Су тасқыны: Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық күші жұмылдырылуда
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
Орталық коммуникациялар алаңында «Елдегі ағымдағы су тасқыны жағдайы туралы» брифинг өтті. Ағымдағы су тасқыны жағдайы туралы брифингте ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қахарман Нұртасұлы Оразалин су тасқыны басталғалы 62 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді деді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның ішінде 15 мыңнан астамы балалар және 45 мүмкіндігі шектеулі азаматтар болды. Уақытша орналасу пунктеріне 13 мыңнан астам адам жеткізілді. Төтенше жағдайлар, Қорғаныс министрлігі және Ұлттық ұланның әуе кемелерімен 2600 адам құтқарылды, – деп мәлімдеді ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қахарман Нұртасұлы.
Сонымен қатар жергілікті ТЖ мамандарының көмегімен 7 млн текше метр су сорылғандығын айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары үшін мемлекеттік материалдық резервтен арнайы және автомобиль техникасы, шатырлар мен төсек-орын жабдықтары броньдалып, берілді.
Ұлттық ұланның авиациясымен Астана қаласынан Құлсары қаласына азық-түлік, қапшықтар мен мотопомпалар жеткізіледі. Құтқарушылардың, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілердің бірлескен жұмысының арқасында су басуға жол берілмеді. 80 мыңнан астам адам тұратын 135 елді мекен және түрлі мақсаттағы 21 мыңнан астам ғимараттар мен құрылыстар, - деді ОКҚ брифингінде ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Кахарман Оразалин.
Сонымен қатар, Қостанай облысында Тобыл және Тонтігер өзендерінің бойында 1835 адам эвакуацияланды
Қазір уақытша орналастыру пункттерінде 203 адам бар, қалғандары туыстарына орналастырылған. Мұндай деректерді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов ОКҚ брифингінде хабарлады.
Арман Әбеновтің айтуынша, Қаратомар су қоймасын толтыру қарқынды жүріп жатыр. Ағымдағы сәтте Қостанай қаласына қарай қуаттылығы 3300 м3/с су ағызылады.
Қостанай қаласының Тобыл өзеніне, Рудный қаласының Перцевка ауылына және Қостанай ауданының Тобыл қаласына іргелес аумақтарды су басу қаупі бар, - деді спикер.
Сонымен қатар, Қарасу ауданында Тонтігер өзеніндегі су деңгейінің жоғарылауы байқалады.
Қазіргі уақытта су деңгейі 969 см, қауіпті деңгей 914 см болып табылады. Ықтимал су басу аймақтары: Карамырза, Октябрьское, Железнодорожное ауылдары. 36 үйді су басты. Карамырза ауылы. Б. Майлин ауданында Ресей Федерациясының су қоймаларынан ағызуды жүзеге асыру кезінде Әйет ауылы мен ауданның 5 ауылы су басуға ұшырайтын болады, - деп толықтырды спикер.
Сондай-ақ брифингте "География және су қауіпсіздігі институты" АҚ Басқарма төрағасы Медеу Ахметқал Рахметоллаұлы мұндай су тасқыны қауіпті апат екенін айтты. Бұндай тасқындар әрдайым болып тұратынын және сақтық шараларын алдын ала жасау керектігін айтты. Ғылыми тұрғыдан сараптама жасау керектігін, су тасқынының себеп-салдарын зерделеу керектігін жеткізді. Су тасқыны кезіндегі барлық талаптарды мұқият орындау керек деді.