Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызметте шыңдалған шебер

Қызметте шыңдалған шебер

Қарапайым еңбегімен күн сайын қоғам тынысына игілік етіп, адамдарға жарық пен жайлылық сыйлап жүрген жандар бар. Солардың бірі – Баймұрат Баймаханов. Ол Қазалы электр тарату торабы мекемесінде 29 жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие мамандықты меңгерген ол жұмысына өте жауапты.
Баймұрат Алшынұлы Ж.Жабаев атындағы №234 орта мектепті тәмәмдаған соң, 2 жыл Өскемен қаласында әскер қатарында болды. Кейін келіп, Қызылорда агроколледжінде энергетика мамандығына оқуға түседі. Оны бітірген соң Қорқыт ата университетінде білімін жетілдіреді.
Алғаш еңбек жолын 1995 жылы Қазалы электр торабын тарату мекемесінде электромонтер болып бастайды. 2000-2002 жылдары бригадир қызмет сатысына өсіп, ал 2002 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін электр тарату торабы желісінің шебері қызметін қалтқысыз атқаруда.
Уақытпен санаспай, сындарлы сәтте де жауапкершілікті бәрінен жоғары қоятын Баймұрат ағадан " бұл мамандықты таңдауыңыздың сыры неде?" деп сұрауды жөн көрдім.
– Мен әскерде жүргенде алғашқы тәлімгерім әрі басшым болған Бегім Бодықов деген ағамыз анама: "Балаң әскерден келген соң, электромонтер қылып жұмысқа аламын" дейтін көрінеді. Әскерден келген соң, еңбекке араласып, тірлік қамымен жүрдік. Сөйтіп 1995 жылы өмір ағынымен Қазалы электр тарату торабы мекемесіне Бегім аға айтқандай "электромонтер" болып жұмысқа қабылдандым. Сөйтіп сол жерде жүріп, өзімізден ілгері келе жатқан ағалардың ізін басып, солардың айтқан өнегесімен өмірлік тәжірибе жинақтадық, – дейді ол.
Біз бас сұққан мекемеде қаланы электр жарығымен қамтамасыз ету үшін жасалып жатқан тірліктің табы еш бәсеңдемейтінін байқадық. Өйткені қыз-қыз қайнаған қызмет арасынан Баймұрат аға бізбен сөйлесуге аз ғана уақытын бөле алды. Бірақ сол санаулы уақыт ішінде жұмыстың жеңіл еместігін, бірақ оған бойлары әбден үйренгендігін айтып қалды.
– Жұмыс болған соң, қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Бір жылдары жалақы алмай, жан баққан кездеріміз де болды. Бірақ соған қарамастан қызметтен кетпей, жұмысымызды жалғастыра бердік. Басында "жұмыстан шығып, басқасын тапсам ба екен?" деген де ой болған. Бірақ Төретамда тұратын өзімнен үлкен Нұрғали деген ағам: "Баймұрат бұл уақытша нәрсе ғой... "Ағаш бір жерде көктейді" деген, шамалы шыдас бер, жұмыстан шықпа, – деді. Ағам айтқан сөзге біраз ойланып қалдым. Сөйттім де сол бірауыз сөзге тоқтап, қызметімде қалдым. Біразы кетіп, кейін оралғандары болды. Кейбіреулері көшіп басқа қалаға да кетті. Тұрмысын түзеймін деп кеткендердің арасында тығырыққа тірелгендері де кездесті. Бірақ мен осында қалуды ұйғардым. Қазақ айтады: «Немен қарайсаң, сонымен ағар» деп. Осы сөзді қатты құптаймын. Менде жастайымнан осы жерде түлеген соң, қысылтаяң шақта тас лақтырғандай кетіп қалуым бұрыс болар санадым. Қазір шүкір, табысымыз жақсы, жұмысымыз жемісті, – дейді Баймұрат Алшынұлы.
Сондай қилы кездерде жұмыстан өз еркімен кеткен әріптестерінің қызметін артық жүктеме қылып мойнына алып, міндетсінбей еңбек еткен мамандық иесінің еңбегі елеусіз емес. Қызмет жолында жақсы жетістіктерге жетіп, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі марапаттарға ие болған жайы бар. Алайда Баймұрат Алшынұлы аталған марапаттардан гөрі халық берген мадақ бәрінен артық дегенді алға тартты.
– Біз жұмысымыз бағалансын деп еңбек етпейміз. Мойнымызға артылған жауапты жүк болған соң, оны орындау міндетіміз. Біздің алдымызда ең алдымен қоғам алдындағы жауапкершілік тұр. Солардың жайлылығын қамтамасыз ету үшін қауіпсіздікке қырағы болуымыз керек, – дейді ол.
Қай қызметте болмасын аға буыннан алар ақыл-кеңестің орны бір бөлек. Баймұрат аға өзіне тәлімгер болған Дәулет Ідірісов, Айжарық Құдасбаев, Қуантқан Ізтілеуов, Қуандық Бодықов сынды ағаларының сол кездегі жақсылығын үнемі мақтанышпен айтып жүреді. Тіпті солардың кей ақылын өміріне азық етіп жүргенге ұқсайды.
Баймұрат ағаның жалпы жұмысына қанық болған соң, әңгіме ауанын отбасына қарай ойыстырдық. Ол өмірлік жары Жаңылған Құлниязовамен 1996 жылы шаңырақ көтеріпті. Қазір екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Қатаң тәртіпке бейімделген азаматтың жүзі бізге басында қатқыл көрінгенімен, сөйлесу барысында жүзінен жылылық есті. Бір күні мың қуатқа татитын жарыққа жауапты маманның ісімен қатар жүзі де шуақ шашып тұрғаны бізді іштей қуантты. Осылайша, кезекті жұмыс күнін аяқтап, кейіпкерімізге сәттілік тілеп, үйімізге тарастық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
16 наурыз 2024 ж. 383 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031