Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақында жаңа клуб құрылысы аяқталады

Жақында жаңа клуб құрылысы аяқталады

Адамзат бойына ұлттық құндылық пен мәдениет ән, күй, тағылымды көрсетілім арқылы даритыны баршаға аян. Таң атқаннан кеш батқанға дейін күйбең тіршіліктің қамымен жүрген ауылдағы ағайынның бір сәт түрлі сезімге бөленіп, рухани толысатын, сананы сауықтыратын мекені де осы десек жарасады. Мәдениет қызметкерлері даярлаған шығармаларының көрермен көңілі төрінен орын алуы ғимарат ішіндегі аураның, жанға жағымды жағдайдың болуына тікелей байланысты екені даусыз. Содан да бүгінде ауылдық округтердегі клубтарды жаңарту, қайта салу ісіне атқамінерлер шындап мән бере бастады.
Негізі Қазалы ауданында іргетасы сонау ширек ғасыр бұрын қаланып, тозығы жеткен, қабырғалары мезгіл сайын жөндеу керек ететін санаулы клуб қалды. Соның бірі Сырдария өзенінің бойында, аудан орталығынан шығысқа қарай 55 км қашықтықта орналасқан Майлыбас ауылдық округінің орталығы Ақсуат ауылындағы ескі мәдениет ордасы еді. Жыл өткен сайын көркі еселеніп келе жатқан аядай ғана ауылда жақында жаңа балабақшаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Енді бірнеше айдан кейін жұртшылық жаңа клубтың лентасын қиятын болады. Бұған дейін ауылдағы мәдени іс-шаралар 1954 жылы бой көтерген көне нысанда өткізіліп келген. Алайда 2013 жылы Қызылорда ТОО «KZ СтройЭксперт» компаниясының зерттеу нәтижесіне сәйкес ғимарат апаттық жағдайда тұр деп танылып, сол жылдың наурыз айында есігіне құлып салынған.
Жобада 150 орындық есептелген клуб үйінің құрылысы биыл маусым айында басталды. «Болашақ» серіктестігі мердігер мекеме ретінде танылған. Жоба-сметалық құжаттарына сәйкес құрылыс жұмыстарының жалпы құны 230 млн теңгеге бағаланған. Қазіргі таңда “Болашақ” құрылысшылары тиісті кезеңге бөлінген 180 миллион теңгені құрылыс ісіне жұмсауда. Екіжақты келісімшарт бойынша клуб үйі 11 айдан аспай пайдалануға берілуі керек. Десек те қазірдің өзінде нысан құрылысының аяқ алысы көңіл қуантады. Бір мезетте қабырғалары өріліп, төбесіне плита салу жұмыстарымен бірге сыртқы әжетхана, жылу жүйесі ғимаратының кірпіші қалануда.
Ауылдық округ әкімі Алмат Әбілхановтың айтуынша, мердігер мекеме осы жылдың қараша айында ғимарат құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ нысан пайдалануға берілген уақытта ауылдағы екі мәселе бірдей шешілетінін тілге тиек етті.
– Жаңа клуб – ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы. Бұйырса бірер айдан кейін мәдениет ошағы есігін айқара ашып, мерекелік іс-шаралар өткізуге, балаларды ән, би, мәнерлеп оқу сияқты түрлі үйірмелерге қатыстыруға, олардың мәдениетін арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Клуб ғимаратында кең көрермендер залы, клуб меңгерушісінің жұмыс кабинеті, өнерпаздарға арналған бөлме мен ауыл кітапханасына да орын қарастырылған. Құрылыс аяқталған бойда қазіргі кітапханадағы 35 мыңға жуық кітап сонда көшіріледі, – деді ол.
Айта кетейік, “Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылға арналған жол картасы” аясында қаржыландырылған игі істің арқасында ақсуаттық 26 жұмыссыз азамат уақытша жұмыспен қамтылған.

Р.ҚАЙРАТҰЛЫ


12 қыркүйек 2020 ж. 701 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031