Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тасқыны: Үміт. Күдік. Арпалыс

Су тасқыны: Үміт. Күдік. Арпалыс

Ауыл іші тегіс дарияға айналған бейне әрқайсымыздың жадымызда тұр. Күн сайын күрделеніп бара жатқан бұл құбылыс дүйім елдің қабырғасын қайыстырып отыр. Мал біткен аяусыз қырылса, бағыты жоқ су тұтас ауылды шайып барады. Қарғын су алған аймақтардағы қазіргі ахуал қандай? Күндерекпен шолуды жөн көрдік.

Су тасқыны басталғалы бері эвакуация аймақтарынан 72 мыңнан астам адам құтқарылды, 16 мыңы бала деп мәлімдеді Төтенше жағдай министрлігі. Эвакуацияланған халықтың үштен бірі ғана уақытша қоныстандыру орындарына орналасқан, қалғаны туыстарына кеткен. Қазір Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жағдай күрделі.
“Ақмола облысында екі ірі су қоймасы 99 пайызға толды, екі нысан да транзиттік режимде істеп жатыр" деді 6 сәуір күнгі брифинг кезінде су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева. Оның айтуынша, Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасы 95 пайызға толған. Аймақтағы құтқару операцияларына төтенше жағдай министрлігі, қорғаныс министрлігі және ұлттық гвардия күштері жұмылдырылған. ТЖМ хабарлауынша, қазіргі кезде 7,5 млн текшеметр еріген қар суы сорылған.
Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында жағдай күрделі. Қалада 66 мың халық тұрады. 6 сәуір кешкі жағдай бойынша, ауданнан 28,5 мың тұрғын эвакуацияланған, 6 781-і – бала. Жұрт қайық, тікұшақ және әскери техника арқылы көшіріліп жатыр. Атырау облысында 7 сәуірде Ұлы Жем өзенінің арнасын бұру үшін жасанды бөгеттерді жару жұмыстары басталған. Әкімдіктің хабарлауынша, оларды кезінде су жинау үшін шаруа қожалықтары салған.
Қостанай облысында Тобыл өзені көтеріліп жатыр. Мұнда су деңгейі 825 см-ге дейін көтерілуі мүмкін екені айтылды, 600 см қауіпті деңгей болып саналады.
7 сәуірдегі мәлімет бойынша, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында 3686 жеке үй, 557 аула және 1822 саяжай үйі су астында қалған. Эвакуация пунктерінде 14 мыңнан астам адам тұрып жатыр.
Апат-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан астам адам, 1300-ге жуық техника, 7 тікұшақ жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин ел аумағындағы су тасқынының жағдайы туралы соңғы мәліметтермен бөлісті.
«Су тасқыны басталғалы бері азаматтық қорғаныстың көмегімен 62 мыңға жуық адам, оның ішінде 15 мыңнан астам бала және 45 мүмкіндігі шектеулі азамат қауіпсіз жерге жеткізілді. Уақытша орналасу пунктеріне 13 мыңнан астам адам, оның ішінде 6 800-ге жуық бала эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар Қорғаныс министрлігі және Ұлттық ұланның әуе кемелерімен 2 607 адам, оның ішінде 760 бала қауіпсіз жерге орналастырылды. Төтенше жағдайлар министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың көмегімен 7 млн текше метрден астам су сорылды, сонымен қатар 911 мыңнан астам қап, 907 тонна инерция материал төселді. Бүгінде құтқару жұмыстарына 900 мыңнан астам адам, 2 мың бірлік техника және 500-ге жуық жүзу, су айдау құралдары жұмылдырылды», – деді Қаһарман Оразалин Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, құтқару жұмыстарына Қорғаныс министрлігі және Ұлттық ұланның 10 әуе кемесі тартылған.
«Қазіргі уақытта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы және Павлодар облысында 3365 жеке тұрғын үй, 200 аула аумағы және 1059 саяжай су астында қалды. Сондай-ақ, республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар су шайған 85 автожол және су жүрген 135 жол республикалық штабтың бақылауында», – деді ол.
Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 6 cәуір 13.00-де халыққа жолдаған үндеуінде биылғы су тасқыны соңғы 80 жылдағы ең ірі апат екенін айтты.
Оның айтуынша, мұндай ауқымды апат бұрын-соңды болмаған.
«Құрметті отандастар, сіздерге еріген қар суынан кейінгі су тасқынынан туындаған күрделі жағдайға байланысты хат жолдап отырмын. Бұрын-соңды болмаған табиғи апат орын алды. Бәкім, бұл – соңғы 80 жылдағы ең ірі апат шығар», – деді ол халыққа жолдауында.
Мемлекет басшысы елдің 10 облысында – Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті төтенше жағдай режимі енгізілгенін атап өтті. Айтуынша, оның тапсырмасынан кейін су тасқынының салдарын азайту жұмыстары күшейіп, тиісті шаралар қабылданды, премьер-министр басқаратын республикалық штаб құрылды. Енді қорғаныс министрлігі қосымша әскери бөлімдер жібереді.
– Үкімет басшысы да, оның орынбасарлары да, Төтенше жағдайлар министрі де зардап шеккен аймақтарды аралап жүр. Барлық жергілікті құтқару жұмыстары менің жеке бақылауымда. Жағдай қиын, бірақ үміт үзудің қажеті жоқ, бұл жағдайды түзетеміз. Ең бастысы – адам шығынының алдын алу, – деді Тоқаев.
Ол су тасқынынан зардап шеккен азаматтар мемлекеттің назарынан тыс қалмайтынын және барлық материалдық шығын өтелетінін атап өтті. Сондай-ақ президент қазақстандықтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысының орынбасарларына да арнайы тапсырмалар берді.
Осы жылы «Қазгидрометтің» болжамы бойынша, Қостанайдағы ең ірі Жоғары Тобыл және Қаратомар су қоймаларына жалпы көктем маусымында 450-ден 700 млн текше метрге дейін су түсуі ықтимал делінген-ді. Мұның өзі — жылдық орташа 413 млн текше метр межемен алғандағы жорамал еді. Алайда соңғы 2 күнде қос қоймаға 1 млрд текше метр су жиналған. Мамандар мұншалық ауқымдағы суды 1980 жылдан бері көрмегендерін айтып отыр.
Қазіргі уақытта, Қаратомар су қоймасының шамадан тыс толып кетуіне байланысты, артық суды ағызу секундына 10 текшеден басталып, 1,5 мың текше метрге дейін жеткізілді. Ал мұның салдары қаланың жағалауға жақын аумақтарына зор қауіп-қатер төндіріп тұр. Атап айтқанда, «Дорожник», «Садовод», «Мичуринец» бау-бақша қоныстарын және «Колесные ряды» ауданын су жайлауы мүмкін.
Өзендердегі су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр. Жағалауды нығайту, еріген қар суын сору және ағын бағытын бұру жұмыстары жалғасу үстінде.
Айта кеткен жөн, Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты бауырлас елдің көрсеткен көмегі үшін Садыр Жапаров пен Қырғызстан халқына алғыс айтты. Бұл гуманитарлық көмек екі ел арасындағы шынайы достықты, тілеулестікті және тығыз одақтастық қарым-қатынасты білдіретінін атап өтті.
Ал Атырау облысында су басқан үйді тексеруге кеткен екі ер адам өлі табылды. 7 сәуір күні түнгі сағат 23.00 шамасында Атырау облысының ТЖД күштері тыныс алу белгілері жоқ екі ер адамның денесін тапқаны жайында Төтенше жағдайлар министрлігінен хабар түсті. Еске салайық, 6 сәуірде Жылыой ауданы, Құлсары қаласында 1974 жылы туған ер адам және оның досы тиісті рұқсатсыз тракторды өз бетінше жүргізіп, су басқан үйді тексеруге кеткен және олар жол шетіне аударылып қалған. Іздестіру жұмыстарына барлығы үш жеке құрам мен бір қайық жұмылдырылды.
8 сәуір күнгі азанғы мәлімет бойынша, Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасының ернеуінен асып төгілуі 415 см-ге жетті. Өңірде соңғы рет ауқымды су тасқыны 2017 жылы тіркелген еді, ол жолы бөген 338 см-ге асып төгілді.
«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, таңғы сағат 8.00-дегі мәлімет бойынша өткен тәулікте Сергеев су қоймасынанда асып төгілген су деңгейі 80 см-ге артқан. Қазір бөген 180% толған. Су әлі де көтеріліп келеді. Болжам бойынша шарықтау шегінде бөгеннен төгілген судің биіктігі 430 см-ге жетпек. Есіл ауданы Покровка елді мекенінде бір тәулікте Есіл өзені 411 см-ге көтерілді, осылайша қауіпті деңгейге жетуге 20 см ғана қалды. Сергеевка қаласының маңында да Есіл өзені әлі көтеріліп жатыр, бір тәулікте 95 см-ге артты. Қауіпті деңгей – 1500 см-ге жетуге 175 см қалды. Шағын өзендерде су деңгейі түсіп жатыр. Мәселен Андреевка елді мекені жанынан өтетін Шарық өзенінің деңгейі бір тәулікте 90 см-ге төмендеді.


Айнұр ӘЛИ
09 сәуір 2024 ж. 210 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930