Өткен жылы 212 жаңа жұмыс орны ашылды
Аудан экономикасын арттырудың бірден бір тірегі – кәсіпкерлік. Жыл ішінде өнеркәсіп кәсіпорындарында 11,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 5,4 пайызға артық.
Осы және өзге де Қазалы ауданының кәсіпкерлік саласындағы ауқымды жұмыстар туралы бүгін Мұрат Ергешбаев тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде баяндап берді.
- Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының бірінші 5 жылдығында 17 жоба толық іске қосылып, оларда 212 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл осы бағдарлама аясында «РЗА» АҚ-ның ірі қара өсіру кешені мен сүт зауыты 2,5 млрд. теңге құрайтын II ші кезеңін іске асыру арқылы мал басын 1200 басқа ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Кәсіпкерлікті қолдау шараларына келер болсақ, кәсіпкерлерге субсидия беру, арнайы грант арқылы қаржыландыру жалғасын тапты. 12 жоба субсидияланып, 5 кәсіпкерге 6 млн. теңге қайтарымсыз негізде грант берілді.
Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы негізінде 100-ге жуық жоба қаржыландырылды.
Нәтижесінде, жыл көлемінде шағын және орта кәсіпкерліктің белсенділігі артты. Кәсіпкерлер қатарына жаңадан 620 адам қосылды. Қазіргі таңда 4 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілерінде 9 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
Жаңа өндіріс орындарын көбейту мақсатында ашылған «Өндірістік аймақта» жалпы құны 172 млн. теңгені құрайтын жаңа8 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күнге оның 4-і іске қосылып, 36 жаңа жұмыс орны ашылды.
«Қазалы Керуен» Біріккен Кәсіпорны» ЖШС-не Әйтеке би кентінен 2,5 гектар жер учаскесі беріліп, қалааралық автовокзал құрылысы салынды. Қазір инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Нысан биыл іске қосылады.
Сонымен қатар, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік жолы бойында 5 сервистік қызмет көрсету нысандарын салу қолға алынды. «Мирас» және «Арзан сити» кешендері пайдалануға беріліп, қалған 3 жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталды, - деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, Мұрат Нәлхожаұлы осы жобалардың нәтижесінде салада өндірілген өнім көлемі 103 пайызға жеткенін, нәтиже жаман емес екендігін жеткізді.
"Бірақ, ауданда кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік бұдан да жоғары. Өйткені, өңірде түрлі жер асты кен қазбалары, ірі коорпорациялар болмаса да шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша облыста алдыңғы қатардамыз. Ең бастысы аудан тұрғындарының, әсіресе ауыл халқының кәсіпкерлікпен айналысуға ниеті бар.
Бірінші кезекте ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту жұмысын жандандырамыз. Себебі, ауданда ауылдық жерлердегі кәсіпкерліктің үлесі 22,2 пайыз ғана. Алдымен, әр ауыл бойынша сараптама жасалды. Қай ауылдың қандай кәсіп түріне икемділін анықтап, жобалар дайындалды. Оларға кететін қаржысына дейін есептеп, соған сәйкес кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі арнайы «Жол картасын» қабылдадық.
Енді, тек жұмысты ұтымды үйлестіруіміз керек. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау бар. Оның үстіне биыл облыс бойынша «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланды".