«Қарағым-ай» – тағдырлы туынды
Жалпы бұл туынды қалың тыңдарманнан тиісті бағасын әлдеқашан алып үлгерген. Қазақы қалыппен баяу айтылатын бұл әнде бір адамның тағдыры жатыр. Жұртшылықтың бұл әнге қатысты «Қарағым-ай» тағдырлы ән дейтіні де осы болса керек. Әнді тыңдаған қай жүректің елжіремей қоймасы анық. Өйткені әннің өне бойында көзге көрінбейтін күш бардай сезіледі. Халықтың бұл әнді тыңдағанда әрі-сәрі күй кешіп, көңілі босап сала беретіні де осыдан. Бұл әнді жұртшылық өзіндік дауыс бояуы бар, қоңыр үнді Нұрлан Өнербаевтың орындауында алғаш естіді. Сол тұста танылған әннің тарихын әркім әрқалай топшылады. Бірі ауыр қайғыдан туған ән десе, ал кейбірі жауапсыз махаббаттан туындаған туынды десті.
Ал әннің әлқиссасы мүлдем басқаны әңгімелейді. Композитор Кеңес Дүйсекеев көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, бес жасында әкесі өмірден өтеді. Ұлдардың ішінде жалғыз өскен Күлшат есімді әпкесі ұстаздық мамандықты игеру мақсатымен педагогикалық жоғары оқу орнына түседі. Бауырларына қамқор, мейірбан қыз он тоғыз жасқа қараған шағында кенеттен өмірден озады. Бұл қаза жас таланттың жанына өшпес табын қалдырады. Жаны нәзік, әрнеге елең етер композитор жүрегі өз ішінде булығып көп жүреді. Арада жылдар өтіп, Кеңес Дүйсекеев ержетіп, өнерге қанат қаққан тұста жауқазын ғұмыры орта жолда қиылған әпкесінің рухына тағзым ету ниетімен ән шығаруға бел буады. Композитор көз алдына әпкесінің ұзатылып бара жатқанын, есен-аман бойжеткенін елестете отырып, өміршең әнді дүниеге әкеледі. «Егер де әкем мен әпкем тірі болғанда, әпкем өз серігін тауып, өз босағасынан ұзатылып бара жатқанда, әкем ақ батасын беріп, қызына осы әнді айтар еді», – дейді композитор.
Алдымен әуені туған шығарманың өлеңін ақын Шөмішбай Сариев жазады. Өлең қазақтың қара өлеңінің сарынымен, жатық, шеберлікпен жазылған.
«Қарағым-ай,
Бұл өмір осылай өтеді екен,
Сүймесең дүние бекер екен.
Парақтап жинасаң бар ғұмырың,
Бір сүйген күніңе жете ме екен?»
Иә, әр шумақ сайдың тасындай құйылып, төмен құлаған таспа бұлақтай таңдайға татып тұр. Ән мен өлеңнің үйлесуі деген осындай-ақ болар.
Композитор ән хақында, бір сұхбатында тағы да ағынан жарылады.
«Мен «Қарағым-ай»-ды жазған кезде елдің бәрі «Дүйсекеев қайтадан ғашық болыпты» десіпті. Ал негізі бұл туынды – әкенің қызын тұрмысқа беріп жатқан кезде айтатын әні. Қызымен қоштасу ретінде орындалатын шығарма. Менің достарым қыздарын ұзатқан кезде осы әнді айтып, еңіреп жылағанын көрдім. Кейбір кезде «Қарағым-ай»-ды қазақтың халық әні деп айтып жатады. Ол композитор үшін үлкен бақыт шығар», – депті Кеңес Дүйсекеев.
Кейінгі уақытта «Қарағым-ай» әні Димаш Құдайбергеннің репертуарына еніп, әлем сахналарында орындалып жүрген жайы бар. Желіде «Қарағым-ай» әнінің Димаштың орындауындағы нұсқасы жарияланған бейнеүзіктер жиі кездеседі. Шетелдік ән сүйер қауымның тәнті болғанын да көруге болады. Туындының шекара асып шырқалып, тыңдарман қауымның жүрегінен жол тауып жатқандығы әннің жүректен шыққандығының көрінісі. «Жүректен шыққан дүние жүрекке жетеді» деген осы. Көзі тірісінде керемет сәттерге куә болған Кеңес ағамыз:
– Димаштың орындауындағы «Қарағым-ай» ерекше естілді. Ол әнді орындап болғанда, орнымнан қалай тұрып кеткенімді білмеймін. Шақырып, бетінен сүйдім. Оған Жаратқан дауыс қана емес, жүрек, зейін, ақылды бас берген, – депті бір сұхбатында композитор.
«Қарағым-ай,
Сұлулық осындай болады екен,
Бір басқа армансыз қонады екен.
Адамдар өмірге қонақ екен,
Шынымен бұл дүние шолақ екен.
Қарағым-ай,
Еліктер осылай жосады екен,
Жолыңнан сені кім тосады екен?
Бұл көңіл неліктен босады екен?
Бұл тағдыр сені кімге қосады екен?».
Аңызға айналған әннің тарихы тереңнен тамыр тартады. Адамды еріксіз ойға батыратын есті әннің естелігі осылай өрбіді. Өз заманында бағасын алған тамаша туынды өткен мен бүгіннің арасын жалғап қоймай, келешекте де көзайымға айналары сөзсіз.
А. ЖҮСІП