Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкімдер есебі басталды: Халық қандай баға беруде?

Әкімдер есебі басталды: Халық қандай баға беруде?

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Қазалы ауданында аудан және ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы есепті кездесулері басталды.
Басықара ауылында өткен есепті кездесуде ауыл тұрғындары аудан және ауыл әкімінің 2017 жыл көлемінде атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарын тыңдады.
Жиында айтылғандай, биыл да Басықара ауылында ҚР Президентінің стратегиялық бағдарламаларын ауылдық округ көлемінде іске асыру, азаматтардың әл-ауқатының өсуін қамтамсыз ету, округ тұрғындарының тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал етуге жүйелі жұмыстар жүргізіле бермек.
Сондай-ақ, шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендету де қолға алынады. Ауылдағы тозығы жеткен электр желілері мен құлау қаупі бар бағаналар ауыстырылады. Бұл туралы аудан әкімі ауыл тұрғындарының «Электр сымы жүргізілген бағаналардың ескіруі салдарынан электр жарығы жиі өшіп қалады» деген сауалдарына жауабында мәлімдеді. Жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін ауылдағы подстанцияны да тиісті мекеме балансына алатындығын жеткізді.
Ауыл әкімі Ғалымбек Сейсеновтің мәліметіне сүйенсек, алдағы жоспарларлардың қатарында 90 орындық балабақша құрылысын бастау да бар.
Қазір ауылда мектеп, шағын орталық, балабақша, клуб, кітапхана, мешіт, Басықара фельдшерлік-акушерлік бөлімшесі жұмыс істейді. Ауылда кәсіпкерлік саласы да жаман емес. Мәселен, округ бойынша 12 шаруа қожалығы, 1 жай серіктестік, 8 аралас заттар дүкені, әртүрлі қызмет көрсету түрлерімен айналысатын 25 кәсіпкер бар. Жыл сайын кәсіпкерлер қатары артып келеді. Оған мемлекеттің «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының» септігі зор. Осы бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 1 ауыл тұрғын жіберілсе, екінші бағыты шеңберінде жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасалып, «Бастау Бизнес» жобасы өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы 5 ауыл тұрғыны оқып, 4-і сертификат алған. Үшінші бағыты арқылы 2 азамат әлеуметтік жұмыспен қамтылса, жастар практикасына 1 маман жіберілген.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан аудан басшысына «Ауылда дәрігер жоқ», «Өткен жылы ғана абаттандырылған алаңның тазалығы мен қауіпсіздігіне жауап беретін жұмысшыға штат бөлінсе» деген ұсыныстар айтылды. Бұған аудан әкімі тұрғын саны 1500-ден асқан ауылға ғана дәрігер жіберілетіндігін айтса, ал алаңның тазалығы мәселесін ауыл әкімі халықпен бірлесіп шешетіндігін жеткізді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.
15 қаңтар 2018 ж. 2 676 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031