Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіске жол ашқан бозкөлдік батырлар

Жеңіске жол ашқан бозкөлдік батырлар

Соғыс болған кәтерлі күндерде қаһарман қалалар үшiн болған шайқастарға бозкөлдіктер де қатысты. Солардың бірі гвардия қызыләскері Рүстем Дәріқұлов. 1912 жылы бұрынғы №8–ші Қаракөл ауылдық кеңесінде «Бесарал» деген жерде дүниеге келген ол соғысқа дейін Дзержинский атындағы ұжымшарда тұрып, соғыс басталған алғашқы күні-ақ әскерге шақырылады.
Алдымен 699-ші әскери бөлімде оқу-жаттығу, басқада дайындықтан өткеннен кейін, Ленинград түбінде 45-ші гвардиялық атқыштар дивизиясына алынады. Одан бірнеше күнгі іріктеуден өтіп, 134-ші атқыштар полкінің құрамына жіберіледі. Бұл Жоғарғы Бас командование Ставкасының қоршауын бұзу операциясын жүргізуді Ленинград майданының қолбасшысы генерал-лейтенант Л.А.Говаровқа тапсырған кезі еді.Леонид Александрович Ленинград үшін болған шайқастарда аса көрнекті роль атқарды. Оның таланты Ленинград блокадасының бұзылуымен, жаудың қоршау шеңберін күл-талқан еткен тапқырлығымен сипатталады.Осы оқиғаға дейін фашистер Ленинградты қоршап алып, саны жағынан да, техникасы жағынан да жеткілікті дивизияларымен қаланы қыспаққа алып, оны алуға тырысады. Алғашқыда тез-ақ аламыз деген фашистердің ойы жүзеге аспады. Өйткені жаудың қандай мүмкіндіктері барын біздің әскерлер әбден айқын білді. Оның үстіне біздің командирлер соғыс ісін терең білетіндігі, оны үнемі бақылауда ұстады. Осы қақтығыста Рүстем ауыр жараланады. Елге 1943 жылдың 15 қаңтарында, «Ленинградты қорғауда ерлікпен қаза тапты» деген елге «қара қағаз» келеді. Олай болатын себебі де бар. Алғашқыда әбден қансыраған оны опат болды деп ойлағандар есін жинағанын көрген. Өкініштісі сол, елге бір аяғын майдан даласында қалдырып, соғыс мүгедегі болып оралды. Оның өр кеудесіндегі «Ленинградты қорғағаны үшін» медалі сол соғыста көрсеткен асқан ерлігінің айқын айғағы.
Соғысты Финлияндиядан бастаған Мырза барлық майдандарды жағалап, сонау Берлинге дейін барған. Оның өзінің айтуы бойынша жиырма бір жасында әскерге алынып, одан бұл жорығы Ұлы Отан соғысына ұласқан.
«Орыс деревнясының түбінде орналасқан біздің ротамыз бораған оққа қарамай, шабуылға қайта кірісетін. Сұм соғыста болған арпалыстың қайсы бірін айтып таусайын. Бетпе-бет келіп, әбден шиелінісіп, кескілескен шайқастарда болған қоян-қолтық ұрыс кезінде, талай дұшпанды жер жастандырдық. Бізге қойылған міндетті орындап, офицерлерін тұтқынға алдық. Алайда, екі рет ауыр жараланып медсанбатта ес жинаған кезім де болды», – деп үнсіз отырып қалатын қарт большевик,–деп ағаларымыз еске алатын.
Мырза Смайлов 1918 жылы дүниеге келген. Соғысқа дейін №8–ші Қаракөл ауылдық кеңесінің Андреев атындағы ұжымшарында жұмыс істеген. Жауынгер жоғарыдағы шайқастарда көрсеткен ерен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», I және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендері, «Ерлігі үшін», «Маршал Жуков» медальдарын алған қазақ. Сондай-ақ, оған тән қасиеттердің бірі – өзі отырған жерде айналасын тәлім-тәрбиеге шақырып отыратын. Атамыз соғыстан аман оралып, өзі мүше болған ұжымшарда бригадир, қойма меңгерушісі, кейін «Бозкөл» кеңшарында ұзақ жыл сауда саласында еңбек етіп, үй ішімен тағдырының бұйыртқан бейбіт ғұмыр кешті.
«Одесса бағытындағы соғысқа қатыстым» деуші еді әкеміз көзі тірісінде, –дейді Ізетбек атамыздың балалары. «Әкемнің бірнеше рет ерекше ерлік көрсетіп, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, сонымен бірге «Одессаны қорғағаны үшін» және бірнеше медальдармен наградталуы тектен-тек болмаса керек» дейді балалары тағы да, әкелерінің айтқан әңгімелерін есіне алып, әсерлене түсіп. Оқ бораған жерде өлімде аз болмайды. Одесса түбінде болған ұрыстарда алдымен қызыл армияның ерекше ерліктері айтылады. Содан соң, шығында аз болмаған-ау. Біздің әскерлер Одесса түбінде дұшпанның он сегізден астам дивизиясының шебін бұзып, үлкен шығынға ұшыратып, тас-талқан қылған.
Барлық майдандарда да жағдай жеңіл болған жоқ. Соғыстың алғашқы ауыр күндері жаудың қисапсыз әскеріне төтеп беру қиын болды. Осындай қызу ұрыстарда болып, жасаған ерліктері әлі күнге дейін айтылмай жүргендер бар. Солардың бірі кешегі қан майданда «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталған, тағы да «Қызыл Ту», I–ші және II–ші дәрежелі «Отан Соғысы» ордендерін алған – Құрманбай Қытанов.
Әбден сарғайып түсін өзгерткен құжаттар Тойбазар атамыздың «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталғанына көз жеткізеді. Кешегі қызыл армияның ВКП [б] мүшесі, әрі қатардағы жауынгері Тойбазар Байкенов әуелі кіші командирлік оқудан өтіп, ұрыс әрекеттерін меңгерген. Содан соң, бөлімше командирлігіне тағайындалып, ілгері жылжыған кеңес әскерлерінің жолын ашып, көптеген жаңа деректер жинаған. Өйткені майдан басшыларының барлаушыларға тапсырған міндеттері өте үлкен. Тойбазар Байкенов соғыстан кейін кеңшарда ұзақ жыл лауазымды қызметте болып, игілікті шаралар атқарып, биік мәртебеге ие болғандардың бірі.
Смоленск бағытындағы тойтарыс, Харьков аймағындағы қырғын, Днепрден өтіп Киевті азат ету, Белоруссиядағы қарсы шабуыл, Берлинді алу және Рейхстагтың іргесінде көп жауынгерлер қаза тапты. Атақты гвардиялық атқыштар дивизияларының құрамында ауылдан аттанған аталарымыз табандылықпен шайқасты.
Тарихта қаһарман Брест қамалы–ерліктің жоғарғы көрінісі болды. Осы Брест қорғанындағы соғысқа қатысып, ұрыс даласында хабарсыз кеткен Ескермесов Досжан, Брестке әскерге шақырылып, 1947 жылы елге аман оралған Сатыбалдиев Нұрсұлтан туралы деректер жинастыруда.
1943 жылдың 21 шілдесінде лейтенант А.Романский өзінің он сегіз жауынгерімен ерлікпен қаза табады. Сол қаза болғандардың бірі – құралайды көзге атқан Ордабай Жүргенов. Ол Любожное ауданы, Теплое селосы мен Хуш селосының екі аралығына жерленген. Зор тәуекелге бел байлаған он сегіз жауынгерге «Кеңес Одағының Батыры» атағын беру туралы шешім қабылданыпты. Жерлесімізге бұл атақтың берілмейді. Сол себептен облыстық әскери–патриоттық «Пограничник» клубы қаза болғандарға «Ресей Батыры» атағын беру жөнінде В.Путинге ұсыныс жасауда.
Досжан Қуандықов 1905 жылы бұрынғы Э.Ф.Дзержинский атындағы ұжымшар аумағында дүниеге келген. Соғыстан оралғасын бірнеше жыл осы ұжымшарда төраға болып еңбек етіп, тары егісінен мол өнім алып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Ол өзінің 1942–1945 жылдары Волхов, Ленинград, екінші Белорус майданында соғысқа қатысқанын айтып отырады екен. Сол майданда оған кіші сержант шені берілген. Осы аралықта 1027 атқыштар полкіне артиллерия кіші командирлігіне жіберіледі.
Екінші Белорус майданы күштері Минск аймағында қоршауға алынған жау әскерлерін құртумен болады. Одан жүздеген километрге дейін алға басып, Гродно аймағында Неманға шығады. Ост–Одер мен Вест–Одер өзендерінің ойпаттарын дұшпандардан тазартады. Берлин операциясы жорығына қатысқан оның сарғайған құжаттарында И.В.Сталиннің алғысы жарияланған. Өйткені біздің майдангеріміздің жеңіс күнін жақындатуға қосқан үлесі мол.
1945 жылғы 18 тамызда Досжан Қуандықовқа осы күні ауыл орталығындағы көшелердің аттарына сол ауыр жылдары көрсеткен Шындалы Бердібаев, Алтынбай Жолжановтың есімдері берілген.
Ләззат ӘБДІХАЛЫҚОВА
07 мамыр 2024 ж. 200 0