Азарт жарнамасы жамырап тұр
Құмар ойын құрығы бүгінгі күннің өзекті мәселесі екеніне ешкім дауласа қоймас. Әуеліде 100-200 теңге салып көрумен басталатын індет кейіннен тапқан-таянғанын түгелімен ойынға салып жіберумен, соңы миллиондаған қарызбен аяқталатынын көбісі біле бермейді. Оның арасында бала-шағасын қамтамасыз ете алмау, ажырасу, ұрлық жасау, тіпті суицид де орын алып жатады. Бұған әркімнің санасы қарсы тұруы керек деген ойды айтамыз. Алайда адамның құмар ойынға қызығушылығы қайдан басталады деген сауалға жауап іздемейміз. Соның кесірінен бүгінде букмекерлік кеңселердің қалтасы қомпайып, «азартниктер» саны еселеніп кетті.
Азарт – медициналық ауру
Рас, ғалымдар құмар ойынға қызығушылардың санасын потологиялық ауру, яғни психикалық ауытқуға ұшыраған деген тоқтамға келді. Бұған сенбесеңіз, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «лудомания» деген терминді дүниеге әкелді. Демек азартқа құлшынысы бар жандар маскүнем, нашақор сияқты эмоцияналды тәуелді адамдармен теңестірілді деген сөз. Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда орта есеппен лудоманиямен ауыратын 400 мыңға жуық ойыншы бар. Қадамын шалыс басқан бұлардың әрқайсысының орташа қарызы 10 миллион теңгеден асатын көрінеді. Соның зардабынан әрбір 10 жұптың 7-еуі некелерін бұзады. Құмардың құрығына енді ғана түсіп, әзірге қарызға кіре қоймағандарды қоссақ бұл көрсеткіштің әлдеқайда өсетіні анық. Ал Қазалы ауданы бойынша азартқа санасы жеңілгендердің ресми саны белгісіз. Алайда карта, спорт ойындарына, компьютерлік бағдарламаларға есе жібергендер қарасы қалың екені анық.
– Құмар ойын ойнағанымды жасырмаймын. Керек десеңіз, осындағы үш адамның біреуі ақша тігіп ойнайтын ойындардың клиенті деп айта аламын. Осы кезге дейін құмар ойынның барлық түрін ойнап көрдім. Бұған интернет пен әлеуметтік желідегі жарнамалар қызықтырып әкелді. Ең алғашқысы – «1xBet». Футболға бәс тігетін едім. Бірде 100 мыңдап ұтамын, кейде сондай ақшаны ауаға ұшырамын. Қазір мұны тоқтатқаныма 8 айдан асты. Бұдан кейін «pinup» деген сайтқа тіркеліп, ойнның жүйесін түсініп алдым. Алғашында 200-300 мың теңгедей пайдаға шықтым да, бірер аптадан соң 500 мың қарызға қалай кіргенімді аңғармай қалдым. Мұны да дер кезінде қойдым. Ол үшін ерік-жігерің мықты болу керек шығар. Өйткені менімен бірге ойынды тоқтатып, кейін қайта бәс тігіп кеткен бірнеше досым бар. Айтқанға көнбейді, – дейді кент тұрғыны Дәулет Есмырза.
Желідегі жарнама желөкпе етеді
Жарнама дегеннен шығады, жоғары оқу оқып жүргенде, белгіленбеген жерден өтіп, айыппұл арқалағаным бар. Студенттің қалтасында қаржы бола бермейтін түсінікті, хаттама толтырып жатқан полицейге «айыппұл салмай-ақ қойыңызшы» деген бұйымтай айтқан едім. Оған: «Бір мың теңге салып, «ставкадан» көтеріп алсаң, төлейсің ғой», – деген жауап естідім. Әрине күлкілі естіледі. Бірақ қазір одан да күлкілі әрі еліткіш жарнама ғаламторда толып жүр. Youtube-тен видео ашсаңыз, алғашқы 5 секунд букмекерлік кеңселерді жарнамалайды. Әлеуметтік желінің лентасын жүгіртсеңіз, бәстен ақша ұтып, алаңсыз көңіл көтергендердің келбеті қызықтырып тұр. Дәл осы сәтте Үкімет деңгейінде бақылау жүргізілмейтіні бір өкпелетсе, оның құрығына түскендерге араша түспейтін билік екінші рет наразылықты күшейтеді.
Мәселен, АҚШ-та құмар ойындар проблемаларымен күрес жөніндегі қауымдастық бар. Шынтуайтына келгенде, Қазақстанда азартқа санасы жығылғандар мұхиттың ар жағындағы елден көп көрінеді. Алдымен осы қауымдастықтың зерттеуіне тоқталық. Зерттеуге сәйкес, әлемдегі кез келген қала тұрғынының аяқ астынан қылмыскерге айналуы 6% болса, маскүнемге айналуы – 34%, нашақорлыққа салынуы 32%-ды көрсетеді. Қызықты қараңыз, ад пенденің әп сәтте ойынқұмар атануы 48 процентке жетеді екен. Демек құмар ойынның еліктіру күші есірткіден де асып түседі.
Осы тұста құмар ойындармен күресу үшін алдымен ойын бизнесін тарату және жарнамалау саласындағы заңнаманың орындалуына бақылауды күшейту қажет екенін түсінеміз. 400 мыңға жуық «азартник» енді 5-10 жылдан кейін бірнеше миллионға жетуі ғажап емес. Алайда Үкімет мұндай мәселені қарап отырған жоқ. Соған сай «азартниктердің» нақты саны, олардың бұл жолға қалай келгені, қалай шығару керектігі жайында зерделенбейді. Әрі-беріден кейін БҰҰ аурулар қатарына қосқан азаматтарды емдеуге медицина қауқарсыз. Өйткені бұл бағытта жұмыс істейтін методика, қажетті маман жоқ. Яғни індетке іркіліс жасалмайды, тоқтам қойылмайды. Арғысын, болашақты өзіңіз бағамдай беріңіз.
Ұлтты ұсақтап алмайық
Арғысы деп отырғанымыз – болашақ. Ал болашақ бүгінгі балалар екені түсінікті. Қазіргі жеткіншектердің ғаламторда сағаттап отыратынын ешкімнен жасыра алмаймыз. Құмар ойынның жарнамасынан көз сүрінеді. Осының жетегіне еріп, мектеп жасындағы оқушылар да бәс тігіп жүр. Олар кәмелет жасқа толмайынша арнайы сайтта тіркеле алмайтын шектеуді айналып өтетін жол тапқан. Үйдегі үлкендердің немесе таныс ағаларының жеке куәлігімен тіркеу жасайды да, сонымен «ставкаға» үйренеді, сабағы жайына қалады. Ал одан келешекте мықты маман, ұлжанды азамат күту неғайбыл. Белгілі кәсіпкер Ібайдулла Тілеп бала тәрбесіндегі әкенің рөліне аса мән бермесек, ұлтты ұсақтап алуымыз мүмкін екенін айтады.
– Еріншектік пен еңбексүйгіштік керағар ұғым. Екіншісіне ерте араласқан жас келешекте бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін иммунитетке ие болады. Ал ерке баланың еріншектігіне бейжай қарасақ жеңіл пайдаға ұмтылуы, аманатқа қиянат жасауы ғажап емес. Бүгінгі күні букмекерлік кеңселердің ішін толтырып отырған азаматтардың көпшілігі жасынан еңбектің ғана наны тәтті деген тәмсілді терең түсінбеген деп өкінішпен айтуға болады. Олардың ізінен кеше ғана мектеп бітірген балаңыздың ергенін қалар ма едіңіз? Ендеше кішкентайларымызға еңбекпен нан табуды, оның қандай маңдай термен келгенін түсіндіруден аянып қалмауымыз міндет, – дейді экс-депутат.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ