Жаңа жыл жақсылық әкелсін
Құрметті қазалылықтар!
Сіздерді жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Міне, тағы бір жыл тарих қойнауына еніп барады. Өткен жыл өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан ауданы үшін шын мәнінде бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен толайым табыстың кезеңі болды деп айтуға болады. Ауданда «Жұмыспен қамту – Жол картасы» бағдарламасы мен «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының арқасында өзөкті мәселелердің түйіні тарқатылып, көптеген шаруаның шешімі табылды.
Атап айтар болсақ, балабақша мен клуб салынды, Ғани Мұратбаев ауылына газ тартылды. Одан бөлек, осы бағдарлама аясында көптеген әлеуметтік нысан жөндеуден өтіп, жолдар мен тротуарлар салынды.
Бекарыстан би ауылында ауызсу сервистік желіге қосылып, мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауылдағы көшелер асфальтталып, жарықтандырылды.
Ауданның ауыл шаруашылық саласындағы қол жеткізген жетістіктері де жаман емес. 2020 жылдың қорытындысымен Қазалы ауданы облыста «Үздік аудан» атанды.
Мұнан бөлек, құрылыс, жол жөндеу, инженерлік-инфрақұрылым бағытында атқарылған жұмыстар да нәтижелі болды.
Қазалының бұл табыстарында әрқайсыңыздың жеке үлестеріңіз бар. Сондықтан баршаңызға жасампаз еңбектеріңіз бен елге деген жанашыр ниеттеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін.
Ардақты ағайын!
Жаңа жылды қашанда алдағы уақыт көшінен қуаныш, жақсылық, жағымды жаңалық күтетін, өткен өмір жолын есеп беретін, келешек бағыт-бағдар мен мақсат-міндеттерді белгілейтін Үміт, Сенім мерекесі ретінде асыға күтеміз. Өткен жылға өкпе жоқ, ал келер жылдан күтер үмiтiмiз де, тiлер тiлегiмiз де жетерлiк.
Жаңа жылда Сіздерге игілік пен ізгілік, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін.
Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры қашан да берік, туы биік болсын!
Қасиетті Қазалы елінің құты мен ырзығы арта бергей!
Жаңа жыл құтты болсын, қымбатты жерлестер!
Құрметпен
Қазалы ауданының әкімі
Мұрат ЕРГЕШБАЕВ