Қазақстанда мәслихат сайлауын өткізуге бюджеттен 35,8 миллиард теңге бөлінді
Фото: Getty Images29 қараша күні өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізуге 35,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық сайлау комиссиясының отырысында комиссия мүшесі Михаил Бортниктің айтуынша, бөлінген қаражаттың шамамен 70%-ы, яғни 25,1 миллиард теңге сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысын төлеуге жұмсалады.
"Бұл сайлау биыл тамызда өткен Құрылтай сайлауымен ауқымы жағынан шамалас. Мәслихат сайлауын өткізу үшін қосымша 3 022 аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Олардың құрамында 15 110 адам бар”, – деді Михаил Бортник.
Сайлау 3 113 бірмандатты округте өтеді. Бортниктің сөзінше, мемлекет кандидаттарға сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсетеді.
Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленген. Қазақстандықтар 228 мәслихаттағы 3 447 депутатты сайлауы керек.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлауға 10 971 кандидат тіркелген. Оның 1 219-ы партиялық тізім бойынша, ал 9 752-сі бірмандатты округтер бойынша ұсынылған.
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 1 қарашада басталды. Дауыс беру қорытындысы 3 желтоқсаннан кешіктірілмей жариялануы керек.
Еске салсақ, 12 қазанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған еді. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленді.










