Мәслихаттар сайлауы
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздың ізі – ұрпақтың жолы

Ұстаздың ізі – ұрпақтың жолы

Қасиетті Қазалы топырағында дүниеге келіп, бар саналы ғұмырын білім мен тәрбие жолына арнаған жандардың бірі – Айша Төлеуқызы. Әкесі Төлеу Қараманұлы мен анасы Маруся Тайманқызы отбасында он бала тәрбиелеп-өсірген, еліне сыйлы қарапайым еңбек адамдары болды. Айша көпбалалы отбасының төртінші перзенті. Ол оқу орнын тамамдағасын 1987 жылы туған жеріне келіп, еңбек жолын өзі оқыған Қазмұхамед Күлетов атындағы №92 орта мектептің жанындағы мектеп-интернатта тәрбиешіліктен бастады.
Көп ұзамай мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып қабылданды. 1988 жылы ауыл азаматы Сайлаубекпен отасып, үш перзентті болды. Жолдасы жоғары білімді маман, кеңшарда, кейін мектепте ұзақ жылдар бас есепші қызметін атқарды. Қарттық жасқа жеткен ата-аналарын бағып, ауылдастары мен ортасына сыйлы, ауыл арасында абыройлы отбасы бола білді. Жолдасы Сайлаубек жаны жайсаң, ақкөңіл, қайырымды арда азамат еді. Жұптасқан ғұмырларының он сегізінші күзінде азаматы кенеттен өмірден озып, үш перзентімен қалып, жұмысы мен отбасылық шаруалармен жалғыз айналысуына тура келді. Оның өмірі тек мектеппен ғана шектелмеді. Алла мен өмірден ерте озған азаматының аманаты, үш баланы тәрбиелеп өсірген ана. Өмірдің адамға алдын ала ескертпей келетін сынақтары жетерлік. Сол сынақтар оның да тағдырын айналып өтпеді. Жүрегіне жара салған, сағыныштың салмағын артқан ауыр қайғы-жолдасының кенеттен өмірден озуы болды. Жолдасы Сайлаубекпен небәрі он сегіз жыл ғана отасып, өмірдің қуанышы мен қайғысын бөле көтеретін шағында оны қапияда жоғалту оған ауыр соққы болды. Жарынан айырылудың ауыр қайғысын жүрегіне бүгіп, қайғы қамыты қанша жерден қысса да қаймықпай алға ұмтылды. Ана жүрегінің төзімі мен қайсарлығы, өмірге деген үміті мен балаларына деген махаббаты оны алға жетеледі. Бүгінде сол балалары өсті, өнді, өз алдарына шаңырақ көтерді. Бала амандығы мен немелерінің шат күлкісі, отбасының берекесі – оның өмірлік еңбегінің жемісі. Әке мейірімін ерте жоғалтқан балаларына ана да, пана да болып, қиындыққа сынбауды үйреткен жанның еңбегі ештеңемен өлшенбесе керек.
Айша Төлеуқызы ұстаздық еңбек жолында көптеген кәсіби жарыстарға қатысып, түрлі деңгейдегі марапаттар иеленді. 1993 жылы ауданның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасындағы кәсіби байқауда жүлделі І орын иеленіп, аудандық оқу бөлімінің Алғыс хатымен, 1999 жылы барлық пән мұғалімдерінің аудандық «Жыл мұғалімі – 99» байқауында бас жүлде алып, «Жыл мұғалімі» номинациясымен және аудандық оқу бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталып, облыстық сайысқа жолдама алды. Сол жылы облыстық байқауға қатысып, аудан мұғалімдерінің намысын қорғап, жүлделі ІІ орын иеленді. Білім саласы бойынша оза шыққан педагог ретінде танылып, аудандық «Жыл адамы – 2000» номинация иегері атанды. Аудан әкімінің марапаты мен бағалай сыйлығын иеленді.
2000 жылдың қыркүйек айынан бас­тап Қазмұхамед Күлетов атындағы №92 орта мектептің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне та­ғайындалып, аудандық, облыстық көлем­дегі шаралардың ұйымдастырушысы ретінде танылды. Қырық жылдық тәжірибесі бар ұстаз аудандық, облыстық, республикалық деңгейлерде көптеген марапаттардың иесі. Ұзақ жылдарғы еңбегі еленіп, 2015 жылы «Қазақстан ұстаздары» қоғамы І дәрежелі медалінің иегері де атанды. Бірнеше мәрте аудандық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасының Құрмет Грамоталарымен марапатталды.
Ұстаздық жүрекпен таңдалып, жүрекпен атқарылатын мамандық. Ұстаздық қызмет­пен қатар, басшылық жұмысты да абыроймен атқарған Айша Төлеуқызы үшін жауапкершілік пен талапшылдық, әділдік пен адамгершілік әрдайым қатар жүрді. Ұжымның бірлігін сақтап, ортақ іске жұмылдыру жас мамандарға бағыт беру, білім саласының дамуына үлес қосу – оның өмірлік ұстанымына айналды. 2006 жылы қыркүйек айында педагогикалық қызметіндегі жетістіктері мен шығармашылық, ұйымдастырушылық қызметтері ескеріліп, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ұсынылды. Осы салада мүлтіксіз 15 жыл қызмет атқарып, әріптестерімен бірге жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында толағай табыстарға жетіп, ұжымдастарымен бірге мектептің аудан, облыс көлемінде жақсы жағынан танылуына күш салды. 1987-2026 жылдар аралығында 40 рет мектеп бітіруші түлектер, яғни 1000-ға тарта түлектердің мектеп қабырғасынан білім алып ұшуы мен сол түлектер арасынан 6 «Алтын белгі», мен 30-ға тарта «Үздік аттестат» иегерлерінің шығуы да оның орынбасарлық және мектеп директорының міндетін атқарушы лауазымын атқарған яғни, басшылық қылған уақыттарымен тұспа-тұс келеді. 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін мектеп директорының бейінді оқыту және ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Аталған салаға басшылық жасаған жылдарында мектеп оқушыларының ғы­лы­ми жоба және зерттеушілік жобалары байқауларының аудандық кезеңінде 18 оқушысы, облыстық кезеңінде 10 оқушысы, республикалық кезеңде бір оқушысы топ жарып, мектеп мерейін өсірді. Республикалық басылымдарға мақалалар жариялап, әдістемелік құралдар жазып, шығармашылық жұмыс нәтижесін көрсетіп келді.
Жылдар жылжып, сан шәкірт тү­леп ұшты. Бірі елге қызмет етіп, бірі ғылыммен білім жолын таңдады. Олардың әрқайсысының жетістігі – ұстаз жүрегіне қуаныш ұялатқан, маңдай терінің ақталған сәттері. Қырық жылдық еңбек жолында ұстаздың шәкірттеріне берген білімі мен тәлім-тәрбиесі олардың өмірлік жолына шамшырақ болды
Айша Төлеуқызының өмір жолы – ұстаздық пен аналықтың, қайсарлық пен даналықтың, мейірімнің тоғысқан жолы. Ол мектепте шәкірт тәрбиелесе, отбасында перзенттеріне өнеге болды. Бірі үшін ардақты ұстаз, бірі үшін білікті басшы болса, ұрпағы үшін аяулы ана, мейірімді әже.
– Алдыңа келген әр баланың бойында талант, дарын жатыр. Оны дер кезінде ашып, дұрыс бағыт-бағдар көрсете білу ұстаздың ұтқан тұсы. Ұстаздық қызметті мұратына айналдырған жан үшін мектеп екінші үй, ал шәкірттері жүрегінің бір бөлшегі болуы тиіс, – дейді бүгінгі кейіпкеріміз Айша Төлеуқызы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
14 қараша 2026 ж. 16 0

Төл теңгені таңбалаған

14 қараша 2026 ж. 15

Ұлы тұлғаның ұлық тойы

14 қараша 2026 ж. 17

Қос ауылдағы қуаныш

14 қараша 2026 ж. 17

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30