Елімізде жыл басынан бері 89 бала жол апатынан көз жұмған – ІІМ
ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің мәліметіне сүйенсек, осы жылдың алты айында еліміздің жолдарында 6 мыңнан астам ЖКО тіркелген. Өкінішке қарай, онда 900-ден астам адам қаза болған, 8 мыңнан астам адам әртүрлі дене жарақатын алған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдер ұшыраған 1 426 жол апаты тіркелген, оның ішінде 89 жеткіншек қаза болып, 1 678 жасөспірім әртүрлі дене жарақатын алған.
ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының 95% жүргізушілердің жол жүрісі қағидаларын сақтамағаннан болады.
«Жүргізушілердің басым көпшілігі автокөлікті белгіленген жылдамдықтан асырып басқарады, жол белгілерін елемейді, маневр жасау ережелерін бұзады, рульге ішімдік ішіп алып отырады, жолаушылар тасымалдағанда салғырттық танытады. Соның салдарынан жолаушы ретінде балалар да зардап шегеді. Себебі, жүргізушілер автокөлікте балаларды тасымалдау ережесін сақтамайды. Ата-аналардың немқұрайлылығы тағы бар. Жол жүрісіне қатысушы болғаннан кейін әрқайсымыз жолға шыққанда мұқият болып, бір-бірімізге кедергі келтірмей, қауіп төндірмей қозғалатын болсақ, келеңсіз оқиғалар азаяды», – дейді А. Боранова.
Ол автокөлікте балаларды тасымалдағанда міндетті түрде арнайы ұстап тұру құрылғыларын (автокресло, бустер, адаптер) қолдану керек екенін айта келе, осындай құқықбұзушылыққа жол берген 114 мыңға жуық жүргізушіге шара қолданылғанын айтты.«Балалар көлік жолаушысы ретінде де, жаяу жүргінші ретінде де жол апатына түсіп жатады. Мәселен, 735 бала жаяу жүргінші ретінде, ал 588 бала көлік жолаушысы ретінде жол апатына ұшыраған. 1500-ден астам жеткіншек түрлі дене жарақатын алған. Жаяу жүргінші ретінде апатқа ұшыраған жасөспірімдердің 21-і, ал жолаушы ретінде қатысқандардың 54-і қаза болды», - деді А. Боранова.