Жас аяқдопшылар додасы басталды
Биыл аудандық әуесқойлар футбол лигасының ауқымы кеңейгені туралы жұрт жақсы біледі. Бұған дейін аяқдопшылар жалғыз бір лигада өнер көрсетсе, осы жылы тағы екеуі қосылды. Ол үлкен жастағы «+35» пен жас өскіндердің «Junior League» доп додасы. Жалаңтөс Баһадүр атындағы орталық стадионда өткен жазғы ойындардан бастау алған «Junior League» енді қысқы маусымға аяқ басып отыр.
Өткен жексенбіде спорт кешенінде алғашқы ысқырығы естілген ойындарда 2010 жылы дүниеге келген аяқдопшылардан құралған 5 команда өнер көрсетсе, 2011-2012-2013 жылғы оқушылардан 7 құрама бас қосты.
Бұл біріншіден, жергілікті жердегі әуесқойлар футбол лигасындағы «Қыс – 2022-2023» жарысы бұқаралық спорттың дамуы үшін қолға алынды десек, екіншіден, өскіндердің бос уақытын тиімді өткізу болып табылады. Жауапты істі әуелден қолға алған аудан мақтанышы, қазақ футболында ойып орын алатын спортшы – Дәуренбек Тәжімбетов.
– «Junior League» ең алғаш Қызылорда облысында ашылды. Одан соң биыл Қазалы осы қатарға қосылды. Басқа аудандарда өскіндер үшін мұндай лига қолға алынбаған. Бұл біз үшін жоғары көрсеткіш. Жазғы ойындарға Қармақшы ауданы мен көрші ауылдардан жас аяқдопшылар келген еді. Ал қыс бойы спорт кешенінде Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының өскіндері доп тебеді. Осы тұста бас демеушіміз «Ercom» сауда желісінде алғыс білдіргім келеді, – деді спортшы.
Қазіргі күні доп додасына бас-аяғы 12 команда қатысып жатыр. Барлығының мақсаты – жеңімпаз атанып, Қазақстан Чемпионаты «Junior League» додасында бақтарын сынау.
Айта кетейік, қысқы ойындар ауданда алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта жыл сайын жалғасын тауып отырады. Осы арқылы бұқаралық спортты дамытып, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, демалысты тиімді өткізуіне жағдай жасау. Одан бөлек лиганың басты мақсаты – келешек ауданның намысын айтулы додаларда қорғайтын жастардың легін арттыру.
Абзал ЖОЛТЕРЕК