Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар зиянды заттарға неге әуес?

Жастар зиянды заттарға неге әуес?

Бүгінде зиянды заттарға әуес жастардың қатары артып келеді. Барлығына бірдей күйе жаға алмаймыз. Дегенмен нашарқорлық, ішімдік, темекі және құмар ойынға барынша берілген жасөспірімдердің бар екені жасырын емес. Анығында олардың мұндай теріс жолмен жүруіне не себеп?
Спирттік ішімдік, есірткі, темекінің адам өміріне пайдасыз екені белгілі. Мұны біле тұра бұған жасөспірімдердің бір табан жақын болуы көпті ойландырмай қоймайды. Денсаулығы мен білімі төмен, зиянды әдеттерге әуес, жалқау жастары бар жұрт қашанда әлсіз, әрі қорғансыз. Елдің ертеңі ­жастар екенін ескерсек, бүгінгі ұрпақты салауатты өмір салтына тәрбиелеуді естен шығармай, әрдайым қадағалап отырсақ құба-құп.


Темекі тарту тартымды іс емес
Ең алдымен күнделікті көз көріп жүрген көп жастардың темекі түтінін будақтатып жүргенін айтпай кетуге болмас. Өйткені қазірде қолыңды сілтесең айналадағы еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін темекіге әуес. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы темекінің адам өміріне зиян екендігін айтып қанша дабыл қақса да, бұдан бас тарту оңайға соқпай тұр.
Әлемде 1 миллиард адам темекі тартады екен. Ал жылына шылым тартушылық салдарынан түрлі аурулардан 6 миллион адам көз жұмады. Оның 600 мыңы балалар мен жасөсіпірімдер. Негізінен шылым шегу – ең кең таралған зиянды бактериялардың бірі. Қазірде алдыңғы қатардағы мемлекеттерде оны тұтыну кесірінен жан тапсырған ер азаматтардың саны бірқалыпты деңгейде тұрады немесе төмендеп кетеді екен. Ал әйелдер арасында бұдан өлушілер жыл санап өспесе, кемімей тұрған көрінеді. Біздің елде 3,2 миллион, яғни 33 процент адам темекі түтінін жұтуға әуес. Елдегі қыз-келіншектердің 9,8 проценті темекі тартқыштар саналса, 12 жастан асқан балалардың 7,5 проценті шылымқорлық дертіне ұшыраған.
Осы тұста бұдан келетін ауруларды білгеніңіз артық болмас. Өйткені ол созылмалы бронхит, туберкулез және басқада өкпе ауруларына шалдықтырады. Мұнан бөлек атеросклероздың, инфаркттың және инсульттің дамуы мен онкологиялық ауру қаупінің негізгі факторлары болып табылады. Темекі тартатындардың тамырлары 10-15 жыл бұрын тозады, терінің қартаюы 20 жылға ерте басталады, ал өмірлері 10-15 жылға қысқарса керек. Оның зияны ата-анадан балаға да әсер ететінін ұмытпаған жөн. Ол туа біткен дене кемістігіне, генетикалық ауруларға және балалардың қатерлі ісіктеріне, соның ішінде лейкемияға әкеледі.

Ессіздің еншісі болған есірткі

Бүгінде тағы бір күн тәртібінен түспей жүрген мәселенің бірі – нашақорлық. 2000 жылы әлемде шығарылған апиынның жалпы көлемі 6600 тоннаны құраған болатын. Ал одан кейінгі нақты деректерді білу оңай болмаған. Әлем елдері секілді есірткі тұтынатындар жағынан біздің ел де қалыспай тұр. Өкініштісі, қазір біздің елде нашақор балаларды есепке алу жиі жүргізілетін көрінеді. Қазіргі қоғамның жұқпалы дертіне айналған мұны әлемде 500 миллионнан астам адам қолданады. Есірткінің түрі көп, оның әрбірі адамға әртүрлі әсер етеді. Кейбір желөкпелер мұның оңай жолын таңдаған сыңай танытып, тұрмыстық химиялық улануға әуестеніп алған. Мұның өзі денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Осыдан соң жастар білместіктен қоршаған ортаның сипатты әрекертіне иланып, ақылға сыйымсыз іс жасап тұрғанын аңғармай қалады.
Дәрігерлердің айтуынша, естірткінің ерекшелігі өте зор. Ол бір рет дәмін татқаннан кейінде іздеп тұруға алып келеді. Артынша өз-өзін ұстай білмейтін «тағы бір мәрте дәмін татсам немесе иіскесем, шексем есірткіге тәуелді болмаспын, ләззатқа бөленіп алайын» деген түйсік жетегіне еріп кетеді. Мұның соңы үлкен қасіретке апарады. Бүгінде қаншама айрандай ұйыған отбасының шаңырағы ортасына түсіп жатқаны да осының кесірі.

Құрығы мол құмар ойын
Жастарға зияндылар қатары тек темекі және есірткімен тоқталып қалмайды. Соның ішінде тамырын тереңге жайған құмар ойындар да бар. «Қап, жолым болмады. Осы жолы ұтатын шығармын, тағы да ойнайын... Бүгін менің күнім емес-ау?! Ақша алып тағы келемін» деген сөздер сол жолда жүрген жасөспірімдерге жақсы таныс. Бар тапқан-таянғанын құмар ойынға салып, отбасынан, дос-жарандарынан ­алыстап жатқан жандар қаншама?! Оған құлшынып, бәс тігіп, ата-анасын алдап, барлық ақшаны соның еншісіне беріп, өмірден баз кешіп жүрген жас ұрпақтың ісі де көпті ойландыруы тиіс мәселе.
«Оңай жолмен келген ақша, орынсыз кетеді» деген сөз бар. Қанша ұтқаныңмен кәдеңе жарамайтын қу қаржының жетегінде жүрген бауырлар құмар ойынның құрбанына айналып бара жатқанын жасыра алмаймыз. Бір айлық табысыңды бір сағатта құмар ойынға салып жіберу адам сенгісіз нәрсе. Дегенмен мұндай жандар да арамызда көптеп кездеседі.
Психологиялық тұрғыдан бұл дертке «лудомания» деген атау берілген. Оған көбінесе жастар ұшырайды. Лудомания жасөспірімдердің көңіл-күйіне, рухани дамуына, сапалы білім алуына кері әсерін тигізеді. Осыған құмартқан адам түрлі қылмысқа да барады. Қарызға белшеден батып, қалайша тәуелді болғанын білмей қалатын көрінеді.
Бұдан бөлек денсаулыққа зиян, болашақты бұлыңғыр ететін ішімдіктің жанға жайлы еместігін көпшілік біледі. Талай жанның өмірін құрдымға жіберген де осы ащы су. Ыдысқа сыйғанымен адам бойына жұғыспайтын мұның кез келгеннің жанын қатты өзгеріске ұшыратып, арты түрлі жағдайға алып келеді. Бұл тақырыптар төңірегінде түрлі зерттеу жасалып, олардың алдын алу шаралары өтіп жатқанымен оған тәуелді жандардың да қатары азаяр емес.
Біз қозғап отырған жағдай өсіп келе жатқан жастың болашағын бұлыңғыр етіп, тура жолдан тайдырады. Ертеңгі күн жастардікі десек, мұның барлығы олардың салауатты өмір салтын ұстап, денсаулықтары мықты болып, алға қарай өрлеудің есігін айқара ашпасы анық.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
08 шілде 2020 ж. 2 848 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930