Салық кодексіне қатысты көптеген өтініш келіп түсті, мен премьер-министрге тапсырма бердім – Тоқаев
Фото:АқордаПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне Салық кодексіне қатысты көптеген өтініш келіп түскенін, соған байланысты премьер-министрге тапсырма бергенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Соңғы кезде маған жаңа Салық кодексіне қатысты көптеген өтініш келіп түсті. Мен Премьер-министрге нақты тапсырмамды бердім. Үкімет арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін кәсіптердің тізімін бұрынғы қалпында қалдырды", - деді Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта шағын және орта кәсіпті қолдау үшін басқа да шаралар қолданылатынын мәлімдеді.
"Бизнес салық реформасынан зардап шекпеуге тиіс. Ондай жағдайдың алдын алу үшін Үкімет кәсіпкерлермен сындарлы диалог жүргізуі қажет. Дегенмен экономикалық реформаларды мүлде тоқтатуға болмайды, қаншалықты қиын болса да, оң өзгерістерді міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Әйтпесе, бәріміз жаппай құлдырауға ұшырауымыз әбден мүмкін", - деді президент.
Президент мемлекет, бизнес және жалпы қоғам күш біріктіргенде ғана Әділетті Қазақстанды құра алатынымызды алға тартты.
"Еліміз еңсесін тіктеді, аяғына нық тұрды. Экономикада оң қарқын байқалады. Халықаралық қаржы институттары тарапынан жоғары несие рейтингін иеленуде. Экономика дамуының негізгі көрсеткіші – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының артуы. Бұл – менің берік ұстанымым", - деді Тоқаев.













