Жалдамалы пәтер жыл сайын қымбаттап жатыр. Бағаны ауыздықтау мүмкін бе?
Жалдамалы пәтер жыл сайын қымбаттап жатыр. Бағаны ауыздықтау мүмкін бе?
Фото: freepik.com / depositphotos.com
Қазақстанда пәтер жалға алудың орташа құны бірнеше жыл ішінде 3,5 есе өскен. Massaget.kz еліміздегі тұрғын үйді жалға алу бағасын және өзге елдердің осы нарықты қалай реттейтінін талдады.
Ұлттық статистика бюросының Massaget.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабына сәйкес, 2018-2023 жылдар аралығында Қазақстанда жайлы жабдықталған тұрғын үйді жалға алудың орташа құны 1,4 мың теңгеден 4,9 мың теңгеге дейін, яғни 3,5 есеге өскен. Баға 2022 жылы, ел аумағына ресейліктер жаппай қоныс аударғанда қатты қымбаттаған. Дүрбелең басылғаннан кейін жағдай тұрақталғанымен, бұрынғы деңгейге дейін түскен жоқ. Бүгінде республика бойынша тұрғын үйді жалға алудың 1 шаршы метр үшін орташа баға - 4 497 теңгеге жеткен.
Ең қымбат және ең арзан жалға берілетін пәтерлер қай өңірде?
Ең қымбат жалға берілетін пәтерлер - республикалық маңызы бар қалаларда. Тұрғын үйді жалға алу құнының республикалық көрсеткішін де көтеріп отырған осы - мегаполистердегі баға. Өйткені елдегі басқа ірі қалалардың бағасы орташа көрсеткішке де жетпейді.
Мәселен, 1 шаршы метр үшін ең жоғары баға:
- Алматыда - 5 446 теңге;
- Астанада - 4 623 теңге;
- Қарағандыда - 4 234 теңге.
Осылайша, ауданы 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерді жалға алу үшін алматылық - 326 мың 760 теңге, ал астаналық - 277 мың 380 теңге төлеуі қажет болады. Бұл орташа көрсеткіш, өйткені хабарландыру сайттарын қарасаң, ауданы осындай пәтерлерді 350-500 мың теңгеге де табуға болады.
Ең төмен баға:
- Таразда - 2 074 теңге
- Ақтөбеде - 2 357 теңге;
- Қызылордада 2 417 теңге.
Фото: depositphotos.com
Өзге елдер тұрғын үйді жалға алу мәселесін қалай шешеді?
АҚШ-та 80 жылдан астам уақыт бойы Сегізінші бағдарлама жұмыс істейді. Оның шарттарына сәйкес, табысы төмен отбасылар, қарттар мен мүгедектер тұрғын үйге кепілхат алып, онымен жалдау ақысын толық немесе ішінара жаба алады. Ол үшін кезекке тұрып, табыс туралы құжаттарды ұсыну қажет.
Германияда да осыған ұқсас Wohngeld бағдарламасы бар. Бұған жиынтық айлық табысы белгілі бір деңгейге жетпейтін адамдар қатысады, бағдарлама барысында осындай азаматтардың жалдау ақысының 50 пайызы төленеді. Неміс БАҚ мәліметтері бойынша мұндай жәрдемақыны жылына 600 мыңнан астам азамат пайдаланады.
Францияда билік табысы төмен азаматтарға жалдау ақысы нарықтық құнынан екі есе төмен әлеуметтік тұрғын үй беруге дайын.
Швейцарияда халықтың 60 пайызы тұрғын үйді жалға алады. Мұнда жылжымайтын мүлік қымбат, сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағдайы да жоғары деңгейде. Швейцариялықтар жалдамалы тұрғын үйді төлеуге жылдық табысының шамамен 20 пайызын ғана жұмсайды. Бұл елдегі жалдау нарығы ішінара мемлекет тарапынан реттеледі. Елде ұзақ жыл бойы жалдау индексі бар. Бұл көрсеткіш ипотека мөлшерлемесіне тікелей байланысты, яғни мөлшерлеме көтерілген кезде жалдау индексі де сәйкесінше өседі.
Фото: depositphotos.com
Қазақстанда қалай?
Қазақстанда да азаматтардың жекелеген санаттары үшін пәтер жалдау ақысының қаржылық жүктемесін азайтуға көмектесетін бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Мәселен, жалға беруді субсидиялау бағдарламасы жұмыс істейді. Оның қатысушылары - көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, жетім балалар және мүгедек балалар, олар жалдау ақысының 50 пайыз мөлшерінде субсидия алуға үміткер бола алады.
Ал мегаполистерде жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Оған Алматыда, Астанада немесе Шымкентте тұрақты тіркеуі бар және айына кемінде 40 АЕК табысы барлар ғана қатыса алады. 35 жасқа дейінгі бағдарлама қатысушылары үш жыл бойы пәтерге айына 15 мың теңгеден төлеу мүмкіндігін алады.
Айта кетейік, жақында депутат Нұргүл Тау бастаған мәжілісмендер тобы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жалдау нарығын реттеуді енгізу туралы ұсыныс жасаған болатын. Олар тұрғын үйді жалдауға шекті бағаны енгізіп, барлық жалға берілетін пәтерді жайлылық деңгейіне қарай жіктеу қажет деп санайды.