Ғасырлық тарихы бар басқарма
XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап әлемде статистика үғымы қолданысқа енген. Бір мемлекеттің жеткен жетістігін, өзіне тән ер екшеліктерін, одан қалса халық санағына дейін жүргізіп, келер ұрпаққа керек ақпараттың маңызды бөлігін жинақтаумен айналысатын осы сала өкілдері. Биыл Қазақстан мемлекетінің статистикасына – 100 жыл. 1920 жылдың 8 қарашасынан бастап атаулы күннің тарихы таңбалана бастаған. Ғасырға артқан жүгі бар аталған жүйе өкілдері сауатты сандық жылнаманы жазумен айналысатыны анық. Мереке қарсаңында Қазалы ауданының статистика басқармасына бас сұқтық.
Бізді қарсы алған басқарма басшысы Бақытжан Әлімбай жүз жылдық тарихы бар Қазақстан статистикасына қатысты қызықты ақпаратымен бөлісті. «Бұл саланың тамырын тереңнен тарқатуға болады. Себебі сонау Шу мен Талас өзендерінің аңғарында құрылған Қазақ хандығының адам саны 1459 жылы 200 мың болды деген дерек бар. Ал XVI ғасырдың аяғында бұл санның 1 миллионға дейін жеткендігі туралы статистикалық мәліметтер бар», – деп бастады ол. Шынында қазақтың білікті билеушілері халық санағын, егістік алқап пен төрт түлік малдың жайылымы туралы мәлімет жинап отыратын институт қалыптастыра білген.
Енді жүз жыл артқа шегінейік. Қазақстан жерінде тұрақты және орталықтандырылған статиситикалық қызметтің алғаш пайда болуы XVIII ғасырдың екінші жартысына жатады. Ал РСФСР құрамына кірген Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасының үкіметі 1920 жылы 8 қарашада Қазақ АССР-нің статистикалық басқармасын құру туралы қаулыны жариялайды.
Жалпы статистика қоғам мен мемлекет, халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық қызметін жүзеге асырумен айналысады. Қандай ел болса да басты міндеттерінің бірі ретінде өз аумағындағы барлық қозғалысты, өмір тіршілігін бақылап отыруды көздейді. Ол бақылау – сол мемлекет қоғамындағы барлық салаларға таралады. Статистика туралы жалпы түсінік осылай қалыптасқан.
Қазақстан мемлекеттік статистикасы өз қызметінде 1992 жылдың 15 сәуірінде Женева қаласында өткен Еуропалық экономикалық комиссияның 47-сессиясында қабылданған және БҰҰ-ның Статистикалық комиссиясы мақұлдаған негізгі принциптерін басшылыққа ала отырып, қызмет етеді.
Статистика десе көз алдымызға тізбектелген сандар сұлбасы келе қалады. Бұны сіз білмесеңіз де, сараптама жасайтын мамандар сол арқылы аудандағы халық санын, базардағы баға нарқын, кәсіпкерлік саласындағы өзгерістерді өз бақылауында ұстап отырады. Қысқаша айтқанда, жыл бойына Қазалы ауданында жасалған жұмыстардың сандық мәліметі осы статистика басқармасында сақталады. Бұл басқарманың тарихы жайында білгіңіз келе ме?
Қазіргі таңда Қазалы ауданының статистика басқармасы Қызылорда облысының Статистика департаменті, Қазақстан Республикасы Статистика комитетінің аумақтық органы ретінде қызмет етеді. Басқарма мемлекеттік органдарды, іскер топтарды, өңір қоғамын және Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы объективті статистикалық ақпараттармен қамтамасыз етумен және мемлекеттік саясатты қадағалау және бақылаумен айналысады.
Қазалы ауданының статистика басқармасының тарихы сонау 1947 жылдан бастау алады. Одан бері 1954-1959 жылдары сол кездегі аудандық есеп-қисап мекемесі статистика жүргізетін жұмыстармен айналысқан.
Ұмытпасақ, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қоғамдық жаңа құрылым басталып, аудандағы 13 совхоз, 2 колхоз тараған болатын. Олардың орнына акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік және шаруа қожалықтары қайта құрылған еді. Осы келешекке кемел қадам жасалған жылдары аудандық басқармаға Германиядан озық үлгідегі «Аскота» механикалық компьютерінен 5 дана, перфарациялық машинадан 8 дана, 18 – зоемтрон, 3 – табулятор берілді. Білікті мамандар жаңа технологияның қыр-сырын меңгеріп, қағазға хатталған жинақтарды компьютерге жүктеді. Соның нәтижесінде аудандық басқарма басшылары үш рет республика көлемінде үздік деп танылған.
1998 жылы желтоқсанда мемлекеттік статистика комитеті таратылды. 1999 жылдың қаңтар айында мемлекеттік статистикалық мәліметтерді жинап облысқа дер кезінде беру міндеті жүктелген аудандық статистикалық орталыққа айналған басқарма облыстық агенттікке қарап, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің орталығының құрамдас бөлігі ретінде қызмет ете бастады. Ол кездері жинақталған ақпарат кішкентай кітапша болып шығатын еді.
Ел ішінде аумалы-төкпелі заманда бұл саланы да тұрақсыздық тұсаулағаны шындық. Министрліктің бірі құрылып, бірі жабылып жатқан кез. 1999 жылғы орнатылған жүйемен жұмыс жасап жатқан статистика органы 2005 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сай Қазақстан Республикасы Статистика Агенттігі болып қайта құрылды.
Содан бері атауы қанша рет өзгерсе де жұмысын нақты, тиянақты атқарған аудандық басқарма ел ішіндегі қоғамдық құбылыстардың бірінен қалыс қалмай, сандарын сөйлетіп, керек деректі дер кезінде орталыққа жеткізіп отырды.
2020 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің құрамына Ұлттық статистика бюросы болып қайта құрылды.
Айтып өткеніміздей басқарма қызметкерлері мемлекеттегі айтулы шаралардың бел ортасында белсеніп жүрді.
1999 жылы 24 ақпан мен 6 наурыз аралығында бірінші ұлттық халық санағы өткізілді. Ол кезде аудандық басқармаға 300-ден астам адам қосымша тартылып, санақты өткерген. Оның қорытындысы бойынша ауданда 68900 адам тіркелген.
2005 жылы Қазақстан мемлекеттік статистикасының 85 жылдығы, 2010 жылы 90 жылдығы ел деңгейінде аталып өтті.
Осы кезеңдерде аудандық басқарма рейтингтік баға көрсеткіші бойынша алдыңғы қатардан танылды.
2006-2007 жылы ел ішінде тұңғыш рет ауыл шаруашылығы с анағы 2 кезеңге бөлініп өтті. Қорытынды мәліметі шыққаннан соң кітапша құрастырылып, тиісті органдарға таратылды. Облыстық статистика кітапшасы шығарылғанда ол жақтағы құрастырушылар қазалылық кітапты үлгі ретінде алған.
2009 жылы ақпан-наурыз айы аралығында екінші Ұлттық санақ өткізілді. Онда қалалық жерлерде 4, ауылдық жерде 3 санақ бөлімі құрылып, бұл саяси маңызы бар күрделі жұмыс ойдағыдай орындалған. Бұл санақ нәтижесі бойынша ауданда 74730 адам тіркелген. Қазіргі алдын ала алынған дерек бойынша, 1 қыркүйек 2020 жылы аудан бойынша халық саны 77654 адамға шамалас.
Статистика бөлімі халық пен үкімет алдындағы міндетін мінсіз орындап келеді. Жүз жылға татитын тарихында мекемені 1947-1954 жылдары аралығында Өтеулі Қазанғапов, 1954-1959 жылдары Жүндібай Баянбаев, 1959-1974 жылдары Орда Матаев, 1974-1983 жылдары Сахи Бекетов, 1983-1985 жылдары Жаппарберген Жалғасбаев, 1985-2011 жылдары Қоянбай Оразалыұлы сынды ел азаматтары басқарған. Қазір мұнда негізгі топта 5 қызметкер жұмыс істейді. 2011 жылдан бері статистика басқармасын Бақытжан Әлімбай басқарып отыр. Одан бөлек бас маман – Дәуірхан Тәжмағанбет пен үш жетекші маман Қасым Әлдебай, Ботагөз Ешниязова, Гүлбақыт Бақбергеновалар басқарманың ісін жүргізуде.
Технологияның дамып, барлық дүние монитор мен смартфонның экранына енгізілген заманда есеп-қисапты жинақтап отырған басқарма жұмысы онлайн түрде алынады екен. Басқарма жұмысын қарағыңыз келіп, қалауыңыз түссе stat.gov.kz сайтынан электронды түрде Қазалы ауданының статистика басқармасының есебін бақылауға мүмкіндік аласыз.
Ғасырлық тарихы бар басқарманың кешегісі мен бүгінгі тірлігі жайлы осыны айтуға болады.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ