Тамсандырған туынды
Әр уақыттың бедері, көркем бейнесіндей болған шығармалар сол кезеңнен сыр тарқатып қана қоймай, көңілге көп жайды түйдіріп, өткенге жетелейді. Сондай танымал туындының бірі, Қазалы топырағында дүниеге келген «Аралым – аяулым» әнін көпшілік жатқа біледі.
Өткен ғасырдың соңында кемерінен асқан әйгілі теңіз деңгейінің көлемі кішірейіп, экологиялық ахуалдың орын алуы адамзатты алаңдатты. Сол мезгілде дүниеге келген бұл әуеннің де өз тарихы бар.
«Бірде Арал туралы әндерге арналған конкурс өтіп, сол хабарды естісімен, терең ойға берілдім. Бұл «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген мәселе көтеріліп, оған қазақ жұрты ғана емес, көршілес елдердің де назары ауған тұс еді. Күнделікті теледидар, радио, газет-журналдан оның жағдайы туралы оқып-білгенде тебіренбеу мүмкін емес-ті. Жанымды мазалап жүрген жайт 1-2 күнде әнге айналды. Әуенге сай сөзі де жазылды. Мұны аудандық мәдениет үйінің әдіскері Ғалия Оспанова сахнаға алып шығып, жергілікті сазгерлер сайысында жүлделі орынға ие болдық», – деп әңгімесін бастады шығарманың авторы Нұрмаш Алғашбаев.
Композитор 1991 жылдың күз айында облыс орталығында Арал проблемасы туралы алғашқы халықаралық конференция өтетіні туралы ақпарат айтылып, өзінің аталмыш шығармасын сол жерде орындау керектігі туралы нұсқаулық келген күнді әлі ұмытпаған.
«Ауыл-аймақ емес, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты бірнеше көршілес мемлекеттің Президенттері басқосқан жиын үстінде өнеріңді ұсыну оңай емес. Алғашқыда: «Ол қалай болады екен?» – деп қобалжығаным рас», – дейді ол.
Аудандық мәдениет үйінің басшысы қызметін атқаратын, белгілі ақын Жетіскен Мәкеналы ән мәтінінің бір шумағын қалдырып, қалғанын қайта жазып шығады. Төскейде малдары, төсекте бастары қосылған көрші ауданның тағдырына ақын да аз алаңдамай жүргенін туындысында танытады. Әнге лайықталған сөз үйлесімін тауып, шығарма әсерлілігі одан әрі арта түседі. Осылайша тапсырыспен шыққан туынды аз уақытта танымалдыққа ие болады.
«Аралым – аяулымның» бағын ашып, кең көлемде таралуына атсалысқан жанның бірі – ҚР Мәдениет саласының үздігі Ғалия Оспанова. Ол бұл туралы: «Әннің қалай жарық көргеніне куәгер жанның бірі менмін.
Ауданда өткен сазгерлер байқауында Қонысбек Оразалиевтің баянмен сүйемелдеуі арқылы айтып шыққанымда, залда қол соқпаған адам қалмады. Ал облыста өтетін айтулы шараға ән жаңа түр, мазмұнмен байытылып, дайындалды. Саз бен сөз қос дауысқа сұранып тұрғандықтан, екінші орындаушы қажеттігі туралы пікірімді айтқанымда, басшылық тарап та қолдады. Қазір Қыздар мемлекеттік университетінде жұмыс істейтін Сараш Қоңырбаева Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектептің мұғалімі болып қызмет атқаратын. Сол кездері қосымша аудандық мәдениет үйі жанындағы оркестр, ансамбльде ән айтатын. Халықаралық шарада әнді қос дауыста көпке ұсындық. Сараштың да қоңыр даусы менің иіріміммен үйлесімін тауып, жұртшылық жақсы қабылдады» – дейді өткен күнді еске алып.
Алдымен баянға қосылған ән, кейіннен ансамбль, оркестрге лайықталған. Ғалия Оспанова мен Лимон Қосназарованың әнді шарықтата шырқаған сәті санадан көмескіленген жоқ. 1991 жылы Ғ.Оспанованың жеке орындауында «Алтын қорға» таспаланған туынды «Сіздермен бірге Ғалия Оспанова ән шырқайды» атты теленұсқалық бағдарламада да қалың көрерменге ұсынылады. Ән 1998 жылы жарық көрген 1 сынып оқушыларының бағдарламасына еніп, «Музыка» пәні оқулығына да жарияланады.
«Білесіз бе, «Аралым – аяулымның» нотасы мен Ж.Мәкеналы жазған машинкаға терілген мәтіні менің үйімде әлі сақтаулы тұр. Қазір әнді менен, мені одан ажырату мүмкін емес. Бойтұмарыма айналды десем болады», – дейді Ғалия Оспанқызы.
Бір жолы әнші Алматы қаласында тұратын сыныптасының тойында осы әнді айтқанында, екі кейуана кемсеңдеген жасын тоқтата алмай: «Айналайын, әнді естігенімізбен, кім орындайтынын білмейтін едік. Сен бізді туған жермен қауыштырдың. Елдің өнері өлмесін! Оның сендер сияқты жанашырлары азаймасын!» – деп ақ батасын береді.
Бүгінде теңіз тағдыры туралы сөз болғанда алдымен тілге тиек етілетін тағдырлы ән жазылғанына қанша уақыт өтсе де өз құнын жоғалтпай, халық жанына жылы ұялаған. Жүректен жыр, көңілден күй, әсерден ән болып төгілген тақырып туралы онан кейін де, бұрын да қаншама шығарма шықса да, «Аралым – аяулым» ешқашан ұмыт қалған емес. Бұл өміршең өнердің өресі аласармай, құнды мұраның ешқашан бағасы төмендемейтінін көрсетеді.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА