Ғ.Мұратбаев ауылына көгілдір отын барып, Ақсуат ауылында жаңа клуб ашылды
Жуырда Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Қазалы ауданына келіп, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Ауданда «Жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламаларының аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесін көріп, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
Аймақ басшысы Тәуелсіздік күні мерекесінде алдымен Әйтеке би кентінде құрылысы жүріп жатқан 1 қабатты 4 пәтерлі 10 несиелік тұрғын үйге ат басын бұрып, аталған нысанның құрылысымен танысты.
Мұнан соң аудандағы өндірістік аймақтарды да аралады. «АгроОптСервис» ЖШС-нің көкөніс, жеміс-жидек сақтау қоймасына барып, нысанның қызметімен танысты. Жеке кәсіпкер Бекболат Бибалаев өз қаражатына жаңа қойма салып, халықтың ең қажетті деген өнімдерін базар бағамынан 15-20 пайыз төмен бағада саудалауда. Негізінен картоп, жуа, сәбіз бен жеміс-жидектер көрші елдерден тікелей жеткізіледі. Кәсіпкер бағаны тұрақтандыру арқылы халыққа өнімді тапсырыс арқылы үйлеріне дейін жеткізу қызметін енгізген. Қойма 500 тоннаға дейін өнім сақтауға қауқарлы.
Облыс әкімі «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жақында газға қосылған Ғ.Мұратбаев ауылына да барды. Г.Әбдіқалықова көгілдір отынға қол жеткізген елді мекеннің тұрғындарымен кездесіп, қуаныштарымен құттықтады.
Айта кету керек, ауылдағы орамішілік газ құбырының 6,1 шақырым жоғары қысымды, 12,2 шақырымы төмен қысымды. Мұндағы 2 дана газ реттегіш пункті 293 тұрғын үйге газ желісін жеткізуге арналған.
Жалпы құны 243,1 млн теңге болатын жобаны «Сапақ» ӨК-і жүзеге асырған. Жылу жүйесін көгілдір отынға қосқан ауыл тұрғыны Шамшат Ербозова халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған жұмыстар үшін аймақ басшысына алғысын жеткізді.
Қазалы ауданындағы жұмыс сапарының екінші күнінде Гүлшара Әбдіқалықова Қазалы қаласында жүргізілген абаттандыру жұмыстары барысымен танысты. Ауданның 2020-2021 жылдар аралығындағы құрылыс, жол жөндеу, газдандыру және «Жасыл белдеу» жұмыстарының атқарылу барысын көрді.
Қазалы қаласында «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 8 көшеге абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жарық шамдары орнатылған. Нәтижесінде, жаяу жүргіншілер жолы салынып, 47 адам жұмыспен қамтылды. Бағдарлама аясында 4 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары өтіп, 5 адам жұмысқа орналасқан. Қала орталығындағы Ғ.Мұратбаев атындағы саябаққа да абаттандыру жұмысы жүргізіліп, 9 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туды. Мұнан бөлек Қазалы қаласындағы мәдениет үйі, қалалық емхана, №17 орта мектеп пен «Шағала» БСДО ғимараты ағымдағы жөндеуден өтіп, 24 адам жұмысқа орналасты.
Аймақ басшысы мұнан соң Бекарыстан би ауылына келді. Елді мекендегі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ү.Түктібаев көшесіне жүргізілген жол жөндеу, жарықтандыру, жаяу жүргіншілерге арналған жолды назарға алды. Сонымен қатар, ауыл тұрғыны Болат Сәдуовтың үйіне кіріп, жүргізілген су желісін көрді.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Ақсуат елді мекеніндегі жаңадан пайдалануға берілген балабақшаға да барды. «Балауса» балабақшасы 90 орынға лайықталған. Бөбекжайдың құрылысы өткен жылы басталып, ағымдағы жылы толық аяқталды.
Мұнан соң өңір басшысы Ақсуат ауылындағы жаңадан салынған клубтың салтанатты ашу рәсіміне қатысты. 150 орынға арналған мәдени орынның құрылысы 2020 жылдың мамыр айында басталған. Мердігер мекеме «Болашақ» ЖШС қос қабатты ғимараттың құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтап, ақсуаттық өнерпаздар мен тұрғындарды толғантқан мәселе шешімін тапты. Облыс әкімі елді мекен халқын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
- Соңғы уақытта Сыр елінде серпінді жұмыстар атқарылып, көптеген нысан ел игілігіне берілуде. Бұның бәріне біз тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан сіздерді ең алдымен «Тәуелсіздік күні» мерекесімен құттықтаймын. Мерейлі мереке қарсаңында Ақсуат ауылында жаңа ауылдық клуб пайдалануға берілуде. Жаңа нысан ауылдағы мәдени шаралардың ұйытқысы болып, өнерлі жастардың өрісін кеңейтеріне сенеміз. Тұрғындар осында келіп түрлі іс-шараларды тамашалайтын болады. Жаңа ауылдық клубтың ашылуымен тағы да сіздерді құттықтаймын. Ауыл өнерпаздарының еңбегі еселене берсін, - деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.
Шарада сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Рзахан аймақ басшысына алғысын жеткізіп, жаңа ауылдық клубтың жұмысына сәттілік тіледі.
"Қазалы" ақпарат