Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаттығы шалқыған шаңырақ

Шаттығы шалқыған шаңырақ

Шаңырағы шаттыққа толы, ұл-қыздарына өнегелі тәрбие беріп, бүгінде соның жемісін көріп отырған мерейлі отбасылар аз емес. Солардың бірі – Әйтеке би кентіндегі Аралбаевтар әулеті десек артық айтқандық емес. Бұл күндері 6 баланы ыстық ұясынан ұшырған Уәли мен Айсұлу Аралбаевтар өздерін бақытты жандар санайды.

Көп жылдар ауыл шаруа­шылығы саласында аянбай еңбек еткен Уәли Аралбайұлы бірнеше мәрте социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, ІІІ дәрежелі “Даңқ” орденімен марапатталған. Әр жылдары Өркендеу, Абай, Бозкөл совхоздарының егіс даласында 1997 жылы денсаулығына байланысты зейнет демалысына шығамын дегенше жанқияр­лықпен жұмыс істеді.

Көпбалалы отбасында өмір­ге келген Уәли мен “Күміс алқа” иегері Айсұлудың бас қосқанына биыл 50 жыл болды. Елі үшін еселі еңбек ете жүріп, балаларының барлығын оқытып-тоқытып, түгел аяқтандырды. Сыйластығы жарасқан ерлі-зайыптылар ұрпақтарын отан­сүй­­гіштікке, адамгершілікке, әдеп­­­ті­лікке, үлкенді құрметтеуге тәр­бие­леп, қандай жағдайда болса да қарапайым болуды үйретті.

– Ұл-қыздарымның барлы­ғы жоғары білімді мамандар. Ұлымның үлкені Қазыбек темір­жолда, Нұржаным мәде­ниет саласында еңбек етеді. Қыздарымның бірі – Елордада, қалғандары Тараз бен Қызылорда қаласында, Жанкент ауылында тұрмыста. Барлығы да тәрбиелі де тәртіпті. 

“Келіні жақсының керегесі алтын”. Қолым­дағы кенже ұлым Нұржанның келіншегі Жұлдыз да, үлкен келінім Айнұр да көргенді жердің балалары. Алдымыздан кесе өткен кезі болған емес. Жас­тар отау құрғаннан кейін де жарас­ты отбасына айналып кетуі үшін ата-ананың көмегі керек. Өйткені олар сәл қиындыққа шыдай алмай немесе бір-бірімен мінездері үйлеспей жатса, үлкендер сол кемшіліктің орнын толтырып, жымдастырып жіберсе, шаңырақ шайқалмайды, қайта шаттығы шалқи береді, – дейді Уәли аға.

Зайыбы Айсұлу Ақарысқызы екеуі тәрбиелеп өсірген алты ұл-қыздың тіршілігінен үнемі хабардар болып, оларға әрдайым қамқор болып отырады. Көкірегі ояу, көзі ашық Уәли аға балаларының әрқайсысының өз тіршілігін жолға қоюына жанашырлық танытуда. Немерелерін күнделікті балабақшаға апарып, алып келу ардагердің мойнында.

– Ер азамат – отбасының тірегі, қорғаушысы, дамытушысы, жетілдірушісі, яғни шаңы­рақтың аман сақталуының кепілі, жауапты тұлғасы, діңгегі. Отбасында әкенің орны бөлек. Демек, әкені ренжітпей, оның айтқанынан шығып отыру әр­бір перзенттің басты пары­зы. Әйел-ана – шаңырақтың құты, бағы мен берекесі, ұйытқысы, тірегі, тұрмыстың сәні мен салтанаты. Аналық пен адалдықты аялап, азаматының қадір-қасие­тін бағалап, абырой-атағын асқақ­тататын да әйел адам. Яғни әйел – отағасымен бірге шаңы­рақтың түтінінің түзу шығуына жауапты тұлға. Сондықтан бүгінгі күні мен балаларымның қуанышына масаттанып, жетіс­тігіне мақтанамын. Немере-шө­бе­ре­леріме «Еңбектің қандай қиыны болса да мойымай, ерінбей еңбек етіп, аталарыңның жолын қуыңдар» деп үнемі айтып отырамын, – дейді Айсұлу апа.

Уәли – Ұлы Отан соғысының ардагері Аралбай Бохаевтың отба­сын­дағы 12 баланың үлкені. Сондықтан да ағайын-туысының, жекжат-жұра­ғатының садақа-той­­ла­рынан қалмай, қай­ғыда да, қуанышта да ортасында жүретін, ештеңеге бейжай қарамайтын оны бәрі сыйлайды, төбесі көрінбесе, іздеп жатады. Бұл – оның ауыл-аймағының алдындағы беделі мен абыройының арқасы болса керек.

Бүгінгі күні 26 немере, 2 шөбере сүйіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған ақ шашты ата мен ақ жаулықты әже ұрпақтарының амандығын, ел-жұртының тыныш болуын тілейді.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ



14 мамыр 2019 ж. 1 776 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 59

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930