АЗАРТ: бәс тігемін деп “бас” тігетіндер аз емес
«Қап, әттеген-ай», «Бұл жолы жолым болады», «Қазір қарызға алып, қайта ойнаймын». Бұл – өздеріңіз ұққандай әрбір лудоманға жалған жігер мен үміт сыйлайтын сөздер. Әрине, өзін бұл сөздерге сендіргенімен соңы әдеттегідей сан-соқтырып, сәтсіздікпен аяқталады. Соңғы уақытта елде осылай бар тапқан-таянғанынан бір мезетте айрылып, бәс тігемін деп, бәлекетке бас тігіп жүрген жастар қатары көбейіп тұр. Деректерге сүйенсек, елімізде букмекерлік кеңсе кезіп, өмірдің соқпақ жолына түсіп, ұртоқпағын көріп жүрген жастар саны өткен жылы 350 мыңға жеткен. Ал биыл лудомандар қатары еселенбесе, сиремеген. Дәлірек айтсақ, құмар ойынның құрығына түскендер саны 400 мыңнан асқан. Бұл тіркеуге енген жандар саны, ал тіркелмегені қанша? Миллионнан асып жығылары анық.
Адам боп туу – анадан...
Құмар ойынға тәуелділік тәніңізді ауыртып, жаныңыз жапа шекпесе де, санаңызды улап, айрандай ұйып отырған отбасыны тас-талқан етуге құдіреті жетеді. Мейлі, отбасылы болмаса да, «бойдақпын» деп алшаң басқанның да тұмсығын тасқа тигізген. Құмар ойын түрі заман құбылған сайын түрленіп, зияны да ұлғайып барады. Оған құныққан адам қоғамнан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, тілдесу, тұлға ретінде даму секілді адами қасиеттерін жоя бастайды. Лудомания, яғни ойынға тәуелділіктің дүниежүзінде ауру ретінде қарастырылып, осыған байланысты арнайы медициналық терминнің енгізілуі де тегіннен тегін емес. АҚШ-тағы құмар ойындар проблемаларымен күрес жөніндегі қауымдастықтың зерттеуіне сүйенсек, әлемдегі кез келген қала тұрғынының аяқ астынан қылмыскерге айналуы 6% болса, маскүнемге айналуы – 34%, нашақорлыққа салынуы 32%-ды көрсетсе, ойынқұмар болуы 48%-ға жетеді екен. Демек адам құмар ойынға әп-сәтте тәуелді болып қалуы мүмкін, оның еліктіру күші есірткіден де асып түсіп тұр.
Елде заңсыз ойын бизнесінің зардабын жоюға бағытталған түрлі шара қолға алынғанымен, жымысқы әрекетін жасырын түрде жүзеге асыратындар азаматтарды сан айламен арбайтын болған. Тірнектеп тапқанын құмар ойынға құрбан қылғандардың дені – жастар. Осындай құмар ойынның құрығына түскен жандардың бірі – қазалылық жас Азамат Әшіров. Аталған кеселдің зардабын көріп отырған азамат құмарлықтан құтылу қиынға соққанын айтты.
– Бұл дерт студент кезімнен басталды. Ақшадан қысылғанда ара-тұра баратын болсам, кейін әдетке айналдырдым. Оқуды бітіріп елге келіп, жұмысқа орналасып барлығын ұмытып кеткенмін. Алайда Лото клубтың ауданда ашылғанын естіп бардым. Бастапқыда ішін бір шолып қайту үшін бас сұққанмын. Артынша нәпсіме ерік беріп, қалтамдағы ақшаға қол салдым. Шыны керек, біраз ақша ұттым. Осылайша бірнеше мәрте қалтамды қалыңдатып жүрдім. Ал қазір барлығы керісінше. Көптеген туған-туыстарыма, достарыма, әріптестеріме қарызға баттым. Одан бөлек, банктерден алған бірнеше несием бар. Болды... «Қойдым» десем де тоқтар емеспін. Ойымның барлығы сол жаққа тартады да тұрады. Бұған біржола тоқтам қоямын деп су жаңа смартфонымды сандық түбіне тастап, кәнігі интернетсіз қалтафон ұстасамда бәрібір құмар ойын сайттарынан келетін смс хабарлама тығынымды ашып тұрады. Дегенмен екі жылға жетті, құмар ойыннан алыстадым. Бұрын көрінгеннен қарыз алып, қайтара алмаған соң көлеңкелеп, қоғамнан оқшауланып, қашушы едім. Қазір керісінше жақын-жуық, дос жаранмен жүзбе-жүз сөйлескенді ұнатамын. Бір сөзбен айтқанда, өзімді жеңдім деп айта аламын. Басқа да жандарға азартты ойындарға жоламауға кеңес беремін, – дейді ол.
Өткен жылы елімізде заң қабылданып, заңсыз букмекерлік кеңселерді жабу қолға алынды. Сол тұста Қазалыдағы бірдей екі Лото клуб жабылған болатын. Араға бір жыл салып, ойынхананың бірі қайта ашылды. Енді сонда бас сұғатындар қатары қайта көбеюде. Әрине, әркімнің өз еркі десек те, Қадыр-Мырза Әлі атамыз айтқандай «Адам боп туу – анадан» десек, құмар ойынның кесірінен қарыз қамытына байланып, қоғамға айуан боп кету – өз қолымызда екенін ұмытпаған жөн.
Дертті емдеу мәселені шеше ме?
Лудомания, гемблинг, игромания, құмар ойын әуестігі, құмар ойыншы – мұның барлығы әлем бойынша жайылып келе жатқан дерт атауы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл ойындардың психикалық ауытқуға әкеп соқтыратынын мәлімдеп, адам денсаулығына аса қауіпті сырқат қатарына жатқызып, дабыл қаққан-ды. Ол ресми түрде психикалық ауытқу ретінде танылған, алкоголизм, наркомания, токсикомания сынды дертпен пара-пар.
АҚШ-та құмар ойынға тәуелді адамдарға алғашқы болып кәсіби көмек көрсеткендердің бірі – медицина ғылымдарының докторы Роберт Л.Кастер. 1972 жылы психиатр АҚШ-тың Вирджиния штаты Брексвилл қаласындағы ауруханада ойыншыларды емдеуге арналған алғашқы стационарлық орталық құрған.
Дәрігер құмар ойындарға патологиялық тәуелділікті – емделетін ауру деп болжаған алғашқы адам. Оның арқасында 1980 жылы америкалық психиатрлар қауымдастығы патологиялық құмар ойындарды психикалық бұзылыс ретінде жіктеді. Нәтижесінде бертін келе әлемнің көп елі лудоманияны дерт ретінде мойындады. Тиісінше оны емдеумен айналысатын көптеген мамандандырылған клиникалар, оңалту орталықтары, психотерапевттер мен дәрігерлер пайда болды. Бүгінде мұндай орталықтар елімізде де ашылды.
Сондай орындардың бірі – Атырау қаласында ашылған. Орталықта психологтар кеңес береді, заңгерлер қарыздан құтылудың жолын айтады. Себеп сол, жыл өткен сайын құмар ойынға тәуелділік белең алып барады.
Орталықты ашқан Нұртас Нұрғалиұлы да 12 жыл бойы құмар ойынға тәуелді болған. «Жаңа өмір» теориясының авторы қарызға белшеден батып, отбасының берекесі кеткенін жасырмады. Тіпті үйі мен астындағы көлігін сатып, ақшасын құмар ойынға тіккен. Кейін ес жиғанда бәрінен айырылғанын бір-ақ ұғыпты. Десе де, «Ешқашан кеш емес» дейді ол. Нұртас бұған дейін Аматыдағы оңалту орталығында емделіп, қазір дертінен құлан таза айыққан.
– Ең соңғы бәс тіккен кезімде «мен ақшаға ойнамаймын» деген ой келді. Басында ақшаға ойнайтын едім, қарыздан құтыламын деп. Сонда менде басқа тәуелділіктер сияқты, тәуелді адам екенімді сезіндім. Әлсіздігімді мойындағаннан бастап, өз-өзіммен жұмыс жасадым. Көп адам лудоман шегіне жетіп, суицидке дейін барады. Соған дейін жеткізбей, альтернатив ретінде адамға ой-санасын өзгертіп, ем жүргіземіз. Ойыншы ойыншыны түсінеді. Бұл – жұмыс жасайтын теория. Алдыма келген адамның не сезінетінін мен 100% түсіне аламын, – деді ол 24.kz сайтына берген сұхбатында.
Орталықтың негізін қалаушы өзі секілді тығырыққа тірелген тағдырластарына көмектесуді ойлайды. Сол үшін «Жаңа өмір» теориясын қолға алып, орталық ашқан. Мұнда келген лудомандар мен олардың туыстары психологиялық кеңес алады. Ал заңгерлер қарыздан құтылу жолдарын түсіндіреді. Бүгінде орталық көмегіне жүгініп, оң нәтижеге жеткендер қарасы қалың. Психолог мамандардың айтуынша, мұнда келген келген жанның «Емделіп шығамын» деген ұмтылысы болуы маңызды екен.
– Құмар ойыншы өзіне, айналасындағыларға ғана емес, мүлде бейтаныс жандарға да кесірін тигізеді. Көңіл-күйінің тез құбылмалылығы мен өзін-өзі ұстай алмауынан кез келгенге қол көтеріп, дөрекі сөйлеп, жеңілісінің өшін алуы мүмкін. Кейде ішімдікпен басып жатады. Науқастың емделіп шығамын деген ұмтылысы мен келісімі аса маңызды. Емдеу кезеңі қиын әрі көп уақытты талап етеді. Бойынан бірінші фазаның белгілерін байқаған адамға көмек пен қолдау қажет. Өйткені білікті психолог пен психотерпевтке жолығып, топтық психотерапия сеанстарына барған уақытта ғана нәтижеге қол жеткізеді, – дейді психолог.
Мемлекет тарапынан тоқтау қойылды
Елімізде лудомания үлкен мәселеге айналғаны соншалық, бұған ел Президентінің өзі баса назар аударды. Дәлірек айтсақ, биыл наурыз айындағы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды. Өйткені елде қауіпті кеселге айналған лудоманиядан құтылудың жолдарын іздеп жүргендердің қатары 300 мыңнан асады. Масс-медиа беттеріндегі кей деректе 400 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті делінген. Сол мәжілісте Президент сөзіне тұздық қылған депутаттар да құмар ойындар жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққанын айтты.
– Деректерге жүгінсек, кейінгі екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды немесе құмар ойындарға қандай да бір қатысы бар. Ажырасудың 40 пайызына осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – құмар ойынға шалдыққандар. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Араға 1,5 жыл салып ойын бизнесін реттеу бойынша заң жобасын қолға алып отырмыз. Құжатқа Үкіметтен қорытынды алу оңай болмады. Әдетте басқа заңдар бойынша қорытындыны 1–2 ай күтетін болсақ, бұл заңға келгенде тым созылып кетті. Екі шақырылымдағы депутаттық тәжірибемде осыншама ұзақ уақыт бойы Үкімет қорытындысын алуды бірінші көріп отырмын. Демек мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер бар деген сөз. Яғни мұнда үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен, – деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң, азаматтардың санасын улаған бұл дерттен арылу үшін Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесе бәс тігуді шектеудің онлайн форматын құрды. Бұрын бұл қызмет қағаз жүзінде іске асып, 8 күн ішінде қарастырылып келген.
Енді азаматтар өз-өздеріне құмар ойындарға қатысу мен бәс тігуге шектеу қоя алады. Ол үшін өтінішті «eGov» мобильді қосымшасы арқылы онлайн түрде беру керек. Осылайша, цифрлы формат көмегімен кез келген отандасымыз, ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер 6 айдан 1 жылға дейін шектеу орнатып, букмекерлік кеңсе мен онлайн казинода ойнау құқығынан уақытша айырылады.
– Лудомания, құмар ойындардан өзіңізді сақтағыңыз келсе, бүгінде электрондық үкіметте арнайы бөлімше пайда болды. Өтінім беру үшін «eGov mobile» мобильдік қосымшасында «Қызметтер», содан кейін «Спорт» бөліміне өтіңіз. Қызметтер тізімінен «Құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуды шектеу жөніндегі сервисті» таңдау қажет. Ашылған бетте шектеу мерзімін айлармен көрсетіп, «Қызметке тапсырыс беру» түймесін басыңыз. Әрі қарай сіз жылдам қол жеткізу кодын немесе биометрияны пайдаланып, қызметке қол қоюыңыз керек. Қызметке қол қойылғаннан кейін өтінім мәртебесімен таныса аласыз. Өтінімді құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын шектегісі келетін адам ЭЦҚ пайдалана отырып беруге тиіс. Үшінші тұлғалардың өтінім беруіне жол берілмейді. Бұл тетік қаржылық проблемалар, лудоманиямен байланысты жеке мәселелерді айтарлықтай төмендетеді. Әрі өтінімдерді өңдеуге кететін уақытты үнемдейді, – деді Қазалы аудандық ХҚКО маманы.
Осылайша, кез келген азаматқа, әсіресе құмар ойындармен шектен тыс әуестенетін тұлғаларға барлық лицензияланған ойын мекемесі мен букмекерлік кеңселердің заңды сайттарына кіруге лезде тосқауыл қойылады. Егер пайдаланушы қызметті алуға өтінімді бұрын берген болса, қайтадан алу да қарастырылған. Тек бұрынғы өтінім туралы ақпараттық хабарлама көрсетілген тұста «Иә» сөзін басып, мерзімін ұзартуға болады. Ізінше сервис өтінімді тіркеп, қолданушыны құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан шектелген адамдар тізіміне өтінімді қайтарып алу құқығынсыз енгізеді.
Жаһандық мәселеге айналған лудоманияны ел Үкіметінің қолға алып, қазақстандықтарды аталған қауіптен сақтаудың жолын жасауы көңіл қуантады. Хақ тағала «Сақтансаң, сақтаймын» дейді. Сол үшін талайды орға жығып, құздан құлатқан құмар ойынның құрығына түспесі үшін өзіңізді һәм болашағыңызды сақтап, ойынқұмарлыққа шектеу қойғаныңыз абзал.
Жалпы лудомания – біріне бизнес болса, біріне құмарлығын қанағаттандыратын іс болып есептелетіні хақ. Соған қоса, ол қазақ қоғамының тамырын кесетін, қасіретті әрекеттердің бірі. Тек қазақ қоғамы ғана емес, адамзаттың індеті, дерті. Сондықтан, әр адам өз құмарлығы мен нәпсісін тыя білуді үйренсе дейміз.
Серік АҚМЫРЗА