Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы аудан өмірімен танысты

Аймақ басшысы аудан өмірімен танысты

Халықпен етене жақын қарым-қатынас орнатып, олардың мұң-мұқтажы мен ұсыныс-тілектерін ескеру басшының мерейін өсіре түсетіні анық. Бұл көңілі тоқ жұртшылықтың туған жер экономикасының өркендеуі жолында аянбай еңбек етуіне жағдай жасап, Отанға деген махаббатын арттыратыны ақиқат. Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: “Әкімдерге халықпен қарым-қатынастың жаңа форматына көшуді, ашық және шұғыл әрекет етуді тапсырдым. Бұл аудандардан бас­тап облысқа дейінгі барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты. Олардың халықпен тікелей қарым-қатынаста болуы, жағдайды толыққанды білуі, мәселені жедел шешуі – басты міндет”, – деген болатын. Бейсенбі күні облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Қазалыда болып, ауданның тыныс-тіршілігімен танысты.

Жақында ғана жаңа қызметіне кіріскен өңір басшысы аудандағы жұмыс сапарын Ә.Тыныбаев атындағы Басықара су торабынан бастады. Онда ауылшаруашылығы саласының ардагерлері жиылып, жетістіктер мен толымды тірліктер туралы сөз қозғады. Бұдан кейін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев саланың даму динамикасынан ақпар берді.

– Қазіргі таңда ауылшаруашылық саласы ерекше қарқында дамып келеді. Аудандағы барлық жер көлемі 3 млн 760 мың гектарды құраса, оның 239,5 мың гектар аумағы ауыл шаруашылығына арналған. Жайылым үшін 183,3 мың гектар жер қарастырылып, тағы 7309 гектар жер шабындыққа арналған. Жыл өткен сайын мал, балық шаруашылығы, егістік көлемі артып келеді. Соған сай өнімдерді экспорттау мәселесі де жолға қойылған, – деді ол.

Оның айтуынша, 2546 тонна күріш, 851 тонна балық және 306 бас мүйізді ірі қара малы шетелдік нарыққа жөнелтілген. Сондай-ақ “Сыбаға” бағдарламасы арқылы 125 бас мүйізді ірі қара, 3145 бас қой сатып алынған. Ағымдағы жылдың алты айында сала бойынша 3,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде егін шаруашылығынан 13,5 млн теңге пайда түскен. Қалған қаржы мал шаруашылығынан өндірілген. Осылардың есебінен өңдеу кәсіпорындары үздіксіз жұмыс істеп тұр. Қазірдің өзінде 5 күріш өңдеу кәсіпорны, 1 сүт зауыты, балық өңдеу ісімен айналысатын 2, ет өнімін өңдейтін 4 кәсіпорын бар. Бұдан бөлек үш бірдей мал бордақылау алаңы іске қосылған.

Саладағы серпілістен хабардар болған өңір басшысы бұдан кейін су торабын аралады. Плотинаның техникалық жағдайымен танысып, төтенше жағдайдың алдын алу шараларын қатаң бақылауды тапсырды. Бұдан соң Қарашеңгел ауылдық округіне қарасты Жалаңтөс баһадүр ауылына барып, клубтағы ауыл кәсіпкерлерінің көрмесін көрді. Онда аудан аумағынан жиылған кәсіпкерлер өздері өндіріп шығаратын өнімдер мен құрал-жабдықтарды көптің назарына ұсынды. Мәселен ісмер Оңдашбай Өтеміс өзі тіккен ұлттық бас киімдерді әкелсе, ауданда сәнді жарнама жасаумен аты танылған Қуаныш Бекарыстанов әріп жазбаларын көрсетті. Сонымен қатар Шакарбан Тұрғанбаеваның тоқыма, көрпешелері мен картинкалары, Гүлзат Билсариеваның сәнді көйлектері, Айбике Жантөрееваның қыз жасауына арнап жасаған жабдықтары, “Тамшы су” цехы өкілінің су өнімі, Қарлығаш Романова банкіге басылған бақша, Самат Төлеудің нан, Жаңагүл Шарапаттың кондитер және Сұлтан Айтуғанның қымыз өнімдері көрменің көркін келтірді. Табиғи өнім түрлерімен танысқан Қуаныш Досмайылұлы аудан әкіміне заң аясында кәсіпкерлердің кәсібін кеңейтуге көмек көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ жергілікті жерден шығарылатын азық-түлік пен заттардың сапасы мен санын арттыру керектігін айтты.

Бұдан соң облыс әкімі “РЗА” акционерлік қоғамының ірі қара малын өсіру кешенінде болды. Ондағы шаруашылық қызметкерлеріне жасалған жағдаймен танысып, әкімшілік-тұрмыстық корпусын аралады. Сондай-ақ тауарлы сүт фермасының жұмыс барысына зер салды.

Ғ.Мұратбаев ауылына арнайы ат басын тіреген өңір басшысын тұрғындар зор ықыласпен қарсы алды. Мұратбаевтықтар атынан сөз алған ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Дәстен Ідір ауыл тірлігінен сыр шертті. Оның айтуынша, қазіргі таңда Мұратбаевта бұрын күрмеуі қиын мәселе саналған жайттардың біразы шешімін тапқан. “Үлгілі ауыл” атағын алған соң, арнайы тағайындалған сыйақыға балабақша шатыры ауыс­тырылып, ауылды абаттандыру ісі ілгері басқан. Ауылдық округ әкімі Абай Рыстығұл агроаймақ салу туралы жоспары мен ауылды көгілдір отынмен қамту жұмыстары жайына тоқталды. Толық ақпаратқа қаныққан Қуаныш Досмайылұлы әңгімені әріден бастады.
– Жас шағында жалындап өткен Ғани Мұратбаевтың атымен аталатын ауылға келгеніме қуаныштымын. Ел үшін, халық үшін аянбай еңбек еткен жалынды жас ұлт мәртебесін арттыратын талай дүние жасауға белсене атсалысқан. Мен де қаладағы Ғ.Мұратбаев мектебінен білім алдым. Арнайы Мәскеу қаласына барып, Шығыстың жарық жұлдызына тағзым етіп, гүл шоғын қою бақыты бұйырды. Ал мұндай алып тұлғаның есімі берілген ауыл қай жағынан да озық болуы керек.

Сіздер ұсынып отырған агроаймақ сияқты тың жобаларды біз әрқашан қолдауға әзірміз. Бірақ бұл жерде екі мәселе ескерілуі шарт. Біріншіден мекеме жұмысы ілгерілеп, дамуы тиіс. Екіншіден, тұрғындарды жұмыспен қамтуға күш салынғаны абзал. Жақында мемлекет басшысының қабылдауында болғанымда, әкімдерге жұмыссыздық мәселесін шешуді тапсырды. Ол үшін зауыттар, кәсіпкерлік нысандарды іске қосу керек екені белгілі. Сонымен қатар жұмыс беруші қызметкерінің зейнетақы қорына жарнапұл аударуы керек екенін ұмытпағаны жөн. Жұмыссыз азаматтарды тұрақты қызметке тартуды үйлестіру де күн тәртібіндегі мәселеге айналуы тиіс. Қазақта “Балық берме, қармақ бер” деген өнегелі тәмсіл бар. Жұмыс көрсеткішіне емес, халықтың жағдайын жақсартуға мән беруді ескеруіміз керек, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы жаңадан бой көтерген Әйтеке би ескерткіші басында болды. Онда аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ауданда құрылысы басталып кеткен жаңа ғимараттардың мән-жайымен таныс­тырды. Мекемелер үйі мен мәдениет үйі құрылысы, қала мен кент орталығында атқарылғалы жатқан толымды тірліктер мен аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдық округтермен жалғайтын жолдар­дың жөнделу барысынан хабар берді. Облыс әкімі Мұрат Нәлхожаұлына басталған істің аяқсыз қалмауын тапсырды.

Ал аудандық аурухананың тынымды тірлігімен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов таныстырды. Оның айтуынша Қазалы ауданы сала бойынша өңірде көш бастап келеді. Жақында ауруханаға әкелінген жаңа аппараттар мекеменің жұмысына жан бітірді деуге болады. Себебі осыдан кейін ауруханада кордиология бөлімі ашылып, он науқасқа төсек орын әкелінген. Сондай-ақ сырқаттардың саны кеміген басқа бөлімдердің есебінен төсек орындар қысқартылып, ондаған миллион қаражат үнемделген. Облыс әкімі аурухананың техникалық базасын көріп, науқастардың жағдайын сұрады.

Аудан тұрғындары қасиетті санап, тәу ететін киелі орындардың бірі – Жанқожа баба кесенесі екені белгілі. Арнайы іссапармен келген аймақ басшысы батыр баба рухына тағзым етіп, құран бағыштауды да ұмыт қалдырмады. Мұнда ақсақалдар атынан сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов жаңа басшының жұмысына табыс тілеп, ақ батасын берді.
Өңір басшысы бұдан кейін де аудандағы бірқатар маңызды нысандар мен ауылдық округтерде болды.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

29 шілде 2019 ж. 622 0