Көше беру көшелі іс десек те...
Мұндай жерлерге кешке жолығу қауіпті. Тіпті күндізгі көріністің өзі көңілге қорқыныш ұялатады. Біз айтып отырған орын иен далалық немесе елестер мен перілер мекені емес, аудандағы көріністер. Мүмкін есіңізге әлдене оралып та үлгерген болар. Қазалыдағы көше атаулары басталатын тұстар алғаш көргенде құдды жапандағы бақсы моласын көз алдыңа келтіреді. Ондайларды аудан орталығы Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, ауылдық округтердің әрқайсысынан көптеп кездестіруге болады.
Жақында болған қызықты жағдай осы тақырып туралы жазуымызға түрткі болды.
Кенттің жаңарған, көрікті келбетін көрсету мақсатында жаяулатып келе жатқан қонақ серігім көше басталар тұста бой көтерген белгіні көріп, кілт тоқтай қалды.
– Құран оқып, қол сипауымыз керек пе? Әлде гүл қоятын жер ме? Қара, қайтыс болған адамды жерлеген сияқты, – деді таңданысын жасыра алмай. Мен не күлерімді, не жыларымды білмей, әңгіме ауанын тезірек басқаға аударуға тырыстым. Туысымның таңданысы орынсыз емес еді. Соңғы уақытта қатары көбейгендіктен, бұл да Қазалының өзіндік стилінің біріне айналып үлгерді ме, таныс жағдайға көп назар аудара бермейтін дағды қалыптастырыппыз. Байқасам, бейіттерден бір мысқал кем емес. Кірпішпен өріліп, құлпытасқа қашалып, есімі мен суреті жазылған белгіні ескерткішке не мұраға қоса алмай, анық атауын білу үшін алдымен көшеге ат берумен айналысатын органға қоңырау шалдық.
Кенттің жаңарған, көрікті келбетін көрсету мақсатында жаяулатып келе жатқан қонақ серігім көше басталар тұста бой көтерген белгіні көріп, кілт тоқтай қалды.
– Құран оқып, қол сипауымыз керек пе? Әлде гүл қоятын жер ме? Қара, қайтыс болған адамды жерлеген сияқты, – деді таңданысын жасыра алмай. Мен не күлерімді, не жыларымды білмей, әңгіме ауанын тезірек басқаға аударуға тырыстым. Туысымның таңданысы орынсыз емес еді. Соңғы уақытта қатары көбейгендіктен, бұл да Қазалының өзіндік стилінің біріне айналып үлгерді ме, таныс жағдайға көп назар аудара бермейтін дағды қалыптастырыппыз. Байқасам, бейіттерден бір мысқал кем емес. Кірпішпен өріліп, құлпытасқа қашалып, есімі мен суреті жазылған белгіні ескерткішке не мұраға қоса алмай, анық атауын білу үшін алдымен көшеге ат берумен айналысатын органға қоңырау шалдық.
– Ескерткіштер – ел мұрасы. Алайда көше атаулары үшін қойылған белгілер бұл санатқа жатпайды. Ол қорғалуы тиіс құндылық емес. Біз де тақырып туралы айта-айта шаршадық. Соңғы жылдары қозғау болып, бірлі-жарым ескертпе, сын нәтижесін шығарғанымен, белгілердің бой көтеруіне түбегейлі тосқауыл бола алмай отырмыз. Біздің мекеме ауыл, қала, ғимараттар, саябақтар мен көшеге атау беруде құжат дайындау, заңдастыру ісімен айналысады. Қалғаны құзіретімізге кірмейді, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев.
Кент әкімдігі де біз көтерген мәселемен бетпе-бет келіп отырғандықтарын, бұл мақсаттағы жұмыстар күн тәртібінен түспей, жақында бір белгінің көше тұрғыны арызымен алынып тасталғанын жеткізді.
Біз бой көтерген құрылыстың жұмысы біткеннен кейін оны заңсыз деп танудың қаншалықты маңызы барын ұғына алмай дал болдық.
Білсе, ережемен қорғалмаған орынға құрылыс салғандарды сәулет және қала құрылысы бөлімі білетін шығар деген оймен телефон нөмірін тердік.
Өзін бөлім маманы деп таныстырған жігіт:
– Рас айтасыз, көше белгілері үшін қойылған құрылыстың барлығы заңсыз. Ондайда алдымен жер мәселесі шешілуі керек. Ал Қазалыда көшелерде заңдастырылып берілетін жерлер жоқ. Сондықтан рұқсат етілуі мүмкін емес. Барлығы бұзылуы қажет. Бөлімге көшеге атау берілгенде, оған белгі тұрғызу үшін рұқсат сұрап келгендер болған емес, – деді.
Әйтеке би кентіндегі Нұрадин Ермеков, Бақберген Мұстафаев, Айғабыл Жақсыбаев, Шамау Ибрашев, Әнапия Ұзақбаев, Төремұрат жырау көшелеріндегі белгілердің ешбірі заң талаптарымен қарастырылмаған. Сонда аудан аумағы кез-келген адам не істеймін десе де көз жұма қарайтын, ерікті амалдарға баруға жол ашып қойған қорғансыз болғаны ма? Жер – мемлекет меншігі емес пе еді? Оны пайдаланғандығы үшін салық төлеу ісі неге ешкімді толғандырмайды?
«Жер-судың аты – халықтың хаты» деген мақал бар. Атау беру ісіне әдетте ономастикалық комиссия мүшелері, аудан әкімінің орынбасарлары, әкімдікке қарасты бөлімдер мен қоғамдық бірлестік өкілдері қатысады. Қазалы ауданы мәслихат депутаттарының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларында қаралады. Олар жергілікті халықтың пікірін ескеріп, ат беру немесе қайта атауға қажетті материалдармен танысады.
Көшелерге жекелеген адамдар аттарын беруден арылатын уақыт жеткенін облыс әкімі қаузағанына қанша уақыт өтсе де, біздегі үрдіс үдерісін тоқтатар емес. Туыстарға көше алып беру әлдеқашан науқанға айналған. Елдік ерекшеліктер ескеріліп, тарихи атауларды тірілтетін кезең келгені белгілі болса да, тізімнен тыс атаулар беруге ұсыныстар көптеп келуін тоқтатпағанын соңғы деректер айғақтайды.
Назар аударсақ, 2019-2020 жылдары аудан орталығындағы 30-дан астам көшеге ат берілген. 23 көше аты аталғандардың 14-і Ұлы Отан соғысы ардагерлері болса, өзгелері еңбек ардагерлері. Ал 2021 жылы көше атымен аталған 11 адамның 6-уы соғысқа қатысқандар. Оларға талас жоқ. Өкініштісі, қатарларында халық өткеннінен сыр шертетін тарихи атаулардың бірде-біреуі жоқ.
Ер есімі – ел есінде. Біздің айтпағымыз, «Байдың асын байғұс қызғаныптының» кері емес, керісінше, ұмыт болған есімдерді ұрпаққа жеткізу – ұлық іс. Алайда көшеге аты беріліп, айдар тағылғандардың қатарында атағы лайық емес жандар да кезіккенін көз көріп жүр. Тіпті «Ұялы» деген көше бойына барғанда, ол туралы не ойларымызды білмедік. Арал ауданына жататын елді мекенге Қазалыдан көше берудің қандай маңызы бар?..
Жасыратыны жоқ, тізімдегі жандар іздеушілерінің дені жақсы қызмет атқаратын, тұрмыстарын тіктеген азаматтар. Олардың ықпалымен жұмыс бітетін болса, «алтынның сынықтары» әке атын көшеге берумен шектелмей, сол жерде тұратын тұрғындардың әлеуметтік жағдайына қарайласып, не көшеге жол, тас қиыршықтар төсеп, балшықты кезде қиындықтан алып шығатын қосалқы жолдар салуына болар еді деген ойда қаласың. Кейде ерлік жолында қаза тапқан Сәндібек Инабатов, Қайрат Халықовтардың жетім бала күйін кешіп тұрған көшелерін көргенде, жаңа атаулар беруге ұмтылғанша, қайсарлыққа құрмет белгісі ретінде бар дүниеге көмек көрсетіп, жөндеу жүргізілсе жөн болар ма еді деген пайым да келетіні бар.
Көшеге белгі орнату орынды. Ол сол адам жайында ақпарат беретіні анық. Алайда кірпіш қалап, онсыз да тар көше мен тынысты қоршаулармен тарылтып, жүргіншілер мен көлік жүргізушілерге кедергі келтіретін бейберекет белгілерді жойып, заманауи көшенің нақты атын көрсететін бағыттау сілтемесі берілгені жөн-ақ. Өзге қоғамдық орындар секілді көшенің сол жердің тұрғылықты тұрғындары, келер ұрпақ үшін өмірінде алар орны ерекше. Қасиетті топырағымыздың сырт келбеті мен сыйқын жоғалтып тұрған жұтаң көріністен арылып, оларды біріздендіріп, бағыттау қажеттігі көрініп-ақ тұр. Осындайда бір кезде Қызылорда облысы әкімі болған тұсында Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жол бойында жақындары қаза болған орындарға қойылған белгілерді түгел жоюға тапсырма беріп, жол апатын тудыруға себеп болып, жүргізшілер үрейін ұшырған құрылыстарды тып-типыл еткені көптің есінде. Абрарұлының аттасына да бұл бастаманы қолдау қажеттігі халық сұранысы, уақыт талабы болып тұр.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА