Сурет салу – сүйікті ісі

Дана халқымызда «Ат тұяғын тай басар» деген мәтел бар. Десе дегендей, Расулдың бойындағы өнер де әкеден балаға қанмен берілген деуге болады. Отбасындағы жақын-жуығының барлығы қылқаламды жанына серік еткен. Атасы Ақмырза Момытаев қолөнермен айналысып, саз балшықтан мүсіндер жасаған. Әкесі Асылбек Ақмырзаұлы құлпытасқа сурет салады. Әрі ұсынақты ұста. Асылбек ағаның осы кәсіпті нәсіп еткеніне 20 жылға жуықтапты. Бәлкім, «Тектіден тексіз тумайды» деген осы шығар.
Бағыт-бағдар беріп, жөндейтін тұстарын айтып отыратын ақылшысы – әкесі. Расул қазақтың Әбілхан Қастеев, Ағымсалы Дүзелханов, шетелдің Леонардо да Винчи, Сальвадор Дали сияқты ұлы суретшілерінің туындыларын ұнатады, ал ерекше сүйсінетіні – Голландияның атақты суретшісі Рембрандттың шығармалары.
– Бойында талант болмаса, суретші болу қиын сияқты. Суреткердің жан дүниесі салған туындысынан көрінеді. Тіпті, кейде шабытсыз-ақ ақ қағазға ғажап дүниелер түсіруге болады. Шынымен-ақ бұл ыждаһаттылық пен төзімділікті талап ететін қиын өнер. Оған кететін уақыт суреттің күрделілігі мен оңайлығына да байланысты, – дейді талантты жас.
Ол ұстазы Қайрат Есіркеевпен талай жарыстарда топ жарып, жеңіске жеткен. 2015 жылы аудандық жас суретшілер байқауында үшінші орын, 2016 жылы аудандық қолөнер шеберлері мен суретшілер байқауында «Өнерлі елдің – өрісі кең» дипломымен, облыс көлемінде Жалаңтөс баһадүрдың 440 жылдығы, Бегім ана, Асандар көтерілісі құрбандарына арналып өткізілген суретшілер байқауында бірінші орын, аудан көлемінде ұйымдастырылған «Ұлттық өнер – өшпес қазына» қолөнер қылқалам шеберлері байқауында бірінші орын. Аудан, облыс көлемінде ЭКСПО – 2017 көрмесі аясында ұйымдастырылған «Қолөнер – халық қазынасы» атты қылқалам шеберлері байқауында арнаулы дипломмен марапатталған.
Ескерте кетейік, біз сөз қылып етіп отбасы мүшелері әуесқой суретшілер. Осындай дарыны мен икемі бола тұра олардың кәсіби суретшілік жолды таңдамағанына таңқаламыз. Расулдың да таңдауы басқа салаға түсіп тұр, яғни дәрігер болғысы келеді. Жүрек қалауына ешкім шек қоя алмайды. Бірақ сурет салу оның сүйіп істер әрі бос уақытты тиімді өткізер хоббиі болып қала бермек. Сондықтан алдағы уақытта қандай бағытта жұмыс істесе де, қазақтың маңдайалды ұлдарының бірі болуына тілектеспіз.
Ақтілек БІТІМБАЙ.
ФОТО автор.