Лудомания: Қызығушылықтан құмарлыққа
Несін жасырайық, елімізде цифрлық даму тәй-тәй басқаннан-ақ құмар ойындар белең алды. Соның салдарынан азартты ойындарға қызығушылығы артқандар саны көбейіп келеді. Әдетте мұндайды «Лудомания» деп атайды. Талайды орға жықты, қақпанына түсірді, тіпті кейбірінің жанын жалмап кетті. Жыл өткен сайын азартты ойындардың қолжетімді болғаны соншалық, кез келген жанның смартфонындағы қосымшасынан, мұнымен қоса көптеген қазақстандық ресми БАҚ сайттарынан да табылады. Бұдан бөлек, ақшаға арын сатқан блогерлер де «Жеңіл табыс» сөзімен талайды әкеліп, осы былыққа батырған.
Сандарды сөйлетсек...
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биыл елімізде лудоманияға шалдыққан жандар саны 36 мыңға жеткен. Ал ҚР Парламенті мәжілісі депутаттарының есебі бойынша, құмар ойын құрығына іліккендер саны 350 мыңнан асып жығылады. Әрине, тиісінше бұлардың басым бөлігі ер адамдар.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ғалымжан Мұстафаевтың мәліметінше, бүгінде букмекерік кеңселерде 2 миллион шамасында ойын аккаунттары тіркелген. Оның 300 мыңдайы белсенді қолданушылар.
Букмекерлік кеңселер мен құмар ойын ұйымдастыратын компаниялар табысы былтыр 6 есе өскен. Соңғы үш жылда қазақстандықтар бәс тігуге 1 триллион теңге жұмсаған деген дерек бар. Республикалық бюджеттің өзі биыл 21 триллион теңге деп бекітілген. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, ойын бизнесін ұйымдастырушылар былтыр 109 миллиард теңге салық төлеген. Мұны ескерсек, ойын бизнесіндегі қаржы айналымы қаншалықты көп екенін елестете беріңіз.
Мәселе түйткілге айналғаны соншалық қыркүйек айында Президент төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында талқыланды.
– Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс, – деді Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Көріп отырғандарыңыздай елімізде жағдай мәз емес. Аталмыш мәселемен күресудің тоқсан түрлі тәсілін таппасақ лудомандар саны арта берер түрі бар.
Қалтасын қаққан талайдың, лотоның жапсақ сарайын
Шыны керек, үлкен соммадағы несиені тек өзі ғана емес өзгеге де алдырып, сан соғып жүргендер Қазалыда да жетерлік. Оған бірден-бір себепші болып тұрған аудан орталығында орналасқан екі «Лото» сарайы. Аптаның жеті күнінде де келушілерге есігі айқара ашық тұрған орын талай қазалылықты қасіретке ұшыратқан.
Олай деуімізге негіз бар. Өткен жылы Азамат есімді жігіт үлкен соммада несие алып, аталмыш орынға «Нар-тәуекел» деп барған. Алғашында ойлағанынан көп ақша ұтып, кейін бағын қайта сынап «Лото клубқа» келген. Тиісінше, қалтасы қағылып, жұбайының смартфоны арқылы тағы 2 миллион теңге несие рәсімдеп, алдыңғы кеткен есесін қайтармақ болады. Алайда сәтсіздікке ұшырап, суық күйде үйіне оралған ол дарға асылады. Абырой болғанда, үйінде кешкі шәйін ішіп отырған ағасы ажалдан арашалап қалған.
Артынша, басу айтып, оның ашылып сөйлесуін сұраған ағасы барлық шығынын естіп, жаға ұстаған. «Бас сынса, бөрік ішінде. Қол сынса, жең ішінде» деп, өз атынан несие рәсімдеп, бауырын құмар ойынның құрығынан шығарудың амалын жасап, барлық шығынын өтеген.
Бұл әңгімені біз кейіпкердің өз аузынан естідік. Алайда оның сұрауы бойынша есімі өзгертілді. Істеген ісіне қатты өкінетінін айтқан ол басқа жігіттерді өзінің қателігін жасамауға шақырды.
– Әттең... Уақытты кері қайтара алмайсың. Осыны ойласам, ішім қан жылайды. Менің осы қателіктерімді естіген-білген жандар болса, қайталамаса екен деймін. Құмар ойын бір көзге жеңіл көрінгенімен, оның жүгі өте ауыр. Әке-шеше, бауыр, ағайын-туыстың абыройын айрандай төгіп, мұнан кейін тіпті өмір сүргің де келмей кетеді. Бірақ олай шешім қабылдамау қажет екенін енді түсініп жатырмын. Адам баласына өмір бір-ақ рет беріледі. Бас аман болса, бәрінен де құтылып, әрбір істен сабақ алу қажет, – дейді ол.
Бұл Қазалы ауданындағы бір ғана адамның өмірінде болып жатқан жағдай. Ал ауданда «Лото клубтың» тұрақты тұтынушылары қаншама. Осыдан 1-2 жыл бұрын аудан тұрғындары «Бес этаж» атап кеткен орында құмар ойын сарайы жалғыз ғана болатын. Сол кезде тұрғындардың басым бөлігі оның жабылуын сұрап, тіпті келісім берген жандардан қол жинаған. Алайда мәселе мәресіне жетпепті. Керісінше, ауданда дәл сондай орынның екіншісі ашылды. Әрбір дамушы елдің басты құндылығы – адам екенін еске алсақ, аудандағы тиісті орындағылар сол адамның амандығына кепіл болардай шешім қабылдайды деп сенеміз.
Ойынқұмарлықтан дерті дендегендер қайтпек?
Ойынқұмарлыққа шалдыққандар көбіне психологиялық ауытқуға жолығады. Сол үшін дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны психикалық ауытқуға соқтыратын сырқаттар санатына қосқан.
Елімізде мұндай ауруға шалдыққандарды емдейтін арнайы оңалту орталығы бар. Бүгінде оңалту орталығында осы ауруға шалдыққандар саны отыз мыңнан асқан. Онда лудомандар арнайы психологиялық курстар, ем қабылдайды. Смартфонсыз, әлеужелісіз өмір сүресіз. Орталықта тіпті, барлығы сәтті өтіп, мерзімді ем қабылдап, шыққандар да көп. Бір өкініштісі сол, оңалту орталығынан 100 пайыз қайта қоғам ортасына оралған жандардың 15 пайызы құмар ойынның құрығына қайта түсіп жатыр.
Психолог Аружан Аңсағанның сөзінше, бәс тігетін жандар қанағатшылдықты ұмытады екен.
– Мәселе ақшада емес. Бәс тігетіндерге ақшаның құны жоқ. 200 мың теңге 2 мың теңге сияқты. Адам көп бәс тіккен сайын ақ-қараны ажырата алмайтын күйге түседі. «Барлығы бақылауда. Бұдан кез келген сәтте шыға аламын» деп ойлайды. Өзін ешқашан құмар ойынның құрбанымын деп мойындамайды.
Оларға эмоция жетіспейді. Сөйтіп, эмоция алу үшін барын береді. Сол үшін артық энергияңыз болса, эмоция шығару үшін түрлі спорт секциялары немесе кибер спорт жолына түсіп, жұмсағаныңыз абзалырақ, – дейді психолог.
Құрықтау амалы қайсы?
Елімізде лудоманиямен күресу жолында түрлі амалдар жасалуда. Соның бірі – өткен қыркүйек айындағы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің құмар ойынға салынғандарға қарыз беруді қатаңдатуды ұсынуы болды. Екінші деңгейлі банктерден лудомандар несие рәсімдей алмауын қадағалау. Яғни, кредит алушының құмар ойындарын жиі ойнайтыны белгілі болса, оның борыштық жүктеме коэффициентінің ең жоғары деңгейі – 0,25-пен шектеледі. Негізін Ұлттық банк барлық қарыз алушылар үшін бекіткен деңгей – 0.5.
Осы ретте, «қарыз алушының ойын бизнесіне қаншалықты қатысы бары қалай айқындалады?» деген сауал туады. Бірақ оның да шешімі бар. Егер адам соңғы 6 ай ішінде ойын бизнесін ұйымдастырушының пайдасына 300 мың теңгеден астам сомада үштен көп мәрте төлем жасаған болса, онда мұндай тұлғаға кредит беруде жоғарыда аталған шектеу шарасы қолданылады.
Құжатқа сәйкес, егер қарыз алушы ойын бизнесіне белсенді қатысатын адамдар тізімінде тұрса, банк оң шешім қабылдамайды.
Сондай-ақ ойын бизнесінде белсенді танылған несие алушыға ашылған кредиттік желі шеңберінде қарыз беруді қоспағанда оған қосымша қарыз берілмейді.
Әрине мұнымен мәселе шешімін тауып кете қоймасы анық. Дегенмен ойын бизнесіне құмарлыққа тосқауыл болар әрбір іс жүзеге асырылуы тиіс деп білеміз.
PS: Ойын автоматы кімнің көйлегін көк, қарнын тоқ етті. Ондай жағдайды естімеппін. Керісінше, құмар ойын құрдымның қақпағы көрінеді маған. Қалтаға түскен азғантай тиынға үйде жолыңды тосып отырған жарың мен балаларыңа бір нәрсе алсаң, берекет кірмей ме үйге?! Сол сенің ойын автоматын ұтқаның болар еді. Құмар ойынның құрығына түскенше, үйдегі баланың ойынын қызықтаған абзалырақ болар.
Серік АҚМЫРЗА