Мәслихаттар сайлауы
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы тұлғаның ұлық тойы

Ұлы тұлғаның ұлық тойы

Тарихтың тұғырын биіктететін де, ұлт рухын асқақтататын да – ел жадында мәңгілікке орын алған ұлы тұлғалар. Ғасырлар өтсе де, олардың ерлік жолы көмескі тартпай, кейінгі буынға өнеге болып қала береді. Биыл сондай біртуар тарихи тұлға, даңқты қолбасшы, Самарқан шаһарының әміршісі Жалаңтөс Сейітқұлының туғанына 450 жыл толып отыр. Есімі елдік пен ерліктің нышанына айналған баһадүрдің өмір жолы – тұтас дәуірдің шежіресі. Баба рухына тағзым етіп, оның өнегелі ғұмырын ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында Сыр өңірінде мерейтойлық шаралар кең көлемде ұйымдастырылуда. Осындай тағылымды шаралардың кезекті легі күні кеше Қазалы ауданында жалғасын тапты. Ендеше, тарих пен тағылым тоғысқан мерейтой барысын толығырақ баяндасақ.
Көркем көрсетілім
Алдымен шараның шымылдығы Роза Бағланова атындағы мәдениет үйінде бас­тау алып, Жалаңтөс батыр туралы деректі фильмнің көрсетілімімен түрілді. Шараға еліміздің әр өңірінен арнайы келген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, аудан тұрғындары, жастар және баһадүрдің ұрпақтары қатысты.
Деректі туындыда ұлы қолбасшының ғұмыр жолы, ел басқарудағы қайраткерлігі, әскери қолбасшылық қабілеті мен тарихи жорықтары кеңінен баяндалды. Тарихи деректер мен ғалымдардың зерттеулеріне негізделген фильм Жалаңтөс баһадүрдің ел тарихындағы орнын танытып, кейінгі ұрпаққа өнегелі өмірінен тағылым алуға мүмкіндік берді.
Айта кету керек, Жалаңтөс баһадүр 1576-1656 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол Қазақ хандығы, Бұхара хандығы мен тұтас Орталық Азияның саяси-әскери тарихында өзіндік орны бар тарихи тұлға. Ол ел қорғаған ержүрек қолбасшы ғана емес, Самарқанның саяси-әкімшілік өміріне белсене араласқан мемлекет қайраткері, сәулет өнерінің өркендеуіне үлес қосқан тұлға ретінде де тарихта қалды. Баһадүрдің қолдауымен бой көтерген «Шердор» мен «Тіллә-Қари» медреселері – соның ай­қын айғағы. Ғасырлар өтсе де, айбынын жоғалтпаған бұл сәулет туындылары бүгінге дейін адамзаттың тарихи-мәдени мұрасының бағалы жәдігері ретінде сақталып келеді.
Тұлға тағылымын танытқан
Дүр бабамыздың дүбірлі тойы тарихи тұлғаның тағылымын тереңірек танытқан «Тұран жолбарысы атанған әмір» атты ғылыми-танымдық конференцияға ұласты.
Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен ғылыми жиынға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртай, аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, еліміздің әр өңірінен келген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, Жалаңтөс баһадүрдің ұрпақтары мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Конференция шымылдығын облыс әкі­мі­нің орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы ашып, облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың аудан жұртшылығына жолдаған құт­тықтауын жеткізді. Ол өз сөзінде мерей­тойдың мән-маңызына тоқталып, Жалаңтөс баһадүрдің ел тарихындағы айрықша орнын, кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесін атап өтті.
Одан кейін аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы да мерейтойға жинал­ған қауымды құттықтап, баба есімін ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, өскелең ұрпақтың бойына елдік рух пен отаншылдық қасиетті сіңірудің маңызды жолы екенін жеткізді. Сондай-ақ баһадүрдің қолбасшылық дарыны мен мемлекет басқару ісіндегі қайраткерлігін терең танытып, тарихи мұрасын кеңінен насихаттаудың мәніне тоқталды.
Бұдан соң мінберге шыққан ғалымдар Жалаңтөс баһадүрдің өмір жолы мен тарихи тұлғасын әр қырынан зерделеп, баба мұрасының бай мазмұнын ғылыми пайыммен сабақтады. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев «Жалаңтөс батыр және XVI-XVII ғасырлардағы Қазақстан мен Орталық Азияның мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, баһадүр өмір сүрген кезеңнің саяси ахуалы мен тарихи оқиғаларына кеңінен тоқталды. Ғалым сол дәуірдің күрделі шындығын саралай отырып, Жалаңтөс баһадүрдің аймақ тари­хындағы орнына терең үңілді.
Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, өнертану профессоры, белгілі этнофольклортанушы Берік Жүсіпов «Жалаңтөс баһадүрдің Орталық Азия эпикалық мұрасындағы этнопоэтикалық бейнесі және оның фольклортанудағы дискурсы» тақырыбында ой өрбітті. Ол халық жадында сақталған баһадүр бейнесінің эпикалық мұрадағы көрінісін ғылыми тұрғыдан талдап, ауыз әдебиетіндегі тарихи тұлға болмысына назар аударды.
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлыбек Мыңжас «Жалаңтөс әмір-дің архитектуралық мұралары» жөнінде баяндап, баһадүр есімімен сабақтас сәу­лет ескерткіштерінің тарихи және мәдени маңызын тарқатты. Ал филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева «Жалаңтөс батыр: тарихи шындық пен көркемдік шындық сабақтастығы» тақырыбында сөз сөйледі.
Әр саланың өкілдері ортаға салған ғылыми тұжырымдар мен байыпты пайымдар Жалаңтөс баһадүрдің өмір жолы мен тарихи мұрасына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беріп, көпшіліктің таным көкжиегін кеңейте түсті. Бабаның болмысын тереңірек танытып, оның ерлік өнегесін ұрпақ жадында жаңғыртуға бағытталған басқосу аясында жазушы, тарих зерттеушісі Бегімбай Ұзақбаевтың «Жалаңтөс баһадүр» атты тарихи романының тұсауы кесілді. Көркем туындыда Орталық Азия тарихында өшпес із қалдырған Жалаңтөс баһадүр Сейтқұлұлының өмір жолы, ел қорғаудағы ерлігі мен мемлекет басқарудағы қайраткерлік қыры кеңінен суреттелген.
Тарихи тұлғаның өнегелі жолын ұлықтау, асыл мұрасын кейінгі ұрпаққа аманаттау жайы конференцияда сөз алған республикалық «Жалаңтөс баһадүр» қорының президенті Нәжмадин Мұсабаев баба мұрасын насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталды. Сондай-ақ жиынға қатысқан өзге де ел ағалары мен қонақтар ой-пікірлерін ортаға салып, тарихи тұлғаның тағылымы төңірегінде толымды ойларымен бөлісті.
Осылайша, баба рухын ұлықтап, елдік мұратты арқау еткен тағылымды конференция өз мәресіне жетті. Басқосу соңында аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы Жалаңтөс баһадүрдің 450 жылдық мерейтойына еліміздің әр өңірінен арнайы келген бірқатар азаматқа мерекелік медальдар табыстады.

Жырдан шашу шашты

«Адамдықты айт, ерлікті айт, батыр­лықты айт!» деп жырлаған екен жыр алыбы Жамбыл. Қазақ халқы қашанда ел үшін жан берген ерлерін ұлықтап, олардың өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа аманат еткен. Ғасырлар өтсе де, батырлар есімінің ел жадынан өшпеуі де содан. Осы дәстүрдің жалғасы іспетті өткен «Тұранның тұлғасы – Жалаңтөс» атты жыр фестивалі торқалы тойдың мазмұнын байыта түсті.
Әйтеке би кенттік мәдениет үйінде өткен шарада алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Әлиев жыраулық өнердің ұлт руханиятындағы орнына тоқталып, Жалаңтөс баһадүр сынды тарихи тұлғалардың ерлік жолын ұрпаққа танытудың мәнін атап өтті. Сондай-ақ аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың мерейтойға арналған құттықтауын жеткізді.
Бұдан кейін «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, республикалық «Жалаңтөс баһадүр» қорының президенті Нәжмадин Мұсабаев сөз алып, баба мұрасын ұлықтаудың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Жыр додасына жиналған өнерпаздарға ақжарма тілегін арнап, ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге қосып жүрген үлестеріне ризашылығын білдірді.
Одан соң сахна төріне көтерілген республикаға танымал Руслан Ахметов, Шолпан Бимбетова, Әділхан Қуаңбаев, Айна Тұяқова, Нұртілек Ақтаев, Еркебұлан Шынжанов, Марат Сүгірбай, Абылайхан Бектасов, Тұрар Айдос, Жанболат Өмірзақ, Әлішер Мырзағалиев пен Руслан Өтегенов сынды жыршы-термешілер кезекпен өнер көрсетті. Домбыраның қоңыр үніне қосылған жыр-термелерде баһадүрдің ерлік жолы өріліп, елдік пен бірлік мұраты кеңінен жырланды. Жыраулардың мақамы мен терең мазмұнды толғаулары көрерменді тарих қойнауына жетелеп, баба рухына деген құрметті асқақтата түсті.
«Сан ғасырлық қанды шайқас
қазақтың,
Сырларына бес саусақтай қанықпын.
Онда даңғыл ізі жатыр өшпейтін,
Ер жүректі қазақ деген халықтың», – демекші, елдік пен ерліктің өшпес өнегесін ұлықтап, Жалаңтөс баһадүрдің даңқты жолын дәріптеген жыр фестивалінің соңында аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың атынан фестивальге қатысқан барша жыршы-жырауға арнайы дипломдар табысталып, қаржылай сыйлықтар берілді.

Қазыналы қойылым

Торқалы тойға жиналған жұрт сол кеште Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығына бет алды. Мұнда Жәдігер Тұрсынов атындағы халық театры драматург Сая Қасымбектің «Жалаңтөс баһадүр» атты тарихи қойылымын көрермен назарына ұсынды. Баба рухына тағзым еткен мерейтойдың ең бағалы тартуларының бірі осы болғаны анық. Театр залы көрерменге лық толып, ине шаншар орын қалмады.
Қойылым барысында баһадүрдің қай­сар болмысы, елдік мүдде жолындағы табандылығы мен көрегендігі сахна­лық шешім арқылы шебер өрілді. Самарқанның айбынын асырған әміршінің қолбасшылық қабілетімен қатар, сәулет өнеріне деген ықыласы, парасат-пайымы да актерлер ойынында нанымды көрініс тапты. Тарихтың қатпарлы беттерінен сыр шерткен сахналық туынды көрерменді бір сәт өткен дәуірге жетелеп, баба ерлігіне тағы бір мәрте тағзым еткізгендей болды.
Жалаңтөс баһадүрдің есімімен тығыз байланысты Самарқанның көркіне көз сүйсіндірген Регистан алаңы – бүгінгі күнге жеткен ұлы мұраның бірі. Ал сол сәулетті шаһардың өркендеуіне үлес қосқан баһадүрдің өмір жолын сахнада сөйлету – үлкен ізденіс пен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Театр ұжымы осы міндетті абыроймен атқарып, тарихи тұлғаның болмысын көрерменге жақындата білді.
Қош. Дана халқымыз қашанда баһадүр бабаларының ерлігін жадында сақтап, есімдерін ардақ тұтқан. Олардың бойынан батырлықты ғана емес, кемеңгерліктің де келбетін танып, кейінгі ұрпаққа жол көрсеткен өнегелі тұлға ретінде бағалаған. Шынында, ұлы тұлғаларымызды ұлықтау арқылы Ұлы Даланың даңқын асқақтатып, ұлт рухын биіктетеміз, елдік жігерімізді шыңдаймыз. Өйткені өткенін ұлықтаған елдің еңсесі қашанда биік.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
14 қараша 2026 ж. 16 0

Төл теңгені таңбалаған

14 қараша 2026 ж. 15

Ұлы тұлғаның ұлық тойы

14 қараша 2026 ж. 17

Қос ауылдағы қуаныш

14 қараша 2026 ж. 17

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30