Радио тарату торабы ашыла ма?
Екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі 1952-1953 жылдардың іші болатын. Елдің Ұлы Отан соғысынан кейін енді-енді бас көтеріп келе жатқан уақытында Жаңа Қазалының жер үйлеріне радио желісі тартылып, қара табақшаның сайрап тұратыны әлі күнге есімде. Тұрғындардың оған айына төлейтін ақшасы сол кездегі бағамен 50 тиын тұратын. Ол радио тарату желісі қыстақта кешегі 1996 жылдарға дейін жұмыс істеп тұрды. Бұл электр бағаналарын пайдалану арқылы жүргізілді. Есітуімше кейін электр қуатын бақылайтын құзырлы мекеме басшыларының бұйрығына сәйкес радио сымдары электр бағаналарынан ажыратылып тасталған. Содан бері ауданда радио желісі жұмыс істемей тұрғанына жиырма жылдан асып барады.
Бұрындары ауданда радио торабы болған жылдары республика, облыстан бөлек аудан жаңалықтары да айтылып тұрған. Аудан өміріне арналған арнайы хабар ұйымдастырылатын. Бұның рухани тәрбиелік маңызы ерекше еді.
Қазіргі кезде теледидардан көретініміз мағынасы жоқ шым-шытырық жарнама, жауыр болған жастардың әуендері, билері, шетелдік телесериалдар мен кинолар. Халыққа қажетті бағдарлама азайып кетті. Сол себептен көрермен ұзынсонар шетел сериалын тамашалауға мәжбүр. Сонымен бірге жастардың қолынан ұялы телефон түспейді, интернет желісінен неше түрлі мәлімет алады. Оның пайдасы бар ма, жоқ па оған қарап жатпайды.
Аудан, облыс, қалаберді республика көлеміндегі жаңалықтарды теледидардан көре беруге кейде мүмкіндік бола бермейді. Ал радио желісі істеп тұрса қалаған уақытта үлкендер де, жастар да тыңдаған болар еді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ауданда, оның ішінде Әйтеке би кентінде радио тарату торабын қайта жаңғырту қажет. Біздің бұл тілегімізге тиісті сала басшылары оң қабақ танытып, іске асырудың жолын қарастырса дейміз.
Абдрасулла ЖҰБАМБАЕВ,
Құрметті құрылысшы, зейнеткер