Еңбек майданының ерлері де ескерілсе
Соғыс ардагерлерінің де, соғыс балалары болып саналатын тыл ардагерлерінің қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Олардың өмірдерегі туралы ондаған жылдар бойы айтылып та, жазылып та келе жатқанымен, адамзатқа түскен ортақ ауыртпалық – екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын жуық арада ұмыту мүмкін емес. Оларға арнайы мәртебелер беріліп, мемлекет деңгейінде шешімін тауып жатса да, жауынгер ақын Қасым Аманжоловтың «күркіреп күндей, өтті ғой соғыс» деп өлең жолдарында айтылғандай, күндей күркіреген зеңбіректер дауысымен бірге соғыс жылдары алыстаған сайын, соның зардабын тартып, қиыншылығын басынан өткерген аға ұрпақты әлі де мазалайтын ойлар бар екен. Бұл туралы ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп зейнетке шыққан тыл және еңбек ардагері Әбжами Жанаев ағамыз былайша сыр шертеді:
– Менің әкем Жанай Құдабаев 1900 жылы қазіргі Мұратбаев ауылы төңірегінде дүниеге келіпті. Патша үкіметінің құлауы, Кеңес үкіметінің орнауы, ақ пен қызыл айқасқан аласапыран, азамат соғысының жалыны орталықтан жырақ жатқан қазақы ауылды тікелей шарпымаса да, елге ортақ ауыртпалықтан ешкім де шет қалмаған. Одан кейін келген ТОЗ немесе колхоздастыру науқанына, іле-шала пайда болған колхоз, артель шаруашылығына Жанай әкем белсене араласқан.
Өзге ауылдастарының көбінде тігерге тұяқ қалмаған тұста әкем үш үйір жылқы, отыздай ірі қара, жүзге жуық ұсақ жандығымен сельхозға мүшелікке кіріп, соның өркендеуі жолында күш-жігерін аямай еңбек еткен. Сол жылдары аудан төңірегінде алпысқа жуық колхоз пайда болса, қазіргі Мұратбаев ауылына жақын тұста құрылған «Дихан» колхозы егін шаруашылығы жөнінен де, мал шаруашылығынан да өзгелерінен оқ бойы озық тұрған.
Ал, 1941 жылы соғыс басталғанда әкемді өзі сияқты жасы келген азаматтармен бірге Ресейдің Магнитогорск қаласындағы еңбек майданына алып кетті. Сол кездегі Магнитогорск соғыс машиналарын құрастыратын зауыттар қару-жарақ, бронь құрыштарын дайындайтын зауыт, толып жатқан майдан сұранысын қанағаттандыратын өндіріс ошақтарының орталығы болғаны белгілі.
Ал, ондағы металл балқытатын мартен пештерінің, өзге де адам төзгісіз жанкешті еңбекті қажет ететін қара жұмыс үшін жүздеген, мыңдаған қазақстандықтардың еңбек армиясы құрамында Магнитогорскіге жіберілгені тарихтан аян. Кеңес Одағына әйгілі «День Победы» әніндегі «Дни и ночи, у мартеновских печей. Не смыкала, наша Родина очей» деген өлең жолдары ондағы азапты еңбектен хабар берсе керек. Ол жердегі 12-14 сағаттық еңбекақы төленбейтін тынымсыз ауыр қара жұмыс, от жағылмайтын сызды барактардағы тақтай-төсектер, ескі-құсқы киім, жұмырыңа жұқ болмайтын өлшеулі құнарсыз тамақтан ашқұрсақ жүрген талай жан тән азабы мен жан азабының дертінен көз жұмып, сүйектері жат жерде қалса, еңбек тозағынан аман қалған бірсыпырасы құр сүлдерін сүйретіп елге жеткен. «Дихан» колхозынан Айтжан Палуанов, Жүсіп Матаев, менің әкем Жаңай Құдабаев соғыстың алғашқы жылынан осы дүрбелеңге қатысып, сұрапыл аяқталғаннан кейін бір-ақ оралды. Мұндай адамдар Қазалы ауданында жүздеп болуы мүмкін, Республика бойынша айтудың өзі артық шығар. Өкініштісі, қазір олардың атын, кімдер екендігін әскери бөлім де, үкімет те білмейді.
Әкем Жаңай 1946 жылдың соңында денсаулығынан айырылып келеді. Сонда да қарап отырмай елдегі еңбекке араласып, мал бақты, соғыстан кейінгі «Дихан» колхозының аяғынан тұруына шама-шарқынша үлесін қосты. Алайда, еңбек армиясында көрген тауқыметі арыстай азаматты ажал құрығынан құтқармады. Әкем 1947 жылдың күзінде қайтыс болды.
Кеудесін оққа тікелей тоспаса да қаншама бейнет көріп, мемлекет үшін өлшеусіз қызмет жасап, ортақ жауды ойсырата жеңу үшін де, бейбіт кезеңде де күш-қуатын аямай, денсаулығын берген, тіпті өмірін де қиған, 47 жыл ғана ғұмыр кешкен менің әкем сияқты жүздеген тағдырлардың бар екенін ешкім де жоққа шығара алмас. Елі үшін ерен еңбек сіңірсе де елеусіздеу қалған сол бір аянышты да, қиын тағдыр иелеріне «Жеңіс» саябағынан арнайы орын беріліп, белгі қойылса, есімдері тасқа қашап жазылса, мұны кейінгі ұрпақтың аталарының айта алмай кеткен аманатына адалдығы деп түсінуге болар еді.
Әбжами ақсақалдың бұл айтқандары өмірдің өзінен алынған шындық екенін қуаттайтын көзі тірі куәлардың да азайып бара жатқаны ақиқат.
Әйтсе де, уақытында ешқандай мақтау-мадақтауға, марапатқа ие болу ойларына да кіріп-шықпаған, бейнеттен, қиыншылықтан өзге ештеңе де көрмей, өмірден өткен қарапайым жандар туралы бұл естеліктен мүмкін болса қорытынды шығару бүгінгі ұрпақтың парызы мен қарызы десек, артық айтқандық болмас еді.
Аудандық «Қазалы» газеті бас редакторының орынбасары Сахи Қапар да әкесі Қапар Бахиевтың Магнитогорскідегі азапты тірліктің бел ортасында болып келгені туралы естелігін алға тартып, шындығында жүздеген қиын тағдыр иелеріне тағзым жасау қажеттігі жайлы орынды көтеріліп отырғанына қолдау білдіретіндігін жеткізді.
Аудан көлеміндегі идеологиялық ахуалға үнемі зерттеу жүргізіп, бақылап отыру міндетіне кіретін аудандық ішкі саясат бөлімінде көптеген жобалар қарастырылған. Қыруар қаржы бөлініп, мемлекеттік тапсырыс незінде жүзеге асырылатын сол жобалардың бәрі бірдей өзін-өзі ақтап жүр, өміршең жобалар десек, артықтау болар.
Қайта патриоттыққа, ерлікке, еңбекке толы өмірдеректері өскелең ұрпақ үшін үлгі болатын, ел басына күн туғанда ортақ Отанды қорғау үшін еңбек майданының көрігін қыздырып, жастық жалынын, денсаулығын, өмірін сол сынаққа арнаған жандарды насихаттауға арналған жобалар әлдеқайда тиімді болар еді.
Олар туралы деректер іздестірілсе, жинақталса, іс-шаралар өткізілсе, мүмкін болса Магнитогорск қаласына сапар ұйымдастырылса, кітап жазу қолға алынса, басқа да сауапты да, жауапты, сауатты жұмыстар іске асырылса, көп ұрпақтың көңіліндегі тоң-шемен жібіп, олқылықтың орны толар еді, нұр үстіне нұр болар еді.
Әлімжан ӘЛКЕБАЙҰЛЫ,
Әйтеке би кенті