Тұғырың биіктесін, туған ел!
Атамекен. Азаттық. Бейбіт күндер. Осы үш сөз, жәй ғана сөз емес, қастерлі сөз. Экономика мен саясатта, адамдардың өміріне өзгеріс, жақсылық, табыс пен жетістік әкелді. Болашаққа деген сенім мен үміттің нәтижесінде, бүгінде елдің керегесі кең, терезесі тең. Биыл 25 қазанда Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде екінші рет аталып өтеді. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа заңға қол қойған еді. Аталған заңға сәйкес, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып белгіленді.
Тарих һәм дерек. Иә, Қазақстан тарихы мақтана алмайтын қанды оқиғаға толы. Әр жерде тоз-тоз болған ұлтын біріктіріп, Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектің келешекке аманаттап кеткен игі ісін ұрпақтар жалғастырды. Зұлмат жылдары қазақ ұлтын жер бетінен жойып жіберуге күш салған жоңғар мен қалмақтың, Хиуа хандығының тегеурініне төтеп бердік. Патшалық Ресей мен қанқұйлы КСРО-ның уысынан шығу үшін 300 жылда талай мәрте бұлқындық. Айқастық. Егемендікті алдық. Оңай келмеді. Желтоқсанның қылышынан қаһар төгілген сәтте қазақ жастары ыдырамастай көрінген, тұғыры биік көрінген коммунистік идеологияның іргесін сөкті. Тәуелсіздік жылдары. Осындай тарих үшін сындарлы кезеңде егемен еліміз еңсесін тіктеп, туын көкте желбіретті. Татулық пен бірліктің арқасында көптеген игі істерге мұрындық бола білді. Жаңарды, жасарды. Оның қатарында 95 жылдық тарихы бар Қазалы ауданының тәуелсіздік жылдарында қосқан үлесі аз емес. Елдегі қиын күндер кеше, бүгін тоқтамады. Жарылған Арыс, өртке оранған дала, діндеген дерт – коронавирус талай адамды ажал құштырып, талай асылдарды арамыздан суырып әкетті. Қанды қаңтар оқиғасы да барша қазақстандықтардың жадында болар. Дегенмен мемлекет басшысы оңтайлы шешім қабылдап, реформаларды жүзеге асыртуда. Бұл да көп адамның күдігіне шектеу қойғандай. Өзгелер секілді бомбаның жарылысынан оянбайтынымыз қандай бақыт десеңші?! Жас ұрпақ, болашақ өрендеріміз егемен елдің жазық даласында еркін ойнауда.
Былтыр 29 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған еді. Аталған заңға сәйкес 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып белгіленді.
Республика күнінің тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын. Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Осы декларацияның арқасында ҚазКСР өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Ал президент елдің басшысына айналды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда аталып өте бастады. Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.
1995 жылы 18 қазанда алғаш рет «ұлттық мереке» болып жарияланды. Алайда 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, «мемлекеттік мереке» санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды. Осылайша он жылдан астам уақыт бойы 25 қазан – Республика күні тойланған жоқ.
Ал 2022 жылы маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.
«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Осы ретте Мемлекет басшысы да Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтқан болатын. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек.
Республика күнін тойлау неліктен алынып тасталды? Бұл кім болса да қоятын заңды сауал. Сарапшылардың пікірінше, Егемендік туралы декларацияда Қазақстанның емес, ҚазКСР-інің егемендігі жарияланды. Декларацияға сәйкес адамдарда КСРО азаматтығын сақтап қалу құқығы болды. Сонымен қатар ол Қазақстанның халықаралық қатынастардағы дербестігіне кепілдік бере алмады. Яки мемлекет КСРО-дан шығуға құқылы болғанымен, іс жүзінде оның құрамында болды. «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» заң қабылданғаннан кейін ғана Қазақстан әлемдік қоғамдастық мойындаған тәуелсіз мемлекеттің заңды рәсімделген мәртебеге ие болды.
Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Ал Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл дегеніміз – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндер.
25 қазан – Қазақстанда Республика күні. Мерекеге орай халық бір күн демалады. Биыл бұл мереке сәрсенбіге сәйкес келеді. Сондықтан бес күн және алты күн жұмыс істейтіндер де бір күн демалады. Демалыс басқа күндерге ауыстырылмайды. Мемлекет басшысының бастамасы халықтың қолдауына ие болып, былтыр Қазақстан халқы ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін алғаш рет дүркіретіп атап өткен еді.
Бүгінгі буынның бойында патриоттық сезім бар. Сол сезімді дәріптеуде ұстаздар мен ата-ананың рөлі бірінші орында екені рас. Бала күнімізде үлкендер осы еліміздің нышандарын ерекше қастерлеуге, қадірлеуге тәрбиеледі. Бойымызға сіңіріп өсірді. Елтаңба бейнеленген 1 теңгелік монетаның өзін жерден көрсек биікке қоюға асығатынбыз. Бұл да киелі дүниенің бірі болды. Қазірдің өзінде жерге тастамай қастерлей ұстаймыз. Туымыздың желбіреп тұрғанынан қуат аламыз. Әнұран орындала кетсе бейсана түрде оң қолымызды жүрекке қойып, рухымызды асқақтатамыз. Ал түрлі сайыста орындалған әнұран әрбір қазақтың құлағынан кіріп, бойын алары сөзсіз. Тек белгілі бір мерекеде емес, оқу ошақтарында сабақ басталмай оқушылар бойын тіктеп, қолын жүрегіне қойып әуелете таңын атыратын-ды. Тіпті кей мектепте үзіліс қоңырауының орнына әнұранның дауысы сыңғырлады. Керемет емес пе? Қазір ауыл болсын, қала болсын туымыз түстес мектеп формасын арнайы тіктіреді. Қазақы оюын да жейдесінің бір бөлігіне жабыстырады. Соңғы үлгіде шыққан сәнді қазақи киімдерге қарап еріксіз қуанамыз. Қай жерде болмасын Отан дегенде бойдағы қанымыз еріксіз тулайды. Мақтаныш, қуаныш, сүйіспеншілік сезімі елге деген құрметті одан әрі тасытатындай. Қай кезде болмасын қазекемнің менталитеті шекарадан аспаған. Жерден нанды жолай көтермей кетпейтін қазақ жоқ. Сол секілді туымыз да жерде жатпайды, әнұран да ескі таспада қалмайды. Отанын қалай сүйсе, құндылығын да солай дәріптейтін Ұлы даланың халқымыз. Біз Тәуелсіздігімізді алып, бейбіт елде марқаятын күнді армандадық емес пе?
Иә, биыл екінші рет тойланғалы жатқан Республика күні жоғары деңгейде өтетініне сенім мол. Себебі Ұлттық мереке қарсаңында президент жарлығымен елдің дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан, белсенді қоғамдық қызметімен танымал азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталады. Мемлекеттік органдарда Республика күніне орай ресми мерекелік іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар концерттік бағдарламалар, фестивальдер, флешмобтар ұйымдастырылады. Ұлттық спорт түрінен сайыстар мен түрлі жарыстар өткізіледі. Елдегі ірі қалаларда мерекелік отшашу да ұйымдастырылады. Челлендж, құттықтаулар толассыз жүргізіліп келеді. Өнер, мәдениет, денсаулық, білім салалары іс-шараларын әлеуметтік желі арқылы таратуда. Әлі де жалғасын таппақ.
Түйін
Энциклопедист Джеймс Минаханның дәлеліне сүйенсек, әлемде 300-ден аса ұлт мемлекет болуға қауқарлы екен. Бірақ жері жоқ. Ал бізде асты қазба байлыққа, беті жазба байлыққа толы ұлан-ғайыр жер жатыр. Бастысы – егеменді елміз. Бізге керегі осы егемендіктің қадірін біліп, қасиетін ұғыну. 25 қазан – Республика күні құтты болсын!
Айнұр ӘЛИ