Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпаққа үлгі ұлы жол

Ұрпаққа үлгі ұлы жол

Биыл жеңіс туының желбірегеніне жетпіс жеті жыл. Мамыр айы басталысымен редакцияның хат қоржынына түскен хаттардың қатарын Ұлы Отан соғысы ардагерлері туралы естіліктер мен мақалалар толықтырады. Бірі әкесі, енді бірі бауыры туралы ақ қағазға сыр шертеді. Олардың қатарында «Менің атам Қалжан Бекетаев «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері. Ол кісі туралы әкемнен естіген естеліктерімді сіздермен бөліссем деп едім» деп атасы туралы барлық құжаттарды жинай келген Бекнұр Қалжанов та бар.
Ол әңгімесін: «Жуырда атамның атына көше берілді. Ол кісінің қандай адам болғанын ел білсе деймін. Атам Қалжан 1917 жылы ақпан айының 20 күні Қазалы ауданы №14 октябрь ауыл советі көлеміндегі «Қараарық» учаскесінде Жақсыбаев Бекетай мен Жақсыбаева Бибіш деген шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Бекетай Жақсыбаев 1925 жылы қайтыс болып, үй шаруашылығының нашарлауына байланысты, 1929 жылға дейін мектепте оқи алмаған. 1930 жылы №19 ауыл совет көлеміндегі Ворошилов колхозындағы бастауыш мектепке барып, 1935 жылы аталған мектепті бітіреді. 1935 жылы шешесі Бибіш Жақсыбаева қатты сырқаттанып қайтыс болып, мектепте оқып білім алуға тұрмыстық жағдайы көтермей, 1937 жылға дейін колхозда колхозшы болып түрлі жұмыстар істеген», – деп бастады. Айтуынша бұдан соң Қалжан Бекетаев Қазалы қаласындағы трактористер даярлайтын курсқа түсіп, 1938 жылдың наурыз айында «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Сол жылдың қараша айында Совет армиясы қатарына шақырылып, 1940 жылдың қазан айында әскери борышын атқарып келеді. 1940 жылдың қараша айынан бастап 1941 жылдың шілде айына дейін Қазалы ауданында сол жаға материалдық техникалық қоймасында қойма меңгерушісі болып қызмет істеп, шілде айында неміс басқыншыларынан елімізді азат ету үшін Совет армиясы қатарына қайта шақырылады.
Ақтөбе қаласындағы кіші командирлер даярлайтын курсты бітіріп, 1-ші Белорусь майданынан артиллериялық батареяға старшина етіп жібереді. 1942 жылы жаралы болып, дала госпиталінде емделіп, 1943 жылы қайтадан соғыстың алдыңғы шебіне бір артиллериялық батареяға старшина болып барады. 12 тамыз 1944 жылы жаудың 2 батальон жаяу әскері, 4 танкісі және 2 өздігінен жүретін зеңбірегі Польша жеріндегі Студзянки деревнясының маңында Қалжан болған батареяға қарсы артиллериялық, снарядтардың жарылыстарына қарамастан жаралы болған қарулас жауынгерлерін майдан алаңынан көшіріп, алғашқы көмек жасап, окопка қайта келіп, шабуылдап келе жатырған неміс әскері 80-100 метр арақашықтыққа жақындай түскен кезде өз әскерімен бірге жаудың бетін қайтаруға кіріседі. Жеке өзі автоматпен жаудың бес солдатының көзін жояды. Қатты қарсылыққа тап болған неміс әскері кейін шегінуге мәжбүр болады. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Студзянки үшін болған ұрыстардың өте ауыр болғаны сонша, оның үйінділері қолдан-қолға 14 рет өткен. Жалпы Студзянки түбіндегі ұрыстың үлкен шешуші маңызы болды, себебі 1945 жылдың қаңтарында немістерге қарсы, 500 мыңдай Қызыл әскерлер шабуылға шығып, осы плацдарм арқылы Польшаның Лодз, Познань қалаларын азат етіп, Берлинге 70 шақырым жақын жатқан Одер өзеніне дейінгі аралықтағы фашист әскерлерін жойып жібереді. 1945 жылдың сәуір айында Қ.Бекетаевтың 1171 жеңіл артиллерия полкі 1-ші Белорусь майданы әскерлерімен бірге немістердің ордасы Берлинге қарай бет алады. Олар неміс жерінің Шверли, Крашт, Луиза, Хопен-Брук, Вит, Массин, Нойдам тәрізді қала-селолары арқылы Гелен ауданына жетіп, осы маңнан Берлинге тіке шабуылға көшеді.
Ержүрек жауынгер, қайтпас ер старшина Қалжан Бекетаев та тарихта мәңгі қалған «Берлин үшін шайқасқа» қатысып, бұл ұрыста да, ерліктің үлгісін көрсете білді. Сондай ұрыстардың бірі 1945 жылдың 3 мамыр күні Берлиннің Эльба өзеніне қарай тұстағы жерде, Дальгов деревнясында бекінген немістерді артиллериямен атқылау арқылы, жаудың 1 зеңбірегін, 2 станокты пулеметін, 15 неміс солдатының көзін жоюға атсалысқаны үшін Қалжан Бекетаевтың кеудесіне «Ерлігі үшін» медалін таққан. Сөйтіп Берлинді алуға қатысып, Эльба өзенінің тұсында жауынгерлік жорығын аяқтап 1945 жылы ұлы жеңіске аман-сау жетеді.
Соғыс біткеннен кейін Ратенова қаласында 65-ші ауыр минометтік бригадада минометтік есептің командирі болып қызмет жасап, елге әскерден 1946 жылдың қазан айында оралады. Соғыстағы ерліктері үшін тағы да «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Елге келгенде 1948 жылға дейін сол жаға материалдық-техникалық қоймасының трактористер бриагадасының есепшісі болып еңбек еткен. Сол жылдың сәуір айынан бастап Қазалы ауданының қаржы бөлімінде қаржы агенті болып, одан кейін сол бөлімде мемлекеттік кірістер инспекторы болып, өмірінің соңына дейін абыройлы қызмет атқарған. Білікті маман «Қаржы жұмысының үздігі» белгісімен марапатталған. Алайда 1964 жылы 47 жасында қайтпас сапарға аттанып, артында тек ұрпағы ұлықтап жүретін ерлік істері мен еңбек еткен жолы қалды.
– Атаммен бірге туған екі ағасы болған. Үлкені Әбдраман 1941 жылы соғысқа алынып, ерлікпен қаза тауып елге оралмаған. Екінші ағасы Рахман да соғыс басталған алғашқы жылы әскерге алынып, 1943 жылы жаралы болып, елге қайтарылған. 1976 жылы өмірден озады. Ол аталар да артына өз ұрпақтарын қалдырған. Солардың бірі Сермағанбет балалары Әбдразақ, Ізбасқан. Рахман балалары Сақтапберген, Сейіт.
Қалжан атам бейбіт өмірде зайыбы 1922 жылы туылған Рахима Жақсыбайқызымен 2 ұл өсірді. Олардан 7 немере 15 шөбере тарап отыр. Үлкен ұлы Оңдабай Бекетаев Ү.Түктібаев ауылында инженер болып қызмет атқарған 1990 жылы сұм ажалдың құрығына ілініп өмірден озды. Одан тараған 4 баласы Жеткерген, Руслан, Айсұлу, Асыл бәрі де өз кәсіптерін дөңгелетіп, елге қызмет жасауда.
Екінші ұлы Әуезхан Қалжанов Қазалы ауданында ПМК-86 мекемесінде 1995 жылға дейін инженер-байланысшы болып жұмыс жасады. Одан тараған ұлдары Заур Арал қаласындағы өрт сөндіру қызметінің бастығы, мен Қазалы теміржол желілік ішкі істер бөлімшесінде полиция қызметкері, қызы Әсия Алматы қаласында өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарудамыз. Біздің мақсатымыз – өмір жолы өнегеге толы атамыздың ізгі ісін ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау. Қалжанның немересі деген атты абыроймен арқалап жүру», – дейді Бекнұр Әуезханұлы.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

30 сәуір 2022 ж. 687 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031