көшін өрістетіп жүрген өрендер жолын қуған буын арасынан Халықаралық, Республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі байқаулардың лауреаттары өсіп келеді.
Екі ауыз өлең құрап, «әу» деп ән айту бар қазаққа тән болса да, мектеп қабырғасында жүріп, музыкалық мектебі жоқ ауыл қарадомалақтарының вокалдық шеберлікті меңгеруі бізді де тәнті етпей қоймайды.
Өнер қонған отбасы
Халық нақылы «Ауылына қарап, азаматын таны» дейді. Елді мекендегі тұрғындың бір-біріне деген дұрыс көзқарасы, ұстанымын қалыптасыруда үлгі алатын адамдар болады. Солардың бірі – Лақалы сөзінің баламасындай болған Мақсатбаевтар әулеті десек артық емес.
Әдетте «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деп үлкендер бата береді. Жайлауы келісті, ісі өрісті Нағашыбай қарияның шаңырағы қашан да құшағын көпке ашқан, босағасынан қонақ үзілмейтін үй. Еңбегімен елге сыйлы, үш рет Социалистік жарыстың жеңімпазы атанған Нағашыбай Мақсатбаевтың меншікті мекеніне көпшілік өзгелерден тамақ табылмағаннан емес, өрістеген өнері, еститін тағылымды тәліміне тәнті болуға бас сұғатынын білдік. Нағашыбайдың бауырлары Айманкүл, Жолшара, Кенжебай, Кенжалы жастайынан бойындағы қабілетін шыңдап, мәдениет майданында өз қолтаңбаларын қалдырған жандар.
Баянмен ән салғаннан бөлек, Жолшара спектакльде рөлді сомдағанда, актерлік шеберлік сыныбынан өтпегенін ешкім білмейді екен.
Халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің дирижері, қобызшы Кенжебай Мақсатбаев Орта Азия мен Қазақстан халықтарының Бүкілодақтық «Достық сəулесі» фестивалінің лауреаты. Қазалыдағы алғашқы əзіл-сықақ отауын ұйымдастырып, өзі де қойылымдарда түрлі кейіпкерді сомдап, көрермен қошеметіне кенелген. Мырза атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі жəне «Қорқыт сазы» фольклорлық ансамблінің мүшесі болады. 1990 жылдардың соңында өзге салада жауапты жұмыс бұйдасын ұстаса да, өнерден қол үзбей, «Жалған дүние-ай» атты күй жəне «Жалғыз аққу», «Туған жер», «Қимаймын», «Жайлауда» атты авторлық əндерін шығарады.
Табиғат берген қанық қоңыр дауысын тыңдарман айтқызбай танитын, «Қазалының Левитаны» атаған Кенже-Əлі Асқардың облыстық радионың алтын қорына әндері жазылып, сақталған. Ол 1982 жылы КСРО Композиторлар Одағының Дипломмен және төсбелгімен марапатталып, Бүкілодақтық байқаудың жүлдегері атанады. «Қорқыт сазы» фольклорлық халық ансамблінің сүйемелдеумен фильмге түседі.
Аудандық мәдениет орталығының мәдени ұйымдастырушысы, Әйтеке би кенттік Мәдениет Үйінің директоры қызметтерін абыройлы атқарады.
Нағашыбай ақсақалдың жары Жұпар ананың да әуезді әні тыңдағанды тамсандырмай қоймайды екен.
Отбасының ұл-қыздары өнерлі жолды жалғайды.
Мейрамкүл медицина саласының маманы болса да өнерден қол үзбеген. Оның үлкен ұлы Ақылбек Мақатаевтың нағашыларынан дарыған әншілік, сазгерлік өнері бар.
Тәрбиеші Қамажай Мақсатбаева «Өрімтал» ұлт аспаптар оркестрінің әншісі, аспапта ойнаушы болып республика деңгейіне өнер көрсеткен. Қамажайдың жолдасы Серік Назаров ауданға танымал «Назаровтар» отбасылық ансамблінің жетекшісі, әнші, музыкант. Балалары Данияр Әбілқасым әнші, Халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық байқаулар жүлдегері.
Мейрімхан Мақсатбай М.Мәметова атындағы педагогикалық колледж және Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтын тәмамдаған. Лақалы ауылдық клубы меңгерушісі іске мығым басшы, жақсы ұйымдастырушы, бір бойына бірнеше өнер тоғысқан азамат. Мейрімхан жазған «Ғани аға», «Егемен елім – Қазақстан», «Соңғы қоңырау», «Қыс қызығы», Астана» сынды әндерді белгілі эстрада жұлдыздары орындап жүр.
Әр жылдары қатысқан аудандық «Шырқа, гитара», Ғ.Мұратбаевтың 110 жылдығына орай өткізілген сазгерлер фестивалі, «Саз бен сазгер», «Әнге айналған туған жер» сазгерлер байқауынан жүлдеге ие болуы тек емес. Клуб, кәсіпорын басшыларының арасында өткен облыстық интеллектуалдық сайысы, «Жеңіске жетелеген жырлар» атты ән орындаушылардың облыстық байқауы, Халықаралық IV «Жеті өнер» шығармашылық фестиваль-конкурсының «GRAND PRIX» жүлдесі, «Талантты тәлімгер», «Үздік тәлімгер” дипломы, «Өнер жанашыры» кубогі, «Алғысы» – ізденісті жылдар жемісі.
Бойында сан өнер тоғысқан Ерілхан Мақсатбаев – отбасылық ансамблдің әншісі, «Мақсатбай» шаруа қожалығының иесі, сонымен бірге ауылдағы № 93 орта мектепте ұстаз.
Жыршы-термеші Əзілхан Мақсатбаев әулетінің емес, қазақ өнерінің мақтанышы.
Қорқыт ата атындағы университетінің «Дәстүрлі өнер-жыр» факультетінде жырау – фольклоршы мамандығын меңгерген ол төл өнердің төрге озуына аянбай тер төгіп келеді. Қазалы қалалық мәдениет Үйі директоры. Жұрт «Қазалының Нартайы» деп атайды.
Әзілхан Майра Уәлиқызы атындағы Халықаралық ән-жыр конкурсының, «Шалқар термесі – 2002» термешілердің республикалық байқауының, «Шырқа даусым» атты республикалық әншілер конкурсының дипломанты. Бірнеше рет Нартай әндерін орындаушылар байқауында алдыңғы жүлделерді иеленген. «Ән еркесі – Бексұлтан» атты облыстық әнші сазгерлер байқауының бірінші орын иегері; «Қазақ фольклорының жауһары – Қыз Жібек жырына 500 жыл» атты ғылыми-танымдық конференциясы мен «Ғасырлар Үні» атты республикалық жыршы-орындаушылар фестивалінің дипломанты, 2008 жылы Алматы, 2009 жылы Астана, 2010 жылы Өскемен, 2011 жылы Орынбор, 2013 жылы Астана қаласындағы Қызылорда облысының мәдениеті мен өнері күндерінің концертінде өнер көрсеткен. 2010 жылы «Қазақтың 1000» әні атты ән жинақтың тұсаукесерінде Сыр елінің жыршы-термешілерінің қатарынан шақырылады.
Әділхан Мақсатбаев – ән байқауларының жүлдегері. Сазгердің «Құдаша», «Туған жер», Анама, «Жан әке» атты шығармаларын өнерпаздар репертуарына енгізген.
Бауыржан Мақсатбаев орман шаруашылығы саласында қызмет атқарады. Өзі ансамбль мүшесі болса, балалары клуб жанындағы көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері.
Бүгінде бұл өнер көшін үшінші толқын немерелері жалғастыруда.
Үлкені Рахымжан Мақсатбаев – кәсіби әнші. Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжін, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Республикалық, аудандық жарыстарда жүлде алған.
«Ана», «Сәнім», «Сағындым әке» атты төл туындылары бар.
Кәсіби әнші Гүлназ Нағашыбай да көпке таныс.
Халықаралық «Бозторғай», Болгарияда өткен Речни ноты» балалар шығармашылығы, Тәжікстанда өткен «Донак» телевизиялық фестивалінде, «Жұбанов көктемі» байқауында ел мұрасын насихаттап, тыңдармандарды тамсандырған. Республикалық «Корей романстары», облыстық «Сыр жұлдыздары», Астанада өткен «Salve reqina» ашық вокалистер конкурсы, Халықаралық «Өз елім» саз фестивалінде өнерімен озған.
Жолдасы Нұрболат та жыршы-термеші. Гүлназ облыстық филормонияда әнші, Қызылорда музыкалық колледжінде ұстаздық қызмет атқарады.
Нағашыбай Мейіржан, Ақылбай Аида, Күнімай, Сабыржан, Айару, Айхан, Аиша, Мағжан Халықаралық, республикалық, облыстық бірнеше өнер додаларының жеңісті жолды жалғап, аудан абыроайын асқататып жүр.
Бірлікшіл істе береке бар
Ауылдық клубта 9 жұмысшы-қызметкер бар.
Құрылымдық жүйе талаптарына сай мамандар түрлі деңгейдегі іс-шараларды көрермен назарына ұсынып, жас өнерпаздар талаптарын ұштайды.
Өткен жылы ұжым «Туған өңір-тұнған өнер» атты аудандық 24 мекеме қатысқан көркемөнерпаздар фестивалінде екінші орынды еншілеген. 2024 жылы «Туған өңір – тұнған өнер-2» аудандық фестивальінде «Өнерлі өңір» бағамымен марапатталыпты.
Бүгінде тұрақты жұмыс істеп тұрған ән үйірмесінен орындаушылық шеберліктерін шыңдаған жас буын Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі өнер белестерін бағындырған.
Биылғы жылдың өзінде ізденімпаз ұжымның табысы толымды.
Республикалық «Рухани қазына – 2024» конкурсында Лақалы ауылдық клубы облыстық іріктеуден өтіп, республикалық конкурсқа жолдама алған ақжолтай хабарды естідік.
Республикалық «Жұлдызды сәт» өнер байқауы, республикалық «Сырдария» атты әнші-сазгерлер конкурсы, облыстық «Ерлерін құрметтеген ел ардақты» атты жазба ақындар мүшайрасы, «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ...» атты облыстық Абай оқулары, «Бозторғай», «Болмысты жаңғырту – ұрапақ ұлағаты» атты ділмар-шешендер байқауына қосқан үміткерлер үдеден шығып, топ жарған. Бұдан өзге аудандық «Жігіттің сұлтаны», «Қазалы аруы – 2024» сынды шаралар бар. Жыл басынан бері қанжығалаған республикалық, облыстық, аудандық жүлде қоры өнер ордасындағы тынымсыз тірлікті зердеге түйдірді.
Тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізіп, халыққа толыққанды мәдени қызмет көрсетуде заман талабына сай көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру жолға қойылған. Жас өнерпаздарға би, домбыра, драма, қолөнер үйірмелері жұмыс істейді. Олармен қатар «Ақ кимешек» әжелер ансамблі, «Лақалы лағылдары» ұлт аспаптар ансамблі, «Тұмар» триосы және «Самғау» мәдени-үгіт бригадасында барлығы 75 өнерпаз 6 үйірме, қосымша 3 топқа қамтылған. Бұл өнерлі топтардың табыстары да тарқатуға жетерлік.
Ән, домбыра үйірмесін Мейрімхан Мақсатбай жүргізсе, балаларды драма үйірмесіне Айнұр Әлімбаева қызықтырып келеді. Сүйемелдеуші маман, сондай-ақ мәдени-үгіт бригадасына жетекшілік жасап, жасөспірімдерді ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтармен азықтандырып, қолөнерге баулиды.
Біз құлақ тесу рәсімін жасап жатқан тағылымды дәстүрді дәріптеген шараға куә болдық.
Үйірменің «Сәндік қолданбалы өнерінің түрі, қобдиша, қоржын бұйымдар жасау» сабағы облыстық халық шығармашылығы орталығының әлеуметтік парақшасына жүктеліпті.
27 қараша күні «Рухани болмысты жаңғырту – ұрпақ ұлағаты» атты облыстық ділмар шешендер байқауында драма үйірмесінің мүшесі Гүлзар Қасым жүлделі үздік үштіктер қатарынан табылған. Облыстық байқаудың көркемсөз оқу шеберлері Назгүл Бақыт, Нұрқожа Тілек, Нұрасыл Әділбекова – драма үйірмесіне қатысушылар.
Гүлжан Сауқымова жүргізетін би үйірмесінің «Наз» тобы өнерпаздары аймақ жұртшылығына таныс.
«Құтты мекен» атты клубтың тарихи-танымдық айдары аясында түрлі тақырыппен жарияланатынын көрдік.
2022 жылы республикалық деңгейде ауыл күні өткізілгенде, экс-сенатор, танымал жүргізуші Дана Нұржігіт жерлестеріне ерекше толқыныспен ризашылығын жеткізген болатын.
Ауылдық клуб қызметкерлері ұйымдастырған облыстық шаралар көптің есінде. Лақалының төл перзенті, жырау Болатбек Ердәулетовтің 70 жылдығына арналған жыршы-термешілер байқауы, «Менің елім» атты онлайн патриоттық әндер байқауы сөзімізге дәлел.
Клуб қызметкерлері осы жылдың ақпан айында «Жаныңда жүр жақсы адам» атты шығармашылық кеш, наурызда «Абысын тату болса...» атты аудандық келіндер байқауын өткізілген. Маусымда «Ерлерін құрметтеген ел ардақты» атты облыстық жазба ақындар мүшайрасын ұйымдастырса, еңбек күніне орай, «Еңбек – өмір мәні» атты аудандық жігіттер сайысы, «Күш атасын танымас» атты палуандар күресін жоғары деңгейде атқарған.
Ұлттық домбыра күнінде үйірме мүшелерінің концерті, «Абай – дана, Абай – дара...» атты ауыл тұрғындарының қатысуымен өткен караоке кеші де тұрғындар көңілінен табылған.
Ауыл тұрғындары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Адал адам” тұжырымдамасы негізінде жүзеге асқан жұмыстардың жастар тәрбиесіне ықпалы зор екендігін айтады.
«Өнердің шырағын жағып, туған жердің түлеуіне атсалысу – біздің әріптестердің негізгі міндеті. Ұжым концерт өткізіп, жарысқа өнерпаз дайындап қана қоймайды, сонымен қатар әлеуметтік желіде де белсенді. Бір ғана мысал, ауылдан шыққан талантты тұлғалардың еңбек адамдарының өмір деректерін зерттеп-зерделеп, насихаттауды да қолға алдық. Нәтижесі жаман емес», – дейді мекеме басшысы.
Фейсбук, инстаграмм, ютуб, телеграмм, тик-ток желілерінің барлығында да клуб парақшалары бар. Барлық атқарылған жұмыстар өз уақытында жарияланып, таратылып отырады.
Шер-ағамыздың «Бір кем дүние...» дейтіні бар еді. Үлгілі істерімен өркениет шырақшысы болып отырған мекеменің материалдық жағдайы «әттең-ай» дегізді. Көгілдір отын жетіп үлермеген ауылдағы мәдени мекеме талапқа сай емес. Қолда бармен салынған нысанның тозығы жеткен, қабырғасы қақырап, ызаланып кеткен. Мектеп оқушыларының дамығанын қаласақ та, күн салқындағанда денсаулығына алаңдаймыз», – дейді әдіскер Гүлжан Жұмаханқызы.
Ел арасында «Лақалы – өнерпаздардың фабрикасы, лауреаттар ауылы» деген түсінік қалыптасыпты. Таланттардың томағасын сыпырып, төл өнердің тінін үзбей, талаптының тұмса бағытына бастау болған клуб үйі жаңадан салынса деген арманды әрбір лақалылықтың жүзінен байқадық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА