Мәслихаттар сайлауы
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Төл теңгені таңбалаған

Төл теңгені таңбалаған

Теңге туралы айтқанда, көбіне оның бағамы, инфляцияға ықпалы, әлемдік валюта нарығындағы орнын сөз етеміз. Бұл да – экономикалық тәуелсіздіктің маңызды көрсеткіштері. Алайда ұлттық валютаның тарихын тек қаржы өлшемімен шектеу аздық етеді. Теңге – мемлекеттің экономикалық дербестігінің ғана емес, тарихи жады мен ұлттық болмысының да көрінісі. Оның алғашқы банкноттарына қазақтың ойшыл, ақын, күйшілері мен хандарының бейнесі таңбалануы кездейсоқ емес. Бұл – жас мемлекеттің өз тарихын өзі танытуға, түпкі мәдениетін төл таңбасымен әлемге көрсетуге жасаған қадамы.
Бірақ Тәуелсіздіктің осы бір көрнекі нышанын жасаған суретшілердің есімдерін қаншалықты білеміз? Күн сайын қолымызға ұстайтын теңгенің артында қандай шығармашылық ізденіс, қандай кәсіби жауапкершілік, қандай тарихи міндет тұрғанын ойлап көрдік пе? Ұлттық валютаның дизайнын жасаған шеберлердің еңбегі қаржы тарихының ғана емес, Қазақстанның мәдени шежіресінің де бір бөлігі болуға тиіс емес пе еді?..
Мемлекеттің егемендігі рәміздер мен ресми құжаттарда ғана емес, өзінің тарихи тұлғаларын қалай танытатыны, мәдени мұрасын қалай бағалайтынынан да көрінеді. Сондықтан теңге күнінде валютаның бағамын ғана емес, оның көркемдік келбетін қалыптастырған азаматтардың еңбегін де еске алу маңызды. Өйткені ұлттық валютаның құнын нарық белгілегенімен, оның тарихи және рухани бағасын ұлттың жады айқындайды.
Қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, ұлттық валютаның алғашқы көркемдік келбетін жасауға үлес қосқан суретшінің бірегейі Ағымсалы Дүзелханов.
Ағымсалы Дүзелханов. Бұл есіммен алғашқы мектеп жасында, сол кездегі аудан әкімі Нәжмадин Мұсабаев пен Айгүл Мұсабаеваның авторлығымен жарық көрген «Ортаймаған қазаны, қасиетті Қазалы» атты кітаптан танысқан едім. Ағымсалы. Дәл осындай есімді нағашым болатын. Оның аты естілгенде үнемі қызықты көрінетін. Екінші рет кітаптан оқыдым. Оған дейін де, кейін осы есімді қалың қазақтың арасынан кездестірмеппін. Мүмкін біздің Сыр жұртына таныс ескі атаудың бірі болса керек деген қызығушылық үнемі мазалайтын. Кейін түркология факультетінде оқытылатын ономастиканың бір саласы, адам есімдерін зерттейтін ғылым – антропонимика курсын оқығанда да осы есім туралы іздегендім.
Ғылым сөзді екі түбірден құралған біріккен есім деп түсіндіреді.
Ағым – қазақ тіліндегі «ағын», «екпін», «жүріс», «үдеріс» немесе «судың ағысы» деген мағыналарды береді. Ат қою үрдісінде баланың өмірі белсенді, алға басушылықпен, тоқтаусыз дамумен және жігерлілікпен өтсін деген ниетті білдіреді.
Екінші түбір «салы» қазақ антропонимиясында бірнеше мағыналық реңкке ие. Сері, сал-серілік мән. Ертедегі өнерлі, сері, елден ерекше киініп, өнер қуған «сал» сөзінің өзгерген түрі «салы».
Ислам мәдениетіндегі «Салих» салиқалы, ізгі, әділ, таза сөзінің қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына бағынып, жұмсарып «салы» болып өзгеруі мүмкін.
Есімнің толық антропонимикалық мазмұны – «Өміршең, белсенді, екпінді әрі салиқалы болсын» немесе «Ағынды, жігерлі сері болсын» деген ырыммен, ақ тілекпен қойылған ер баланың есімі.
«Ағымсалы» сөзі қазақ тілінде салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты берік ұстанатын, ескі сүрлеумен, бұрыннан келе жатқан қалыптасқан жолмен жүретін адам немесе іс-әрекет деген мағынаны білдіреді. Демек «Кеменің атын қалай қойса, сол бағытқа қарай жүзеді» деген үлкендердің еткен ырымы қырын кетпегіні де.
Әлі есімде, 2021 жылы «Балапан» телеарнасынан Тәуелсіздік туралы мультфильм жиі ұсынылады. Онда балалар танымына лайықты түсінікпен қазақстандық ақшаның тарихы баяндалады. Көріп отырып, авторларының бірі делінген таныс есімді құлағым шалды. Көңілімде әлдебір ой қозғалып, суретшінің аты-жөні санамда ұзақ жаңғырып жүрді.
Ойыма оралған дереккөзге көз жеткізейін десем, ол кітап әлдеқашан жоғалып кеткені көңілімді түсірді. Дереу әлеуметтік желіге жүгіндім. Болжамым дұрыс келген сынды. Көкейде: «Неге алғашқы теңгені салған суретші туралы басқалар тұрмақ, жерлестері неге білмейді?» деген ой маза бермеді.
Сол күндердің бірінде ардагер-ұстаз, білім беру ісінің үздігі, өлкетанушы-зерттеуші Гүларша Хусайынова жолықтым. Бірнеше кітап жазып, зерттеу жұмыстарымен айналысқан шығармашыл жанның суретшілермен де тығыз байланысты тәжірибесі бары есіме түсіп, Ағымсалы суретші туралы сұрадым. Ол кісі өзінде мен сұратқан мәлімет жоғын айтты. Әңгіме арасында Қайырбай Зәкіровтен сұрап беруіне қолқа салдым.
Арада бір-екі күн өткенде көптен күткен жақсы хабар жетті. Гүларша Хусайынқызы керекті телефон нөмірін тауып беріп, менің мәліметім нақты екендігін айтты.
Қобалжып тұрып, телефон нөмірін тердім. Көтермеді. Сосын дыбыстық хабарлама жіберуді жөн көрдім.
«Сәлеметсіз бе, аға! «Қазалы» газетінің журналисі Алтын Қосбармақова деген қызыңызбын. Мүмкіндік болса, хабарлассам деп едім...» деген қысқа ғана өтінішімді жолдадым.
Арада айға жуық уақыт өтті. Жауап болмаған соң үмітім жоғала бастаған кештің бірінде телефоныма хабарлама келді.
«Бақытты бол, айналайын! Ертең түстен кейін уақытым болады, сол кезде хабарласа ғой».
Ақын Кәкімбек Салықовтың: «Бір ауыз сөз таң шолпанын әперер, Бір ауыз сөз анаңдай боп мәпелер», – дейтініндей, сана түкпірінен жылт еткен үмітім айналамды сәулелендіргендей болды. Көптен бері дайындап жүрген сұрақтарыма жауап табатын, елге танымал өнер иесімен тілдесетін сәттің туғанына қуандым.
Сол жолы аға екеуіміз жақсы сұхбат өрбіттік. Әңгіме барысында байқағаным, әлемге танылған суретшінің болмысы аса қарапайым екен. Артық мақтан сөзге жоқ, өзі туралы көп сөйлеп, жетістіктерін тізбелеуге де құлықты емес. Нақты сұраққа нақты жауап береді. Сөзінен де, үнінен де кісілік пен кішіпейілділік аңғарылып тұрады. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген халықтық қағиданың мәнін сол әңгімеде тереңірек сезінгенгендей болдым.
Қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор А.Дүзелханов ұлттық өнеріміздің көкжиегін кеңейтіп, талай жас суретшінің кәсіби қалыптасуына жол ашқан еңбегін де ерекше бағалаған-ды. Ал менің сөйлесіп отырған Ағымсалы осынау атақ-даңқтың бәрінен биік тұратын қарапайым қасиетімен даралана, қырлана түскендей.
Сол жолғы әңгімелесуде жадымда ерекше сақталғаны – ағаның туған жері туралы сөз қозғалғанда даусының толқып кеткені.
«Ауыл-ел аман ба, айналайын?! Ат ізін салмағанымызға да біраз болды. Бірақ бір күш сонда тартады да тұрады», – деді ол.
«Біздің ауылда сізді қызықтыратын көркемдік бар ма екен?» – дедім еркінсіп.
«…Жеңіл ғана күлді. Оның сол бір күлкісінде туған жеріне деген сағыныш та, ауылын өзгелерге танытқысы келетін іңкәрлік те анық аңғарылды.
«Елдің хабарын біліп, алаңдап отырамыз. Жасың нешеге келсе де, адам тамыры байланған жерді, өскен ортасын ұмытпайды екен. Тіпті соған оймен болса да жақындай түседі екенсің», – деген сөзі әлі күнге дейін құлағымда.
Тартылысы бөлек туған топырақ перзенті қанша жерге танылып, биік белестерді бағындырса да, жүрегінің бір түкпірінде биік бағасымен орынығады-ау. Ол өмірбаяндағы жай ғана мекен емес, адамның рухани бастауы.
Ағымсалы ағаның ауылын аңсап отырғанын тыңдағанда, мен де Қазалының перзенті ретінде іштей тебірендім. Расында төл мекеннің қадірін оның атын алысқа танытқан азаматтардың жүрегінен артық кім сезінер?!
Күнделікті қолымызға ұстап, сауда-саттықта пайдаланып жүрген теңгенің көркемдік келбетін жасауға қазақ суретшілерінің қандай еңбек сіңіргенін білуге құмарттым. Сұхбат барысында ұлттық валютамыздың тарихын баяндауын сұрадым.
Ағымсалы аға байыппен өзін ұлттық валютаның алғашқы үлгілерін әзірлеу жұмысына қатысқан суретшілердің бірі екенін айтты.
«Ел егемендігін алғаннан кейін төл валютасын енгізу мемлекеттік маңызы бар міндетке айналды. Осы мақсатта дизайнерлер мен суретшілерден құралған шығармашылық топ жасақталды. Оның құрамында менен өзге Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Досбол Қасымов және Хайрулла Ғабжалилов болды.
Ұлттық валютаның алғашқы үлгілерін әзірлеу барысында суретшілерге үлкен жауапкершілік жүктелді. Өйткені жаңа банкноттар елдің экономикалық дербестігінің ғана емес, тарихи жадын, мәдениетін, ұлттық болмысын танытатын нышанның да біріне айналуға тиіс еді», – деді.
Ағымсалы Дүзелханов теңгенің алғашқы үлгілеріндегі тарихи тұлғалардың бейнелері мен көркемдік композицияларын жасауға атсалысады. Сол кезеңдегі банкноттарда халқымыздың тарихында айрықша орны бар тұлғалардың бейнесі бедерленген. Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Әбілқайыр хан, Абылай хан секілді тарихи қайраткерлердің портреттері ұлттық валютаның көркемдік мазмұнын айқындады.
Айтуынша, теңгенің алғашқы жобаларын әзірлеу жұмыстары Алматыда басталып, ғалымдармен, экономистермен бірлесе жүргізілген. Ал банкноттардың соңғы нұсқасын әзірлеп, баспаға дайындау жұмыстары Ұлыбританияның Лондон қаласында жалғасқан.
«Алғашқы жобалардан бастап, соңғы бекітілген үлгіге дейін бір жылдай уақыт кетті», – деді.
Жауапты кезеңнің қиындықтары да аз болмаған. Қазіргі цифрлық технологиялар кеңінен қолданылатын заманда компьютер мен принтердің мүмкіндігінен бастап, банкнотты басып шығарудың күрделі технологиясына дейінгі үдерісті көз алдымызға елестету оңай. Ал өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында мұндай жұмыстарды игеру суретшілерден айрықша төзімділік пен кәсіби шеберлікті талап етті. Әсіресе банкноттағы бейнелерді өте шағын көлемде, айқын әрі сапалы етіп салу оңайға соқпаған. Әрбір сызықтың, әрбір бөлшектің дәлдігі маңызды болды. Өйткені ақшадағы сурет тек көркем туынды ғана емес, арнайы қорғаныс талаптарына сай келуге тиіс еді.
Абырой болғанда, таңдаулы топ елдік міндетті абыроймен атқарады.
Қазіргі өзгеріске енген теңге туралы кәсіби көзқарасын сұрадым.
«Теңгенің дизайны мен қорғаныс элементтері заман талабына сай бірнеше рет жаңарды. Технология өзгеріп, қауіпсіздік талаптары күшейді. Алайда ұлттық валютаның қалыптасу кезеңінде суретшілер салған алғашқы көркемдік негіздің тарихи маңызы ешқашан кемімейді», – деді ол.
Төл теңгемізге қараған сайын, оның бетінде бейнеленген тарихи тұлғаларға ғана емес, сол бейнелерді халыққа таныту үшін тер төккен суретшілерге де құрметпен қарау керектігі туралы ой қалыптасты. Өйткені ұлттық валютаның көркемдік болмысын қалыптастыру – тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы айрықша шығармашылық еңбек.
Қазақстандық өнертанушылар мен зерттеушілердің еңбектерінде Ағымсалы Дүзелхановтың шығармашылығы қазақ бейнелеу өнерінің маңызды бір арнасы ретінде қарастырылады.
Өмірбаяндық мәліметтерге сүйенсек, суретші 1951 жылғы 19 тамызда Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келген. 1976 жылы Алматы көркемсурет училищесін, 1982 жылы Мәскеудегі В.И.Суриков атындағы көркемсурет институтын бітірген.
Қолданбалы графика, плакат, кітап безендіру, кескіндеме және портрет жанрларында жемісті еңбек етті. Тарихи, фольклорлық тақырыптардағы, балаларға арналған екі жүзден астам кітапты безендіруге атсалысқан.
Суретшінің «Алтын сарбаз», «Түркістан», «Ордабасы», «Оғыз хан», «Көроғлы» секілді кескіндеме туындылары, сондай-ақ Абылай хан, Әбілқайыр хан, Қазыбек би, Әйтеке би, Төле би, Қорқыт тәрізді тарихи тұлғалардың портреттері – ұлттық тарихымызды көркемдік тұрғыдан зерделеудің жарқын үлгілері.
Біртуар тұлға, әлемдік деңгейде мойындалған суретші Ағымсалы Дүзелхановтың өнер жолы – ұлттық рух пен тарихи жадтың бояумен өрілген шежіресі.
Қазақстан баспаларымен 1973 жылдан бас­тап ынтымақтаса бастаған қылқалам шеберінің есімі қазақ мәдениетіне бірден танылған. Ол өз шығармашылығында кескіндеме, станоктық графика мен кітап иллюстрациясының қыр-сырын терең меңгеріп, негізінен фольклорлық-тарихи тақырыптарға ден қойған. Суретшінің полотноларынан даланың дауылды тынысы, бабалардың көз жасы мен өрлігі, аңыз бен ақиқат астасып жатады. Бүгінде оның тарихи тақырыптағы қайталанбас туындылары Қазақстан Республикасы Президентінің резиденцияларының төрінен орын алып, Астана мен Алматы қалаларының маңызды үкіметтік мекемелерін әсемдеген. Сондай-ақ шебердің еңбектері еліміздің түкпір-түкпіріндегі музейлерде және әлемнің түкпір-түкпіріндегі жеке жинақтарда қастерленіп сақталуда.
Ағымсалы Дүзелхановтың өнердегі олжасы тек ұлттық көлеммен шектелмегені белгілі. Бүкілодақтық, республикалық және халықаралық көрме-байқаулардың талай мәрте дипломанты атанған ол 2000 жылы әлемнің 100-ден астам елінен келген мықтылар бақ сынаған бәсекеде топ жарды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорк қаласында ұйымдастырған беделді «Глобал Арт-2000» халықаралық көрме-байқауында ол жер шарының үздік 33 суретшісінің қатарына еніп, қазақ өнерінің байрағын көкке көтерді.
Суретшінің ағартушылық қыры да сондай ұшан-теңіз. Ол «Атамұра» корпорациясының қабырғасында жарық көрген жаңа буын мектеп оқулықтарын көркемдеп, талай ұрпақтың эстетикалық талғамын тәрбиелеуге сүбелі үлес қосты. Болашақ жас буын мамандарға жол көрсетіп, жоғары оқу орындарының графика факультеттеріне арналған графикалық өнер техникасы бойынша құнды оқу-әдістемелік құрал жазып қалдырды.
Ағымсалы Дүзелхановтың шығармаларында өткен дәуірдің тынысы, тарихи тұлғалардың болмысы, халықтың рухани дүниесі көрініс тапты. Ол қылқалам арқылы тарихты бейнелеп қана қоймай, ұлт жадындағы тұлғалардың бейнесін кейінгі ұрпақтың санасына жақындата түсті.
Қылқаламынан шыққан туындылары шет мемлекеттердің де өнер мұражайларында да қойылған. Ал өзі талай жас суретшінің кәсіби қалыптасуына ықпал етіп, ұлттық өнердің өркендеуіне үлес қосты.
Аталмыш сұхбат негізінде жазған мақала газет бетінде жарық көрді. Оқырмандардан жылы пікірлер көп келді. Әсіресе теңге туралы жазған тұсым көпшіліктің назарын аударды.
«Сонда теңгені қазалылық суретші салған ба?» деген таңданысты пікірлерді естіген сайын марқайып жүрдім. Қазалыдан түлеген қарлығаш ел Тәуелсіздігінің маңызды нышанын жасауға қатысқанын көпшілікке жеткізу мен үшін де қуаныш еді.
Сол кезде газеттің бас редакторы Есет Табынбаев Ағымсалы Дүзелхановтың кім екенін, қандай танымал туындылардың авторы екенін айтып, өз бағасын беріп, мақала тізбесін таратуға ықпалдасты.
«Басқасын былай қойғанда, қазақтың бас суретшісі Әбілхан Қастеев тегін адамға қызын беретін бе еді?» деген лебізі мені де ойландырды. Бұл сөздің астарында Ағымсалы ағаның өнердегі орнын мойындау, оның шығармашылық болмысына құрметпен қарау жатыр еді.
Мақала жарық көрген соң облыстағы әріптестерім де сілтемесін әлеуметтік желідегі парақшаларына жариялап, бөлісті. Мұның журналистік жұмыстың нәтижесі емес, туған жерден шыққан өнер иесіне деген ортақ құрметтің көрінісі еді.
Ағымсалы Дүзелханов – есімі өнер тарихында жазылған, шығармалары әлдеқашан халыққа танылған тұлға. Менің шағын мақалам сол танымал есімнің туған жерімен байланысын тағы бір мәрте еске салуға, елге жақындай түсуіне аз да болса себепші болғандай.
Сұхбаттан кейін аға екеуіміз жиі хабарласып, хат алысып тұрдық. Оның қарапайым қарым-қатынасы, жылы сөздері көңілімді марқайтып қоятын.
Арада бір жыл өткенде туған жері Лақалыға арнайы шақырылып, құрмет көрсетілгенін естіп, қатты қуандым. Айтулы азаматтың ел-жұртымен қайта қауышуы көңілге жылылық сыйлады.
Ұзамай аудандық мәслихат депутаттарының шешімімен Ағымсалы Дүзелхановқа «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Осылайша туған жері де даңқты перзентінің еңбегін бағалап, оған деген ықыласын білдірді.
Бұл құрметтің қадірі ерекше. Өйткені атақ-даңқтың өзі адамды туған жеріне жақындата алмайды. Ал туған елдің құрметі – азаматтың жүрегіне жететін, жылдар бойы күткен ақ тілектің бір көрінісі.
2025 жылы Ағымсалы ағаның өмірден өткені туралы суық хабар жетті. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақ қылқалам өнерінің қаранары – Ағымсалы Дүзелханұлының мезгілсіз дүниеден өтуіне байланысты орны толмас қазаға ортақтасып, отбасы мен туған-туыстарына, туған халқына қайғырып көңіл айтты.
Қанша жерден өнер иесінің ғұмыры оның шығармаларымен жалғасатынын білсек те, мұндай хабарды қабылдау жерлестеріне оңайға соқпады.
Туған жеріне келуі оның мәңгілік мекеніне аттану алдындағы кең тынысындай екен. Ауданға ат басын бұрғаны туралы жаңалықты естігеніммен, бала күтімімен үйде отырғандықтан, жарқын жүздесуге бара алмағаныма өкіндім. Кейін кездесіп, батасын алып, көкейімде жүрген сұрақтарды қоюға әлі талай уақыт бар сияқты көрінгенімен, өмірдің өз жос­пары, тіршіліктің өз ағысы барын байқатты.
Енді ағаның ақ батасын естіп, жүзін көру, әңгімесін жалғастыру, туған жер туралы тағы бір сыр шерту мүмкіндігі қайтып келмейтін есіме түссе, ауыр күрсінемін. Адам кейде қадірлі жанның өмірде барында емес, одан айырылған соң бір ауыз сөзінің өзін қаншалықты бағалы екенін ұғынатыны бар.
Қазір Ағымсалы Дүзелханов секілді ұлттық өнерге еңбек сіңірген тұлғалар туралы жиі айтыла бастағаны қуантады. Өткен жылы ауданның бір оқушысы суретшінің өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми жоба жазғанын естігенде, көңілім ерекше толқыды. Бұл – өнер иесінің есімі ұрпақ санасында жаңғырып, шығармашылық мұрасының зерттеле бастағанының белгісі. Кеше ғана ауылын сағынған суретші, өнертану ісінің майталманы туралы естелік енді жас зерттеушінің еңбегіне арқау. Бәлкім, сол оқушының жұмысынан кейін тағы бір бала Ағымсалы ағаның туындыларына қызығып, қолына қылқалам алар. Тағы бірі ұлттық валютаның тарихын зерттеп, оның көркемдік келбетін жасаған суретшілер туралы ізденер.
Өнердің өлмейтіні осы. Тағы бір ғажабы автордың өзі өмірден өтсе де, туындысы сөйлеп тұрады. Салған суреті, безендірген кітабы, ұлт тарихына қалдырған көркемдік ізі кейінгі ұрпақпен бірге жасайды.
Төл теңгенің төрінде қалған тарихи тұлғалардың бейнесі де, суретшінің басқа туындылары да оның есімін ұмыттырмайды.
Ұлттың тарихын қылқаламмен сөйлеткен, теңгенің бетіне ел жадындағы тұлғаларды бедерлеген өнер иесінің өзі де енді сол тарихтың бір бөлшегіне айналды. Теңгені экономикалық құрал ретінде ғана емес, егемендіктің мәдени әрі тарихи нышаны ретінде қарастыру ісін ілгерілету – уақыт талабы. Бояудың тілімен ұлттың жанын сөйлеткен шығармашылығы – қазақ рухының мәңгілік көктемі мен тарихтың өшпес өрнегі.
Ағымсалы Дүзелханов секілді суретшілердің еңбегін еске алуға және ұлттық мұраны бағалау мәселесін көтеруге мүмкіндік береді.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
14 қараша 2026 ж. 14 0

Төл теңгені таңбалаған

14 қараша 2026 ж. 15

Ұлы тұлғаның ұлық тойы

14 қараша 2026 ж. 16

Қос ауылдағы қуаныш

14 қараша 2026 ж. 16

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30