Шығыс Қазақстан тауларынан ғылымға беймәлім көбелек түрі табылды
pixabayШығыс Қазақстанның таулы өңірінен ғалымдар бұрын ғылымда сипатталмаған түнгі көбелектің жаңа түрін тапты. Оған танымал қазақстандық тарихшы Манаш Қозыбаевтың есімі берілді. Бұл жаңалықты Қазақстан мен Ұлыбритания зерттеушілері бірлесіп ашты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Көбелектің жаңа түрі еліміздің шығысындағы Арқалы тауларынан табылған. Ол негізінен түнде тіршілік ететін түн көбелектері тұқымдасына жатады. Ғылыми атауы – Scythobrya kozybayevi.

Бұл жаңалық – Зоология институты мен Ә. Марғұлан атындағы Павлодар университетінің энтомологі Сергей Титов және Ұлыбританиядағы African Natural History Research Trust ұйымының зерттеушісі Антон Волынкиннің бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Көбелектің жаңа түрі туралы ғылыми сипаттама 12 қарашада халықаралық Entomological Studies ғылыми журналында жарияланды.
Көбелекке неліктен тарихшының есімі берілді?
Ғалымдар бұл жаңалықты академик Манаш Қозыбаевтың рухына арнаған. 16 қарашада көрнекті тарихшының туғанына 95 жыл толады.
Бұл туралы тарихшының есімі берілген Солтүстік Қазақстан университеті хабарлады.
«Көбелекке ғалымның есімін беру – оның ғылымға сіңірген еңбегіне көрсетілген ерекше құрмет. Осылайша Манаш Қозыбаевтың есімі халықаралық зоологиялық атаулар жүйесінде де мәңгі сақталатын болды», – деп атап өтті университет өкілдері.
Манаш Қозыбаев туралы не белгілі?
Манаш Қозыбаев (1931–2002) – көрнекті қазақстандық тарихшы, профессор, тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі.
Ол Қазақстан тарихын зерттеуге, отандық тарих ғылымын дамытуға және Еуразия даласындағы өркениет тарихын зерделеуге зор үлес қосты.
2003 жылдан бері Солтүстік Қазақстан университеті Манаш Қозыбаевтың есімімен аталады.
Университет өкілдері академиктің 95 жылдығы қарсаңында ашылған бұл жаңалықтың ерекше мәні бар екенін атап өтті.
Енді көрнекті тарихшының есімі жәндіктер дүниесін зерттеуге арналған халықаралық ғылыми еңбектерде де сақталады.












