Қос ауылдағы қуаныш
Ауданға қарасты екі ауылда әлеуметтік маңызы бар тағы бір жоба жүзеге асты. Жанқожа батыр және Ү.Түктібаев ауылдарына табиғи газ беріліп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам жасалды. «Көгілдір отынның» берілуі – елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі.Кеше облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қазалы ауданына жұмыс сапарымен келді. Басты нысан – қос ауылдың табиғи газ қосу рәсіміне қатысу. Құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, зиялы қауым өкілдері де тарихи сәттің куәсі болды. Өз кезегінде аймақ басшысы ауыл тұрғындарын «көгілдір отынның» қосылуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ауыл – біздің алтын бесігіміз. Ауылдағы тіршілік сапасын жақсартпай, жалпы ұлттық дамуды елестету мүмкін емес» деген болатын. Бүгін Жанқожа батыр және Ү.Түктібаев ауылдарын көгілдір отынға қосудамыз.
Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен өңіріміздің барлық саласында серпінді жобалар жүзеге асып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында оң тенденция қалыптасты. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, инфрақұрылымды қайта жаңғырту қарқын алды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық елді мекенге 100 пайыз сапалы ауыз су жеткізілді.
Қызылорда қаласында «Aksa Energy» компаниясы 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегават жаңа жылу-электр орталығын салып, бүгінде ел игілігіне қызмет етуде. Сондай-ақ 1,5 мың шақырымдық «Бейнеу-Шымкент» газ құбырының екінші желісі жоспарлануда. Газ құбырына 3 трлн теңге бөлінеді, оның 1,7 трлн теңгеге салынатын 846 шақырымы облыс аумағынан өтеді. Елдің дамуы ауылдан, ауылдың гүлденуінен басталады. Бүгінгі қуаныш әрбір отбасына бақыт пен шаттық әкелсін! – деді аймақ басшысы.
Шарада ел ағалары Әлімбай Қасқырбай, Берік Бисембаев сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кеткен жөн, өңірде 2022-2025 жылдар аралығында 65 миллиард теңгеден астам қаржыға 77 жоба жүзеге асқан. Былтыр 18 жобаға 17 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, 11 елді мекенге газ келіпті. Аймақта газдандыру деңгейі 83 пайыз болған. Жыл соңына дейін тағы 10 елді мекен тұрғындары газ игілігін көріп, халықты қамту деңгейі 85 пайыздық межеге жетпек. Сонымен қатар, «ҚазақГазАймақ» акционерлік қоғамының инвестициялық бағдарламасы аясында 10 млрд теңгеге 6 елді мекенді газдандыру жұмысы жоспарланған.
Соңғы жылдары Қазалы ауданында елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұған дейін аймақты төрт жылдан астам уақыт басқарған Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен Ақтан батыр және Абай ауылдары «көгілдір отынға» қосылды. Өткен жылы Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев елді мекендеріне магистральды газ құбыры жеткізіліп, биыл бұл жұмыстар жалғасын тауып 1 млрд 560 миллион теңгеге аталған төрт ауылға ауылішілік газ желілері жүргізілген болатын. Нәтижесінде бүгін Жанқожа батыр және Ү.Түктібаев ауылдары газға қосылып, екі ауылда 3500-ге жуық тұрғын «көгілдір отынның» игілігін көруде. Жыл соңына дейін Бекарыстан би және Майдакөл ауылдары да толықтай газға қосылмақ. Сонымен қатар елді мекендерді газбен қамту бойынша биыл ауданда Жанкент, Бірлік, Қожабақы және Аранды елді мекендеріне магистральдық газ құбырын тарту, Ақсуат ауылында автоматтандырылған газ тарату станциясын (АГРС) салу және Ақсуат пен Байқожа елді мекендеріне ауылішілік газ құбырларын тарту жобалары әзірленген.
Иә, осылайша қос ауылдың тұрғындары үшін биылғы қыс жайлы болмақ. Бұл көпшіліктің қашаннан бергі арманы десек те болады. Ауылға газ келеді деген хабар жеткелі бері асыға күткен тұрғындар міне, «көгілдір отынның» игілігін көруде.
Одан соң облыс әкімі халықпен кездесіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдауға келген 60-тан астам азамат ұсыныс-тілектерін айтты. Аймақ басшысы қазалылықтар көтерген мәселелерге қатысты жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді. Барлық мәселе жан-жақты зерттеліп, заң аясында шешімі шығарылмақ. Тұрғындар көтерген негізгі мәселе электр желілерін қайта жаңғырту, жол салу, жылу жүйесін кеңейту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, асфальт төсеуге қатысты болды. Көңілінде күпті болған мәселе бойынша олар сауалдарын қойып, нақты жауабын алды. Мәселен, Өркендеу ауылының тұрғыны Өркендеу, Бірлік, Қожабақы және Аранды ауылдарын газдандыру жайын сұрады. Қазір Қазалы ауданының оңтүстік бөлігіндегі газдандыруды қажет ететін 9 елді мекенде 6 849 адам тұрады, 1 319 тұрғын үй, 45 әлеуметтік нысан мен 323 кәсіпкерлік субъектісі бар.
«Қызылорда облысы Қазалы ауданының Жанкент, Бірлік, Қожабақы, Аранды елді мекендеріне жеткізуші газ құбырын салу» жобасы әзірленген. Жобаны жүзеге асыруға 4 млрд 558,155 миллион теңге жоспарланған, алдағы 2027 жылға 1 миллиард 769,652 миллион теңге көлемінде қаржы бөлу мақұлданған. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілмек. Алдымен ауылдарға жеткізуші газ құбыры тартылып, одан кейін ішкі газ желілері салынады. Әйтеке би кентінің тұрғыны жаңадан «Оқушылар үйі» салу мәселесін көтерді. «Оқушылар үйі» кент орталығындағы №249 мектептің бос жатқан жер учаскесіне салу жоспарлануда. Бұл құрылыс облыс бойынша жоба-сметалық құжаттамаларды әзірлеудің тиімділігін қарау жөніндегі кеңесте қолдау тапты. Жоба-сметалық құжаттама демеушілік қаражат есебінен әзірленіп, оң сараптама қорытындысы алынған екен.
Айнұр ӘЛИ
Айнұр ӘЛИ














