Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » “Қарақұм генералы” атанған

“Қарақұм генералы” атанған

(естелік-эссе)
Менің әкем Шабарбаев Қабыл 1906 жылы Қазалы жерінде Арықбалық ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, тағдырдың тауқыметін тарта жүріп ерте есейген. «Білімім үш кластық» - деуші еді. Сол біліммен-ақ Совет үкіметінің колхоздастыру саясатына белсене араласқан. Ірі денелі, ақылды, парасатты жігіт болып өскен. Колхозшыдан бастап бригадир, колхоз басқармасының төрағалығына дейін көтерілген. Коммунистік партия мүшелігіне өткен.

1942 жылы әскерге шақырылып, соғысқа аттанған. Соғысқа шығарып салып тұрған ауылдастарына: «Балам аман келсін деп тілейтін анам жоқ. Әкем аман келсін деп тілейтін балам жоқ. Аман келсем, тек сендердің тілектеріңе аман келермін, халқым»-деп аттанған екен. Ауылдастарының тілегі шығар 1945 жылдың күзінде елге аман оралыпты. Үш жерінде тиген оқтың жарақаты бар еді. Кеудесінде «Ерлігі үшін» медалі.

Соғыстан келуіне титықтаған ауыл шаруашылығы жұмысына қайтадан араласып кетті. Аманкелді, Дмитриев, Жиделі колхоздарына басқарма төрағасы, төрағаның орынбасары болды. Кейін колхоздарды совхозға айналдырған кезде «ХХІІ Партсъезд» совхозының №2 ферма басқарушысы ретінде, Қарақұмға көшті. Екі жыл өткесін Қарақұмдағы мал фермалары «Қазақстанның 40 жылдығы атындағы» совхозға өткізілді де, содан бастап осы совхоздың №2 қой фермасына басшылық жасады. Бұл жұмысты 1966 жылы зейнетке шыққанға дейін істеді.
Мал шаруашылығын дамытуға айтарлықтай еңбегін сіңірді. Аудандық, облыстық партия, атқару комитеттерінен, совхоз басшылығы тарапынан талай алғыс, бәйге, сыйлық алды. Зейнетке шыққасын да ауданның тыныс-тіршілігінен тыс қалған жоқ. Мерекелі жиындарға, жиналыстарға, кездесулерге шақырылды. “Еңбектегі ерлігі үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» мерекелік медалі берілді.

Ферма басқарушысы болып жүрген кезінде Қарақұм тұрғындарының, малшылардың, тұрмысын жақсартуға күш салды. Қақыра үйлер салдырып, шопандарды жеркепеден жердің үстіне салынған үйлерге көшірді. Шопандардың малды қауғамен суаратын бейнетінен құтқару үшін әр шопанға құдықтан су тартатын мотор құрғызуға күш салды. Малшылардың ауыр бейнетін жеңілдетуге, өмірлерін, тұрмыстарын жақсартуға, өмірге келіп жатырған жаңалықтарды қалт жібермей өз өмірлеріне, тұрмыстарына енгізуге тырысты. Батареямен сөйлейтін радиоқабылдағышты әр үйге сатып алуға ақыл беріп, «Жаңалық естисіңдер, концерт тыңдайсыңдар. Кейін бұдан да күшті радио шығады. Ол кезде үйде отырып, Алматы, Москвадағы жиналыс, концерттерді көретін боламыз»-деуші еді. «Ой Алла! Ол қалай сонда?»-деп естігендер таңданатын. Сол кездері енді шығатын теледидар туралы бір жерден оқыған болу керек, сірә. «Қой бағып жүріп ыстық шәй ішесіңдер. Қыста бойларың жылиды, жазда шөлдерің басылады»-деп дүкенші Бәкенов Сухан ағаға айтып термос алдыртып, машиналарға таратып бергізгені есімде.

Әкем көп оқитын. Кітап, газет, журнал, “Жұлдыз” журналын үнемі жаздырып алып, әр нөмірін асыға күтетін. Кітап оқығанда кітапқа құрметпен қарайтын, кітаптың бетін еш уақытта қайырып, не сызбайтын. Келген жерін тырнағымен ғана сызып, кітап бетінің арасына қағаз салып қоятын.

Қарақұмға көшкенге дейін біздің үйде радиоқабылдағыш болды. Кешкі тамақтарын ішіп болып, ауылдастар үйге жиналатын, радиодан жаңалық, басқа да хабарларды, ән-күй тыңдайтын. Болмаса әкем оқыған кітаптарын немесе қазақы әңгімелерді айтып беретін. Келушілер сілтідей тынып отырып тыңдайтын. Әңгіме аяқталмай қалса келесі күні тоқтаған жерден әрі қарай жалғастыратын.

Менің 1-4 сынып аралығындағы бала кезім. Әкемнің тыңдаушыларының бірі едім. Кейін ес біліп, түрлі кітаптар оқитын дәрежеге жеткен кезде Александр Дюманың “Граф Монте Кристо” кітабын оқыдым. Оқи келе кітаптың оқиғасымен таныса бастадым. Оқи отырып алдағы болатын оқиғаны біліп отырдым да, ойландым: «Мен бұл кітапты бұрын оқыған жоқпын, маған бұл қалай таныс?»-деп таңданып отырып, әкемнің айтқан әңгімесінен естігенім есіме түсіп, әкемнің үш кластық біліммен дүние жүзі классиктерінің шығармасын қайдан алып оқығанына таңдана отырып, риза болып, қуанғанмын.

1963 жылы “Шәкен” елді мекенінен малшылардың балалары оқитын 4 кластық бастауыш мектептің ашылуына тікелей ықпал етті. Совхоз директорына айтып, аудандық партия, атқару комитеттерін жағалап жүріп, мектеп ашылған кезде қуанышында шек болған жоқ. Сол жылдан бастап бастауыш сыныптарда оқитындар ауылда оқыды да үлкендерін қысы-жазы каникулдан қайтуларын, келулерін үлкен жауапкершілікпен қарап, қамқорлыққа алатын. Ол кезде ауданда автобус жоқтың қасы болу керек, сірә, балаларды жүк машинасына отырғызып, қыста ішікпен, көрпе, киізбен қымтап, балалардың тоңбай баруларын қатты бақылайтын. Шәкен мектебінің алғашқы ұстазы Баймаханов Құрмаш ағай оқытқан алғашқы оқушылардың алды зейнеткер, кейінгілері ел ағасы атанды.

Әкем қысы-жазы ат арқасынан түспей малшы ауылдарды аралап, солардың мұң-мұқтаждарының қамын ойластырды. Ертелі-кеш, кейде түнделетіп малшылар, басқа да адамдар келіп, шаруаларын айтып жататын. Әкем оларды тыңдап алып, бұйымдарына байланысты шешімін, ақыл-кеңесін айтатын. Сол келген кісілер мейлі ренжіп, мейлі уайыммен, мейлі ашуланып келсін, әкемнің алдынан жадырап күліп бара жататын. Кейде біреумен біреу керісіп, өкпелесіп, тіпті төбелесіп қалып та әділ қазының алдына жүгінгендей шағымдарын айтып отырушы еді.

Әкем 1967 жылы аудан орталығына қоныс аударғанда да, ауылдан келгендер үйге соғып, әкеме ауылдың әңгімелерін айтып беретін. Сондай әңгімелердің ішінде, кейде біреулердің келіспей қалып, арты төбелес болып, қаладан милиция шақыртып, арыз жазып, істің өршіп кеткен жағдайларын айтқанда, өзім жоғары оқу орнын бітірген естияр болсам да: «Ауылдың адамдары да милицияға жүгініп, арыз беріп, араздасады екен-ау» - деп таңқалатыным есімде.

Қарақұмда тұрғанда үйден қонақ арылмайтын. Қысы-жазы шаруашылыққа жіберілген өкілдер, жем-шөп тасыған жүргізушілер, қалаға бара жатқан, келе жатқан жолаушылар үшін үйдің есігі үнемі ашық, көрпесі жаюлы, шәйі қайнаулы тұғын.

Мал аралап халықтың қамымен жүрген аудан, облыс, кейде республикадан келген басшылардың, небір жақсылардың біздің үйден дәм татпағаны кемде-кем шығар. Бірде үлкен бір жалпы жиналыста облыс басшысы Ықсанов Шабарбаев Қабылдың үйіндегі тазалықты, дүкенде тұрған кәдімгі ақтық тауардан тігілген төсек жапқыш пен көрпе қабын айта келіп, “қол жететін осы жағдайды неге бәрің жасамасқа” деген екен.

Әрине, үйді таза ұстап тұту, шәйі тез қайнап, дастарқаны бастыққа да, жәй шаруаға да жайлы, тамағы пісулі тұрған, сол бір қиыншылық заманда әкемнің жанына жалау бола білген анамның еңбегі. Кеп-кешеге дейін жаздың күндері түс қайта көрші әйелдермен шарбақтың алдында әңгімелесіп отырған анама өтіп бара жатқан талай машина тоқтап, шофері қол алып, сәлем беріп: «Апа, танымадыңыз ба, Қырда талай шәйіңізді ішіп, дәміңізді татқан едім» -дейтін. Ондайда анам екі-үш күн қуанып жүретін. Сірә, қиын да қызықты өмір есіне түсетін болуы керек. Мүмкін сол кісілердің батасы тиген шығар, анам қазір 88 жаста, әлі тың, ақылды. Немере-шөберелерінің қызығына бөленіп отыр.

Қырдағы ауылдас, тұз-дәмдес болған адамдар азайды. Бірақ әкеммен қатар жүрген, жұмыстас болған, ауылдас аға-апалардың жарқын бейнелері көз алдымда. Сол кездегі Шүленбай Тоғызбаев, Бақытжан Смағұлов, Әбжәми Әлмақов, Көшербай Әбілов, Қалила Ахметов, Насырадин, Айдаралы, тағы басқа көптеген қарапайым еңбек адамдарының ынтымағы, сыйластығы, сөзге тоқтайтын мәрттігі, ауыл адамдарының зілсіз әдемі әзілдері қандай керемет. Оның бәрі сонау алыста қалған балалық шағымның ертегідегідей әдемі естелігі. Ауылдың барлық адамдары «біздің туысқандарымыз» деп ойлаушы едім. Бәрі үлкенін ата-ене, қайнаға-шешей, аға, апа, іні-қарындас, қайны-келін деуші еді. Енді қарап отырсам, әрқайсысы әр рудың адамдары екен. Сол кездегі не деген татулық, бірлік десеңші.

«Елу жылда ел жаңа» деген, сол кездегі жастар, қазіргі ақсақалдар: Жәбиев Төлеген, Байдомақов Әскер, Көбесов Саймахан, Бейсенбаев Сағындық, Мариямкүл, тағы басқалар. Олардан кейінгі балалар да білімді Шәкен мектебінен бастап, жоғарғы оқу орындарын бітіріп, әртүрлі мамандықты меңгерген азаматтар болғанына шын көңіліммен қуанамын, әрі мақтанамын.

Әкемнің достарымен, құрдастарымен татулығы, достығы өмірлерінің аяғына дейін сақталды, әлі ұрпақтарына жалғасып келе жатыр. Совхоздың №1 ферма басқарушысы Ескенебаев Аралбай әкеміз екеуі қатар жүріп еңбек етіп, өмірдің барлық қиыншылығын, қуанышын бірге көріп өтті. Осы екі кісіні аудан көлемінде «Қарақұм генералдары» дейді екен. Зейнеткерлік өмірлерінде де бір-бірімен кездеспесе тұра алмаушы еді. Күнде, күнара кездесіп, баратын жерлеріне бірге барып, әзіл-қалжыңдары жарасқан, ағайын-туысқа, орталарына сыйлы, әдемі ақсақалдар болып өмірден өтті. Аллаға тәубә, ол кісілердің ұрпақтары ата атына кір келтірмей, абыройлы азаматтар қатарына ілікті.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы жақындаған сайын әкем туралы ойлар, естеліктер көп оралатын болып жүр. Әкемнің мені тек асырап-өсіріп қана қоймай, менің бүкіл өміріме жетерлік рухани байлық, тәрбие бергенін енді білгендеймін. Әкемді айтып отырып, әкеммен замандас ұрпақтың Отан қорғауда да, бейбіт өмірде де елін, халқын, ұрпағын, болашағын сүйген адал ұрпақ болғаны тарихқа аян екенін айтқым келеді. Біздер – соғыстан кейін туған ұрпақтар, соғыс көрмесек те соғыстың зардабын, елдегі ауыртпалықты, тапшылықты көріп өстік.

Бүгінде бәрі бар. Халқымыздың тұрмысы жақсы. Ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда, кигеніміз көк, киіміміз көп дегендей, қой үстінде боз торғай жұмыртқалаған заманда өмір сүрудеміз. Арада 70 жыл өтсе де, қан майданнан қайтпай қалған ерлердің орны әлі толар емес. Жүректердегі жан жарасы әлі жазылар емес. Көзі тірі бауырлары әлі күнге соғыстан оралмаған бауырларын егіле жылап еске алуда, сол ерлердің ұрпақтары – немере-шөберелері аталарының жатқан жерлерін әлі іздеуде. Ендігі жерде осы бейбіт өмірімізге бұлт төнбей, ұрпағымыз соғыс көрмегей. Еліміздегі халықтар достығы мәңгілік болғай!-деп Алладан тілеймін.

Базаркүл ҚАБЫЛОВА,
зейнеткер ұстаз.
Әйтеке би кенті.

30 мамыр 2019 ж. 1 558 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 66

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 61

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930