«ТӘЙТТІ» ТЫЙЫП НЕ ҰТТЫҚ?
Біз кімді тәрбиелеп жатырмыз? Елдің тұтқасын ұстар кім? Осы сұрақ қазір көптің көкейінде жүр. Себебі де жоқ емес. Әлеуметтік желі былай тұрсын, көзбен көріп жүрген жасөспірімдердің шектен шыққаны ойландырмай қоймайды. Әсіре сілтеу емес, мұндай қылық тентектікке жатпас, нағыз озбырлық. Ойды ой қуалайды. Жақында ғана әлемжеліде өз-өзіне қол салған оқушы жайында жұрт шулап кетті. Қоғамда тағы сауал – мұндай озбырлық қайдан шығып жатыр?
Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күнін» оқыдыңыз ба? Есіңізде болар, онда Найман-ана жайында хикая өрбиді. Қысқасы, романда ана мен баласы суреттеледі. Жуандар жас сарбазды жорықта қолға түсіріп, шашын тақырлап алып тастайды. Одан соң басына түйенің терісін кигізеді. Суы кеуіп, күн қақтағанда адамның жан даусы шығады. Басын қысқан тері өскен шашты кері қайтарып, миына жібереді екен. Сосын барып адам мәңгүрт болады. Найман-ана баласын елге алып кетуге келгенде айтқан әңгімесін ұлы «естімейді». «Құлынымдаған» ана сөзіне тіпті селт етпейді де. Ақыры сол мәңгүрттігі анасын өлтіруге жеткізеді. Себебі санасы жануардыкіне айналған. Ой жоқ, бірақ орындауды біледі.
Ал қазіргінің мәңгүртін жасау анау айтқандай қиын емес. Олар өз-өздерін мәңгүрт етуде. Қазір қалтафонсыз жастарды елестете алмайсың, солай ғой? Көпшілік соның құлы. Көн теріден мәңгүрт болғанды білдік. Ал құлтемірдің мәңгүрттікке душар қылғанын көрдік пе? Білмедік те. Баланың жат қылыққа бейім болып, рухани қуатының азаюына тағы не түрткі? Бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Оқушы күнде де, түнде де не бүлдірсе, кінә – мұғалімде. Жас түлектің көше кезіп, мектеп бітіру кешін тойламауы үшін де ұстаз жауапты. Кеш бата жорыққа шыққан оқушы инспекторға ұсталса, ұстаз кінәлі. Ал бесіктен белі шықпай жатып, оқушы қыздың аяғы ауырласа, тағы да ұстаз жауапты. Бала тәрбиесі мұғалімнің мойнына жүктелген міндет емес. Оған қоғамның кез келген мүшесі жауапты. Әрине, қай сала болсын ұрпақ болашағын баянды етуге атсалысады. Бірақ тәрбиеге келгенде бұған ұстаздар ғана жауапты көрінеді.
Ол рас, қоғамдық санада қай кезде болсын мұғалім жауапты деген көзқарас қалыптасқан. Мағжан айтқандай, «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» емес, таса мұғалімдікіндей. Тасадан бақылау оңай. Дегенмен қоғамға мұғалімге тексеруші, бақылаушы, жазалаушы кейіпте қараудан бас тартып, болашақты қалыптастырар тұлға ретінде қарау қажет-ақ. Өйткені ұстаз – баланың шырағын жағушы, білім нәрімен сусындатушы. Ал тәрбиені беретін – ата-ана. Бірақ олар да балам жаман болсын демейді ғой. Онда таяқтың екінші ұшы қайда?
Қазір жаһандану дәуірінің дәурені жүріп тұр. Әйтеуір, жағаласып жан бағудамыз. Батыстың балағына, шығыстың шынтағына жармасып, әлемдік жарыстың соңында келеміз. Мақсат та сол – бірінші болу. Мейлі, озық отыздыққа ендік делік. Бірақ сыртымыз жылтырағанымен, ішіміздегі түтін тұншықтырмай ма? Ажырасудың көптігі, некесіз бала, көкек ана, ең жаманы – болашақ ұрпақтың келешекті сеніп тапсырары қалмай бара жатқаны алаңдатпай ма? Біреуіне «қой» десең, «ХХІ ғасыр» деген жауабы дайын тұрады. Заман талабына сай болғысы келеді екен. Бірақ оның бәрін жаһанданудан көрудің түк те мәні жоқ. Мұның барлығы үш болдыны ұмытқаннан шыққан дерт. Тәрбиенің басы «тәйт» еді, оны тыйдық. Қойғандағы жеткеніміз осы – батыстан келген жын-жыпырды жинап алдық. «Жаман болады, ұят болады, обал болады». Осы үш болдыдан жерідік. Қазір қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмаған заман туды. Дархан даламыз бар. Бірақ оның бетінде бір илеу құмырсқа секілді тарыдай шашылған қазағы бар. Сол қазақ тәрбиенің бастауын «тәйттен» қайта бастағаны жөн болар.
Таяқтың екі ұшы болса, біз көтерген мәселенің ұшында шектеу жоқ іспетті. Тағы бір ойды қозғап көрейік. Бізде әжелер институты болған. Жөнсіз сөйлеп, ерсі күлсең «тәйт әрі, сен нашар баласың» дейтіні бар-тын. Қазіргі әжелер өз миссиясын жете түсініп жүр ме?
– Балабақша енді ашылғанда немерелерімді бермедім. Шиеттей бала. Қаз-қатар тізіліп отырады. Тамақ-шайынан бөлек, тәрбиесі бар. Әке-шешелері келемін дегенше ертегі айтып, қиялын қанаттандырып отыратынбыз. Ненің жақсы, ненің жаман екенін ұғындыратынбыз. Қазіргілер бала бағудан қашады. Балаға қарағаннан гөрі түріктің, үндінің сериалын көріп, одан қалды, телефон шұқылағанды жақсы көреді. Бала балабақшада. Үйге келгенімен, ол да әлгі телефонға жармасып телміреді де қалады. Отбасындағы тәрбиеден азық алмаған бала бар «жақсыны» телефоннан іздейді, көреді, соны жасауға талпынады. Содан соң ғой, ата-әже түгіл, әке-шешені тыңдамайтыны, – дейді 93 жастағы кейуана Ұлболсын Үргенішбайқызы.
Тыңдау демекші, қазақтың әдебиеті, барлық болмысы, өткен-кеткені құлақтан құйылып, санада сақталып, бүгінгі күнге дейін жетті емес пе? Бұрын үлкендер «бір құлағынан кіріп, екіншісінен шығып кетеді» деп отырушы еді. Габриэль Гарсия Маркес деген жазушының «Жүз жылдық жалғыздық» деген туындысында қалашық тұрғындары ұмытшақ ауруына ұшырайды. Барлығын, тіпті адам атын да ұмытып қалады. Аурудың дендегені соншалық – заттардың атын еске түсіру үшін атауын жазып, жабыстырып қояды екен. Біз де сол… Әлгі жазушының кейіпкері секілді болып барамыз. Өйткені құймақұлақтар азаюда. Қауіп пе?
Айнұр ӘЛИ