Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тасқыны: Көктемде көп, жазда жоқ

Су тасқыны: Көктемде көп, жазда жоқ

ФОТО

Көзімізбен көрмесек те әлеуметтік желіні шарлаған сансыз бейнероликтер қабырғамызды қайыстырып отыр. Ауыл іші тегіс дарияға айналған. Үйлердің бел ортасынан келген мал біткенді де аямай тұр. Бірнеше бас жылқы мен сиырды жаңқадай ағызып әкетіп барады. Бағыт жоқ. Не боларын қара жұрт бағамдай алмай әбігерге түсті. Талай жыл тұрып, берекесі кірген қара шаңырақтар қирап, су басқан. Қ
ара жолдан күдер үзіп, кеш батқанша шатырда тұрып көмек күткен адамдар әуедегі тікұшаққа жанұшыра қол созады. Бұл – бірнеше елді мекенін қарғын су алған Қостанай мен Ақтөбе облысындағы ахуал. Елдегі төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне қарағанда, жағдай күрделі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің бірқатар аймағында болған су тасқынының салдарын жою үшін Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың атқарып жатқан жұмысын бақылауында ұстап отыр. Президент Қытайдан келгеннен кейін премьер-министр Олжас Бектеновтің және басқа да лауазымды тұлғалардың қатысуымен жиналыс өткізді. Қабылданған шешімдер туралы жұртшылыққа тез арада хабарланды. 31 наурыз, жексенбі күні премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізді. Штаб жетекшісі болып Олжас Бектенов тағайындалды. Отырыста төтенше жағдайдағы аумақтан 11 306 адам эвакуацияланғаны, 5 мыңнан астам адам уақытша пунктерде тұрып жатқаны айтылды. Ресми мәлімет бойынша, су 40 автожолды шайып кеткен, арасында бір көпір де бар. Биліктің хабарлауынша, төтенше аймақтағы халыққа көмек 24 сағат берілуде. Су тасқынының салдарын жоюмен 7 мыңнан астам адам айналысып жатыр, 2 мыңнан астам техника жұмылдырылған. Бұлар су сорғыш техника, тікұшақ пен кемелер.
Қазіргі кезде Ақтөбе, Сазды, Ащысу, Жартас су қоймаларынан су жіберілуде. Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасы да толтырылып жатыр. Бұған дейін жергілікті билік Елек және Қарғалы өзені маңында тұратын тұрғындарды үйлерінен кетуге шақырған. Штаб отырысында қалпына келтіру және үй салу жұмыстарына қаржы үкімет резервінен және жергілікті әкімдіктен бөлінетіні айтылды. Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккендерге материалдық көмек берілетінін де айтты. Осы апта соңында Ақтөбе облысындағы Берсиев ауылының тұрғындары айналасын су басқан екі қабатты мектеп немесе үй шатырында байланыссыз қалғанын айтқан. Сенбі күні таңертең ауыл маңындағы төбеге тікұшақ қонып, жұрт қайықтар арқылы сол жаққа жеткізіліп, әрі қарай аудан орталығына эвакуацияланды.
Бір күн бұрын шұғыл кеңес өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерден кешірім сұрады. Тоқаев су тасқынына қарсы уақытында шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады.
Республикалық штабтың отырысынан кейінгі мәжілісте Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшыларына су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Жағдайды қалыпқа келтіріп, шұғыл шаралар қабылдау үшін Республикалық штаб құрылды. Осы жылдың 6 наурызынан бері Қызылорда қаласы аумағында мұз жүре бастады. Атап айтсақ, «Жетікөл-жарма» каналының сағасынан төмен 15 шақырым жерден бастау алды. 22 наурыздан бері облыс аумағындағы Сырдария өзенінің беті мұздан толықтай тазарды. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Бұған дейін бірнеше мәрте мәжіліс өткізіліп, мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілді. Су деңгейін әуеден бақыладық. Дегенмен, апат айтып келмейді. Барлық жағдайға дайын болуымыз қажет. Соңғы күндері жаңбыр молынан жауды. Сол себепті су тасқынының алдын алу жұмыстарын қатаң бақылауда ұстау қажет, деді аймақ басшысы.
Мәжілісте облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына су тасқынына қарсы іс-шаралардың «Жол картасына» енгізілген 5 ірі жоба бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлу жұмыстарын пысықтау міндеті жүктелді. «Қазсушар» Қызылорда филиалы теңгеріміндегі су қоймаларының техникалық жағдайына қатысты зерттеулер қорытындысына сүйеніп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты болмақ.
Ал облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына Жаңақорған ауданы әкімдігімен бірлесіп, «Қыраш» және «Көлтоған» су қоймаларының қауіпсіздігін қатаң бақылауға алу, «Бесарық» су қоймасынан түсетін суды қабылдауда «Манап» су қоймасының су қабылдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылды.
Айта кеткен жөн, Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеуімбетовке тау бөктерінен түсетін қарғын суды тиімді пайдалану үшін жасанды су қоймаларын салу жолдарын зерделеп, ұсыныс енгізу, Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаевқа су тапшылығының жылдан-жылға күрделенуіне байланысты «Құмсай» су қоймасын тиімді пайдалану шараларын қарастыру міндеті қойылды.
Сонымен қатар, облыстық ветеринария басқармасы мал басын өзектендіру жұмыстарын күшейтуі, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы жем–шөпті жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету жұмыстарын қолға алуы керек. Облыстық төтенше жағдай департаментінің, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары ертең облыс аумағындағы барлық су қоймаларының жағдайын зерделеп, қажет болса ұсыныстар енгізуі тиіс.
Қазір елдің 10 облысында су тасып, қауіп төндіріп тұр. Кейбір аймақта төтенше жағдай да жарияланған. Елде көктем сайын қайталанатын осы су тасқыны талай жұртты әбігерге түсіреді екен. Қараңызшы, көктем келсе айналаны топан су басып, аяқ басар қара жер таппайсың. Ал жаз келсе қуаңшылық болып, су таппайсың. Мұның қандайда бір шешімі болуы керек шығар? Қазір заман дамыды, технология дамыды. Ендеше көктемгі тасыған суды жазға дейін ығыстырып алып, сақтап қоюға болмас па? Бұл мәселе осы кезге дейін айтылып жүр. Өйткені ернеуінен асып жататын өзен-көл мен еріген қар суы әбігерге салатын кей аймақтар жазда қуаңшылықтан зардап шегеді. Біз өзі суды қаншалықты тиімді пайдаланып жатырмыз?
Қазір Қазақстанның бірнеше өңірін су тасқыны мазаны қашырып отыр . Мәселен, биыл Ақтөбе облысында Қарғалыдан басқа аудандардың барлығын қар суы әбігерге салып, тіпті тұрғындардың сөзінше, бір ауыл 90 пайыз жоқ болған. Су мамандарының айтуынша, су сақтау және су жинаудың түрлі әдістері бар екен. Тіпті Қазақстан кейбірін пайдаланып та жатыр. Солардың бірі – контррегулятор. Мысалы, Түркістан облысындағы Көксарай контррегуляторы көктемде келетін көп суды жинап, жазда егістікке пайдалануға мүмкіндік береді деседі. Алдымен, Көксарай су алудан құтқарады. Одан соң, су аз кезде Қызылорда облысының күрішін жатқызып алуға жетеді. Қазір билік 20 су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Алайда бұған қатысты су мамандары арасында біржақты пікір жоқ. Бірі су қоймасы тасқын мәселесін шешуге көмектеседі десе, екіншісі су қоймасы орасан қаржы шығынын қажет етеді, оданша қаржыны қазір бар технологияны жаңартуға, жөндеуге жұмсаса әлдеқайда тиімдірек дейді.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Қазақстанда 1800-ден астам гидротехникалық жабдық бар екен. Олардың 600-ге жуығы республика меншігінде, мыңға жуығы коммуналдық меншікте, 200-ден астамы жеке меншікте, 25 нысан қараусыз қалған деп айтылады. Елде 500-ден астам нысан жөндеуге зәру.

Айнұр ӘЛИ
02 сәуір 2024 ж. 1 239 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.
Атамның әңгімесі

Атамның әңгімесі

03 мамыр 2024 ж.
Кіндік шешеңіз кім?

Кіндік шешеңіз кім?

12 наурыз 2024 ж.
Көнеден қалған мұра

Көнеден қалған мұра

20 ақпан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930