Спортшылар құрмет төрінде
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев республикалық жарыстарда топ жарып, ауданның, тіпті облыстың намысын абыроймен қорғап жүрген спортшыларды қабылдап, емен-жарқын әңгімелесті. Алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат жасады.
Әкімнің қабылдауында болған спортшылар қатарында зілтемірші қыз Таисия Алексеева мен Салтанат Қыпшақбай бар.
Таисия Алексеева Қызылорда қаласында өткен ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңімпаз атанса, Салтанат Қыпшақбай дәл осы жарыста күміс медаль еншіледі. Споршыларды дүбірлі додаға дайындаған бапкер №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы Азиз Жақсылық.
Айта кетейік, Қызылорда қаласында өткен ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының чемпионатында тағы бір жерлесіміз Алтынай Тәңірбергенова да жеңістің биік тұғырынан көрініп, чемпион атанған. Қазіргі таңда Алтынай ұлттық құрама сапына шақырту алып, Алматы қаласында оқу-жаттығу жиындарына қатысып жатыр.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат