Тыныштық тілеген кейуана
Өткен ғасырдың алғашқы жиырма жылдығында дүниеге келген Ілия Рысқұлова ұзақ өмір жолын жүріп өтті. Кеңестік Ресейдің құрылуынан бастап, Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау жылдарын замандастарымен бірге бөлісіп, тәуелсіз еліміздің өркендеуін де көрді. Осы жылдар ішінде ел игілігі мен өркендеуі жолында ерен еңбек етіп, балалары мен немерелерін ғана емес, шөберелерін де абыройлы етіп өсірді. Ғасыр жасаған әжейдің бүгінгі тұрмыс тіршілігі қандай? Қандай армандары бар? Арнайы барып білген едік.
Қасиетті шаңырақтың табалдырығын аттағаннан қолдағы немере келіні Гүлнұр қазақы ибалылықпен сәлемдесіп, қарсы алды. Үйге енгеннен тіл-көзден сақтасын өзін тың ұстайтын кейуананы байқадым. Ол кешкілік және азанғы уақытта беті қолын арнайы сұйықтықпен жуып, теріні жұмсарту үшін крем жағатын әдеті бар екен. Үй ішінде емін-еркін жүріп, тұрады. Тамаққа тәбеті жақсы. Балаларына айтқанын жасатып, келіні мен немере-шөберелеріне үнемі бұйрық беріп отырады екен. Тек соңғы кездері құлағы нашар естіп, көз жанарының көруі бәсеңдеген. Жастық шағынан, аласапыран заманды қалай өткергенін сұрағанымызда сұқ саусағымен самай тұсын түртіп: «Менен не сұрағандарың, мына жерде ештеңе қалмады ғой» дегенмен сәл ойланып отырып, есіне еміс-еміс кейбір сәттер түсе бастады.
Айтуынша, ол 1920 жылы Райым ауылдық советінде дүниеге келген. Он төрт ағайындының ең кенжесі. Әкесі Іздібай жарлы болған. Бірақ орыс досы Пумамен серіктес болып, мал баққан. Соның арқасында жандық басы көбейіп, байлыққа қол жеткізген. Сол ырзық-несібенің молдығынан 12 ағасы мен әпкесі және Ілия әжей ештеңеден таршылық көрмеген. Әкесі Іздібай мен анасы Дәрбике өте ашық және шыншыл жандар болыпты. Әрдайым жетім-жесір, кедейлерге қолдау көрсетіп, азық-түлік үлестіріп тұрған екен. Мұндай ізгілікке риза болған халық қуанғанынан ағынан жарылып, батасын берген көрінеді. Кейуана бәлкім осындай тілектің де шарапаты тиген болар деген ойда. Арасында терең күрсініп, ухілеп алып балалық шағынан үзік-үзік естеліктері есіне түскенде өткен өмірі жайлы баяндап отырды.
Ғасыр жасаған кейуананың сөзінше, байлардың мал-мүлкін конфискелеп жатқанда, әкесі ірі қараның кейбірін сойып, үлестіріп береді. Бірін тұздап, әр жерге құшақ-құшақ облигация ақшалармен бірге жасырған. Бұдан бөлек әртүрлі әдемі аттарды иемденіп, саятшылық пен серілікті ұнатқан үлкен ағасының алтын ерін және қап-қап бидайды жерге көмген. Қалған малды айдап жіберген. Қазақтар жаппай ашаршылыққа ұшырағанда көмілген бидайды қазып алып, аз-аздан асып көже қылып талғажау еткен. Анасы Дәрбике диірменге тартып, тезекке көміп нан пісіргенде балалары бір әлденіп алатын. Әжей әкесі мен анасы маңайдағы қиналған отбасына да бидай беріп, көмек қолын созған деседі. Соғыс басталғанда Ілия Іздібайқызы өзіндей замандастарымен қатар тылда тер төккен. Осы еңбектері еленіп, оны «Жеңістің – 60, 70, 75 жылдығы» медальдарымен марапаттаған. Жан жары Бұрханаддинмен соғыс басталмай тұрғанда бас қосып, шаңырақ көтерген. Ол Ұлы Отан соғысына 1942 жылы ақпан айында аттанып, 364-артиллериялық полкте радиотелеграфист болған.
1943 жылы жанына түскен снарядтан оң қолынан жарақат алып, госпитальда емделіп, мамырда елге оралған. Қайсарлығы ескерілген Бұрханаддин атаға «За победу над Германии», «20, 30 лет Победы в ВОВ 1941-1945гг», «50, 60 лет ВС СССР» медальдарын кеудесіне таққан. Туған жерге келген соң соғысқа дейін теміржол техникумында үздік оқыған білімінің арқасында тоғыз торап бойында жұмыс істеп тірлігін түзеген.
Жүз екі жасқа келген кейуана Құдай қосқан жұбайымен бірге Бейзейнеп, Эмагүлсім, Фатима, Жаңылған, Рахия, Ибраким есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде жалғыз ұлынан тараған төрт немере, жеті шөбере мен үш шөпшек сүйіп отыр.
Кейуананың ұзақ жасауының себебін сұрағанымызда, айтарлықтай аса құпия жоқ екенін айтады. «Жақсы өмір сүріп, ұзақ жасағың келсе, әрдайым ашық, ешкімге жамандық тілемеу керек, ниет түзу болуы тиіс» дейді ол. Әрдайым үрім-бұтағының амандығы мен бейбіт те, заманның мамыражайлылығын тілейді. Өткен естеліктерін айтқан соң да көпке дейін «ол кез келмесін, басқа салмасын» деумен болды. Кетерімізде кейуананың ақ батасын алдық.
– Құдай оңдасын, еш жамандық болмасын. Балалар, бақыттарың жанып, қызметтерің алда болып, дендерің сау, маңдайларың ашық болсын, дұшпандарың қашық болсын! Мен секілді немерелі-шөберелі болып, шөпшек сүйіңдер, қарақтарым. Ел тоқ, қайғы жоқ болсын! – деген ниетін жеткізді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА