Қазалыда «Болашақ үшін ағаш отырғызайық» акциясы өтті
Бүгін Қазалы ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық жобасы аясында «Болашақ үшін ағаш отырғызайық» акциясы ұйымдастырылды.Игі шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, ауданның ардагерлері мен ел ағалары, мекеме-кәсіпорын қызметкерлері, жастар және аудан тұрғындары қатысып, туған жерді көгалдандыруға өз үлестерін қосты.
Акция барысында аудан әкімі қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау және көгалдандыру жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» бастамасының қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің таза, көрікті әрі мәдениетті болуын үнемі назарда ұстап келеді. «Таза Қазақстан» бастамасы – тек тазалық шарасы ғана емес, ол әрбір азаматтың туған жеріне деген жанашырлығын, табиғат алдындағы жауапкершілігін арттыратын маңызды қозғалыс. Жыл басынан бері ауданымызда осы бастама аясында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып, елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және көгалдандыру бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Бүгінгі ағаш отырғызу акциясы да осы игі жұмыстардың жалғасы. Әрбір отырғызылған көшет – келешек ұрпаққа қалдырар жасыл мұрамыз. Сондықтан туған жеріміздің көркеюіне баршамыз бірлесе үлес қосуымыз қажет», – деді аудан әкімі.
Акция аясында Қазалы ауданында барлығы 500 түп ағаш көшеті отырғызылды. Оның ішінде 300 түп қарағаш және 200 түп үйіңкі бар.Жалпы, шараға 1150 адам қатысып, туған өлкенің жасыл желекке бөленуіне атсалысты.
Айта кетейік, «Болашақ үшін ағаш отырғызайық» акциясы облыс орталығымен қатар барлық аудандар мен елді мекендерде жалғасуда.














