Ұлын келінінен қызғанатын енелер бар: Психолог әйелдердің ұлын қызғануға не себеп екенін түсіндірді
Бұл күнде туған ұлын келінінен қызғанатын енелер бар деседі. "Бетін қақпай өсірген атұстарымды өзгенің баласы келіп отбасымнан алып кетті, арамызды суытып жіберді" деп шағым айтқан нәзік жандардың пікірін көптеп кездестіруге болады.
Көбіне ондай ақ жаулықтылардың бір не екі ғана баласы бар екен. Бұл құбылысқа көпбаланы аналар мен психолония зерттеп жүрген мамандар қандай баға береді? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Күлжиян әженің отасқанына 59 жыл болыпты. Содан бері 5 келін түсіріп, 4 қызын ұзатқан. Бұл күнде бала-шағасының қызығын көріп отырған бақытты жан "қызғаныш деген қызыл түлкі" дейді.
"Қызғаныш деген жақсы нәрсе емес. Арты жақсылыққа апармайды. Ол баласын үйлендірмей жалғызбасты қылып қоя ма, мысалы? Ол өмірдің заңы, табиғаттың заңы, мысалы. Бала ұл болсын, қыз болсын қонысын тауып қонса, біз қуаныштымыз!. Біз қызғаныш дегенді жақсы көрмейміз", - деді көпбалалы ана Күлжия Қаңтарбаева.
"Қанша балаң бар? Неге көп немесе аз?" деп түгендеуге ешкімнің құқығы жоқ. Үйлену мен ажырасу да әркімнің өз еркінде. Бірақ, туу көрсеткіші қалыпты болғанымен неге қазақстандық отбасыларда балдырғандардың саны бір-екеуден аспай тұр? "Қиыншылықтармен қақтығысады да қарыз жөнінен, баспана жөнінен. Соның себебінен деп ойлаймын. Көп бала тумай 1-2 баламен тоқтайтыны. "Экологиялық жағдайға, экономикалық жағдайға, әлеуметтік жайтқа байланысты деп ойлаймын". "Өзінің сәнін құртып аламын дейтін шығар, дене бітімін құртып аламын дейтін шығар. Көбіне қалада ғой ондайлар", - дейді тұрғындар.
"Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады" деген қазақ нақылын жақында Түркия президенті мысалға келтірді. Танымал футболшы Месүт Өзілдің үйлену тойына қатысқан Режеп Тайып Ердоған жиында сөз алып былай деген еді:
"Отбасында бір ғана бала болса жалғызсырайды. Екеу болса бір-бірімен тайталасады. Үшеу балдырғанның болуы береке әкеледі. Төрт бала әулеттің гүлденіп, өсіп өсуіне сепші. Одан әрісін Алланың бергеніне қарай көрерсіңдер", - деді.
Психолог Балабек Сақтағанов отбасында бір баланың болуы оған деген көңілдің көптеп аууына себеп болатынын айтады. Ол бала ертең ер жетіп, теңін жолықтырғанда анасы мұны қабылдай алмай қалуының бір себебі осындай жатқан көрінеді. Бірақ оған өтпелі кезең деп баға беру керек екен.
"Бейсаналы түрде ол баласын біреуге қимайды. Сол себепті ол келінінің кейбір әрекеттеріне, келініне деген дұшпандық көзқарас ол саналы түрде емес, бейсаналы түрде психикасын жаулап алады. Баласын қызғанамын деп көрсете алмайды да, әйелге қызғанышын қарым қатынаста, үйде жүргендегі жүріс-тұрысына, әрекетіне сөзіне тиісіп сол арқылы ішінде жиналып қалған эмоцияны, агрессияны шығарып отырады", - деді психолог Балабек Сақтағанов.
Біздің бабаларымыз "ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" деп баяғыда айтып кеткен. Қоғамда мұндай мәселенің туындауының бір себебі - тәрбиеде жатқанын да ескеру керек дейді. Мұны да қаперде ұстаған жөн.
stan.kz