Тұғырың биік болсын, туған ел!
Атамекен. Азаттық. Бейбіт күндер. Осы үш сөз, жай ғана сөз емес, қастерлі сөз. Экономика мен саясатта, адамдардың өміріне өзгеріс, жақсылық, табыс пен жетістік әкелді. Болашаққа деген сенім мен үміттің нәтижесінде, бүгінде елдің керегесі кең, терезесі тең. Биыл 25 қазанда Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде үшінші мәрте аталып өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа заңға қол қойған еді. Аталған заңға сәйкес, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып белгіленді.
Генерал-майор:
– Республика күні саяси мейрам ғой. Қазір қоғамдық өмірдің барлық саласында экономикалық өсу байқалып, ұлтаралық өзара татулық, азаматтық келісімнің сақталуына ерекше мән берілуде. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері еліміз талай-талай асқарлы асуларды бағындырды. Қазақстанды бүгінде әлем жұртшылығы нарықтық экономикалы-демократиялық ел ретінде таниды. Елімізде халықтар достығы жақсы сақталып келеді. Мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын артыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықтағы абыройының өсуіне жас ұрпақ адал қызмет етуі қажет. Қазіргі Қазақстанның көп елдермен терезесі тең, елдік рәміздері анық, беделді мемлекет. Бүгінгі ұлтық мерекеміз – Республика күнінде барлығымыздың көкейімізде бір ғана тілек бар. Ол туған жеріміздің тұғыры биік болсын деген тілеу десем қателеспеген болар едім. Құрметті қауым! Халқымыз «бірлік, татулық, ынтымақ» деген үш ұғымның қадірін жақсы біледі. Қазақстан Республикасы жүздеген ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, ынтымағын жалғыстырып отырған Ұлы мемлекет. Олай болса Республика күні мерекесі құтты болсын! Әр шаңыраққа ырыс ұяласын! Елімізге тыныштық, халқымызға береке-бірлік, еңбектеріңізге табыс, игілікті ғұмыр тілеймін! Еліміздің экономикасы жоғарылай берсін! Халықты тұрмысы қазіргіден жақсарсын. Астығымыз дәнге, айдынды Аралымыз суға толсын! Аспанымыз ашық болсын. Барлық жұртшылықтың қадам басқан әрбір бастамалары оң болып, бастарына бақ қонсын! Дендеріне саулық, отбасыларына амандық, елге бірлік-береке тілеймін!
Қызылорда облысының құрметті азаматы:
– 25 қазан – ұлттық мереке болып бекітілуі маңызды тарихи шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шын мәнінде осы күннен басталады. Сондықтан бұл күнді ұлттық мереке ретінде бекіту – мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан алғанда маңызды қадам. Бұл күн – еліміздің тәуелсіздігі мен бірлігінің символы. Отанымыздың тарихында көптеген маңызды оқиғалар орын алды. Ал бүгінгі күні біз сол тәуелсіздігімізді тойлаймыз. Әр қазақтың жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм мен ұлттық рух болуы керек. Тәуелсіздік – бұл бізге берілген құндылық, оны бағалап, сақтап қалуы қажет. Біздің күшіміз бірлігімізде, ынтымағымызда. Бүгінгі күні әрбір жүрегі елім деп соққан азаматтардың ел үшін аянбай еңбек етіп, нақты жоспарын жүзеге асыратын қолайлы уақыт. Өткен кезең мен бүгінгі уақытты салыстыруға келмейді. Көп өзгеріс болды. Жүйенің жаңарып, біз армандаған мемлекет қалыптасса одан асқан бақ та болмас еді. Ел болашағы – жастардың қолында. Шет ел асып, сырт елде қызметте жүрген жерлестеріміз жетерлік. Әсіресе жастар. Елге келгісі де жоқ. Өз елін түлетіп, ауылын гүлдендірсе дейсің. Не дегенмен оларда жастық жалын бар. Тың ой мен көшбасшылық қабілет бар. Сол үшін ел жастарына көбірек мән берілсе деймін. Тарих тасқа қашалып жазылған өшпейтін қазына. Ондағы өзгерістер мен жаңалықтар жылдан-жылға қатталып, келешекке беріліп отырады. Ғасырға жуық тарихын арқау еткен қасиетті мекеніміз қашаннан ырыс, ынтамақпен көктеп-көгерген өлке. Мерейлі мерекеде аудан халқына бақ-берекелеріңіз арта берсін, жаңа Қазақстанның жарқын болашағы үшін жасап жатқан ерен еңбектеріңіздің жемісі мәуелі болсын демекпін. Қазалы ауданының болашағы зор. Ел-халыққа айтарым, бейбітшілік заман болсын! Қазыналы Қазалы ауданы жылдан-жылға көркейіп, гүлдене берсін!
«AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының атқарушы хатщысы:
– Бұл күн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің ұлттық мерекесі қатарына қайта қосылды. Көпшілік білетіндей, 1990 жылғы 25 қазанда «Егемендік туралы» декларация қабылданды. Еліміз тәуелсіздікке бет бұрды, азат болудың алғышарты жасалды. Сондықтан біз үшін бұл күннің орны ерекше. Бүгінде Жаңа, Әділетті Қазақстанды құрудың маңызды қадамдары жасалуда. Еліміздің құрылымдық жүйесінде, саяси-экономикалық бағытында жаңғыртулар қолға алынды. Халық жаңа қоғам қалыптастыруға деген бастамаларға қолдау білдірді. Демократиялық үрдістерді орнықтыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бұл өзгерістердің қазалылықтар үшін де маңызы зор болмақ. Мемлекет басшысының «Біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ» деген сөзі әрқайсымыздың жадымызда жатталып тұр. Тарихымызды ұмытпай, келешек ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Егемен елде өмір сүріп жатырмыз. Алайда осы тәуелсіздігімізді сақтау үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Отанымызды сүю, оның мүддесін қорғау – біздің басты парызымыз. Бүгінгі күні елдігімізді, ұлттық бірлігімізді нығайту үшін әрбір азаматтың белсенділігі маңызды. Бұл мереке еліміздің еркіндігін, қуаттылығын және гүлденуін білдіреді. Осындай маңызы бар тарихи думанда еліміздің туы асқақтап, келешегі көркейе берсін. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, сәтті күндер, зор жетістіктер тілеймін. Барлық бастамаларда сәттілік, ертеңге сенімділік аласармасын!
Айнұр ӘЛИ