Алтын таққан арулар
Бүгінге дейін №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спорт бөлімдерін бөлек-бөлек ашып, газет бетіне жарияладық. Оның ішінде таэквондо, грэпплинг, грек-рим күресі мен зілтемірші жастарды көрсеттік. Сондай-ақ осы мектепте жаттығып, аудан намысын арқалаған ұл-қыздардың мақтауын асырып, дүбірлі додаларда сәттілік тілеп, жеңістің қуанышымен бөлісіп келеміз. Өйткені аудан атын шығаруда аянбай еңбек етіп жүрген спортшыларды қошеметке бөлеп, қолдау әрбір қазалылықтың міндеті деп білеміз. Міне, жуырда тағы осы спортшылар ұясынан ақжолтай жаңалық жетті.
Нақтыласақ, биыл қараша айының 14-19 күндері аралығында Қостанай қаласында гандболдан 2008 жылғы жастар және одан кіші жасөспірім қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионатына жоғарыда айтып өткен мектепте жаттығатын қос ару Бану Көпжан мен Әнел Нұрланқызы өзгелерден дараланып, облыс намысын қорғайтын құрамаға шақырылып, жолдама алған болатын. Нәтижесінде Қызылорда облысының командасы байрақты бәсекеде жеңіске жетіп, қос қызымыз алтыннан алқа тағынды.
Шәкірттерін қолдауға барған жаттықтырушысы Серік Бисембеков құрамаға қосқан қыздардың шешуші ойында жеңіс туын желбіретуге үлкен үлес қосып, ерекше ойын көрсеткенін айтты.
– Қостанай қаласында өткен чемпионатта 6 команда өзара бақ сынасты. Онда Нұр-Сұлтан, Қостанай, Қарағанды, Алматы, Қандығаш қалаларының спортшылары басқосты. Барлығы бір-бірімен кездесіп, ұпайға талас жүрді. Соның ішінде бізге қарсылас бола білген қарағандылық қыздар болатын. Міне, осы ойында менің қос шәкіртім жеңісті жұлып алды десем артық болмас. Несін жасырайын, бұған дейін талай жарыс оқушы апарып жүрмін. Аудан абыройын арқалап көптеген қалаларда болдық. Алайда бұл жолы Бану мен Әнел жеңіс үшін намысқа тырысып, өзгерелерден ерекшелене білді, – деді жаттықтырушы.
– Чемпионат болады дегенді дайындыққа бас қойып, жаттығудан қол үзбедім. Соның нәтижесінде құрама қатарына қосылып, жарысқа қатысып, жеңіспен оралдық. Ең бірінші, бапкеріме алғысымды білдіремін. Ол үнемі «Сендер қалайда үздік болуларың қажет», – деп жігер беріп, алға ұмтылдырды. Бұл жеңістің алғашқысы не соңғысы емес, әлі талай еңбек етіп, Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсеткім келеді, – деді Бану Көпжан.
Айта кетейік, біз айтып отырған спортшы қыздар №276 мектептің 8 сынып оқушылары. Сәтін салса, әлі талай жеңіске жетіп, аудан атын шығарады деген сенімдеміз.
А.БАҚЫТҰЛЫ