Ауданның бас имамы он жеті ауылда болды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабының шығып, оның аудан халқына таныстырылғаны жайлы бұрын да газеттерге жариялаған болатынбыз.
Дін мен салт-дәстүрлердің ортақ игіліктерін қарапайым түрде ашып көрсететін бұл құнды оқулық жайлы телевизия мен газеттерде айтылып та, жазылып та жатыр. Республика көлеміндегі қала, аудан, ауылдық жерлерде білікті дін өкілдері ысырапшылық пен жаназа, ас мәзірі жайында уағыздарын жүргізуде.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының облыстағы өкілдігінің нұсқау, тапсырмасына, ауылдық жердегі тұрғындардың өтініштеріне сәйкес аудандық ішкі саясат бөлімі ауылдық жерлерді аралап, кездесулер өткізуге кесте жасап, бекітіп те берген.
Шариғат талабынан аспай, күнәға батпай өліге де, тіріге де, сауабы тиетіндей діни ғұрып пен салт-дәстүрге негізделген уағызын ауданның бас имамы Берік Сүлейменов аудан аумағындағы он жеті ауылда жүргізіп те үлгерді.
Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев, Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Басықара, Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр, Ғ.Мұратбаев, Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Бөзкөл, Кәукей, Ақсуат ауылдары мен Қазалы қаласындағы мәдениет үйлеріндегі бас имаммен кездесулердегі уағыздардан кейін ауыл халқы қуаныш пен қайғының бір-біріне кереғар құбылыс екеніне көздерін жеткізе түскендей болды.
Шариғатқа құлақ аспай, өлік жайғаруға мән бермей, бәсекелестік пен ысырапшылыққа ұрынып, жасанды үрдістер арқылы өлікке обал, тіріні күнәға батыратын бәтуасыз істерге жол беріліп жатқанын ел тұрғындары жеріне жеткізіліп айтылған әңгімеден кейін түсінді деп ой түйдік.
Себебі, ауылдық жерлердегі әкімшілік, мектеп, мәдениет қызметкерлері мен ардагерлерді дін өкілінің иманды жандарды елеңдетіп отырған мәселені Құран мен хадистен, салт-дәстүрден, мысалдар келтіре отырып, түсінікті де қарапайым қазақтың бай тілімен жеткізе білуі сүйсінтті.
Кездесуде ел тұрғындарының біразының «Дінімізге де, салт-дәстүрімізге де қиянат жасап мұсылманшылығымыздың, қазақылығымыздың ақ жолын аттап жүр екенбіз. Ендігі жерде аталмыш пәтуа кітапты басшылыққа алып, жергілікті мешіт имамдарымен ақылдасып, оларға қолдау көрсете отырып, өлікті жердегі рәсімдерді жасайтын боламыз», – деген сөздері ауданның бас имамының ел аралап жүргізген уағызының жемісі деуге болады.
Беганыш ЖАҚСЫБАЙ,
«Жанқожа батыр» мешітінің баспасөз хатшысы.